«Қазіргі заманауи жағдайда музыканттың жеке брендінің дамуы» тақырыбында пленарлық сессия отырысы өтті
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлт рухы – ұрпақ мұраты» атты І республикалық мәдениет форумының аясында 27 мамыр күні музыкалық өнер бағыты бойынша «Қазіргі заманауи жағдайда музыканттың жеке брендінің дамуы» тақырыбында пленарлық сессиясының отырысы болды.
Сессияға министрліктің өкілдері мен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының, сондай-ақ, әр өңірдің өнер ұйымдарынан келген қызметкерлердің делегациясы қатысты.
Қазақстанның идеологиясы мен жаңғыруында орны айрықша саналатын өнер мен мәдениет саласының майталмандарының ерен еңбегін биік бағалап, құрметтеген Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты» деп айтқанындай пленарлық сессияның да негізгі тақырыбы осы бағытта болды.
Сессия отырысында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры – Ақан Абдуалиевтің жетекшілік етуімен, Қазақстан композиторлар одағының төрағасы – Артық Тоқсанбаев, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының директоры Данияр Құрамысов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев, ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының директоры – Таир Қаратаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрдің бас дирижері – Ерболат Ахмедьяров баяндама жасады.
Спикерлердің баяндамасынан кейін елдің әр өңірлерінен келген өнер ұйымдарының қызметкерлері пікір білдіріп, жиынның соңы сұрақ-жауап алмасуға ұласты.
Қатысушылар тарапынан қойылған өзекті сұрақтарға ҚР Мәдениет және спорт мининстрлігінің өкілдері өз құзіреті шеңберінде жауап берді.
Биыл бірінші рет өткізілген бұл жиын республиканың түкпір-түкпірінен келген делегация өкілдерінің тәжірибе алмасуына, көкейде жүрген сан сауалдарына жауап алып, өзара пікір алмасуына, түрлі талаптары мен ұсыныстарын кеңінен талқылауына мол мүмкіндік берді.