«Астана Опера» театрының режиссері Еренбақ Тойкенов Мәскеуде өткен «Нано – Опера» V халықаралық жас опера режиссерлері байқауында жүлделі екінші орынды иеленді. Жас режиссер «Опералық режиссура өнеріне жасампаз көрқарасы үшін» сыйлығына ие болған. Cондай-ақ ол көрермендердің көзайымы атанды. Еренбақ Тойкеновтің айтуынша, байқауға 200-ден астам қатысушы қатысқан. Олардың ішінен тек 10 адам ғана ақтық сынға өткен. Оның өзі де әрбір тур сайын іріктеліп отырған. Байқауға қатысқан режиссерлер өте жоғары деңгейдегі өз саласының мамандары. – Бұл конкурс уақытпен жұмыс істеуді үйретеді. Өйткені 10 минуттың ішінде 1 сахнаны қою өте қиын. Бірақ қиын нәрсені бірден жеңілдеткен фактор бар. Бұл ешқандай ақшаға сатып ала алмайтын, театрдың этикеті, атмосферасы. Байқау үш кезеңнен тұрды. Біріншісінде қатысушылар ариямен, екіншісінде дуэтпен, ал үшіншісінде көпшілік көрініспен жұмыс істеді, – дейді Еренбақ Тойкенов. Іріктеу кезеңінен өту үшін Еренбақ Тойкенов Дж. Пуччинидің «Турандот» опералық спектаклінің мазмұнын өз пайымдауымен ерекше түсіндірген. Келесі кезеңдерде Еренбаққа Дж. Россинидің «Севильдің шаштараз» операсының Фигароның каватинасын, екінші кезеңде Ж.Бизенің «Кармен» операсынан Хозе мен Эскамильоның дуэтін, үшінші кезеңде көрнекті француз композиторының жауһарынан хор мен секстет орындауда шеберлік танытқан. Аталған байқау «Россия-К» телеарнасында тікелей эфирде көрерменге ұсынылды.
Фатима МЫРЗАБЕК, ЕҰУ-дың 2-курс студенті