Ел іргесін сақтап қала алдық – Сәуле ДОСЖАН
Ел іргесін сақтап қала алдық – Сәуле ДОСЖАН
©inbusiness.kz
Қаралы қаңтар – Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға болды. Кеңестік кезеңнен кейінгі Тәуелсіз мемлекеттер арасындағы ең тыныш, Орта Азиядағы өркендеп келе жатқан жас мемлекет аяқастынан осындай трагедияға ұшырайды деп ешкім күтпеген еді. Күні бұрын дайындалған лаңкестер бейбіт шерумен алаңға шыққан жастарды пайдаланып, тәртіп сақшыларымен қырқыстырып, мемлекеттік төңкеріске бастап, Тәуелсіздігімізге қауіп төндірді. Ел ішін үрей биледі. Қанішерлердің қарауылына жазықсыз жастар ілініп жатты. Алматыда қанды атыс басталып, ішкі әскердің барлығы биліктің басындағы ұйымдасқан топқа қызмет етіп кетті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларынан бастап сатылды. Ғасыр жасаған ару Алматы қан құсып, отқа өртеніп, асыл ұлдары көшелерінде шайқастан құрбан болды. Маңызды нысандарға шабуыл жасалды, Алматы, Талдықорған қалаларындағы әкімдік ғимараттары, Алматы әуежайы наразы топтың қолына өтті. Осындай «топтың» қанды қырғыны салдарынан жазықсыз жандар, полиция қызметкерлері, бейбіт шеруге шыққандар құрбан болды. Мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғандардың осындай іс-әрекеті болмағанда адамдар жазықсыз жапа шекпес еді. Ел басына күн туғанда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ешқайда бас сауғаламай, мемлекет тізгінін босатпай, есі шыққан халқын сабырға шақырып, елдің барлық аумағына төтенше жағдай енгізді. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрап, Ақ Ордамыздың амандығы мен Көк Туымыздың құламауына қорған болды. Қаңтар оқиғасы әлі аяқталмай жатып-ақ Премьер-министрді ауысты. Оған жаңа міндеттер жүктеліп, Үкімет құрамы жаңарды. Осылай ел іргесін сақтап қала алдық. Даудың басы – әлеуметтік теңсіздікте болғанын мойындайық. Күллі Қазақстанның байлығы санаулы отбасылар мен туыс-туғандары және белгілі топтардың қолына қыруар қаржы жинады. Байлар шексіз байып, кедейің жалаңаштана түсті. Содан сабақ алып, әлеуметтік теңгермешілік орнауы керек. Ең бастысы – алаңға шыққан жастардың жұмыссыздық мәселесін тез түбегейлі шешетін кешенді жоспар қажет. Мемлекеттің тұрақтылығы мен елдің болашағы үшін, Мемлекеттің идеологиясы мен діни қарым-қатынастарды реттеу қажет. Радикалды діни ағымдарды зайырлы қоғамнан біржолата аластату керек. «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жатырмыз, ол жаңа ұрпақты эконокикалық, әлеуметтік мәселелерді шеше алатын, жемқорлыққа жол бермейтін мемлекет болуымыз керек екенін талап етуде. Соның алғашқы қадамы – Ата заңымызға үлкен өзгерістер енгізіп, жаңа өмір бастамақпыз. Оның бір бастамасы – референдум.

Сәуле ДОСЖАН, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері