Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген Жуалы ауданында болып, бірқатар мекеме өкілдерімен, аудандағы шаруа қожалықтары және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен, ветеринария саласының мамандарымен және ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Мейрамбек Мылтықбайұлы Конституцияға енгізілетін саяси өзгерістер туралы әңгімелеп, оның өз кезегінде халықтың тұрмыс-тіршілігіне тигізер оң әсерлері туралы ой қозғады.
– Жалпыхалықтық референдумның өтуіне ең бірінші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болғанын баса айтуға тиіспіз. Еліміз әділетті қоғам құрмай, мемлекет те тиісінше, халықтың мұң-мұқтажына уақытылы құлақ аспай, оған жақын болмайынша, біз алға басып, даму жолына түсе алмайтынымыз анық. Жалпыхалықтық референдумды өткізудегі басты мақсат осы, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.Сондай-ақ депутат зиялы қауым өкілдерімен және Қарасаз ауылы тұрғындарымен кездесті. Ол әрбір азаматты 5 маусымда дауыс беріп, Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесін қосуға шақырды. Мәжіліс депутаттары Сәлімжан Нақпаев пен Нұрлыбек Ожаев Атырау қаласының ұстаздар қауымымен кездесіп, Конституциядағы өзгерістерді жан-жақты талқылады. Депутат Сәлімжан Нақпаев алдағы саяси шараның ерекшеліктері, елде жүргізіліп жатқан саяси жаңару бағытындағы атқарылатын жұмыстар туралы айтты. Әсіресе, билік тармақтарының өкілеттіктеріне қатысты өзгерістерге орай өз пікірін білдірді. Депутат Нұрлыбек Ожаев биылғы референдум елдің саяси өмірін түбегейлі өзгертуге бағытталған батыл қадам екенін айтып, жиналғандарды референдумға белсенді қатысуға шақырды. Ұстаздар қауымы референдум демократиялық үрдістің жарқын көрсеткіші екенін айтып, маңызды саяси науқанға барынша қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. (Партияның жергілікті филиалдарының ақпараты бойынша әзірленді)