Абайдың 160 өлеңін жатқа біледі
Абайдың 160 өлеңін жатқа біледі
Ел ішінде дарынды балалар көп. Өнердің сан түрін шебер игерген балалардың қарым-қабілетіне таңғаласың. Солардың бірі Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы – Камила Сашкақызы. Камила ұлы Абайдың 160 өлеңін жатқа біледі. Қазақтың бас ақынын өзінің пірі санаған қыз болашақта тіл маманы атанып, қаламды серік етуге ниетті. «Мен 3-сыныптан бастап Абай оқуларына қатыса бастадым. Ол кезде ұлы ақынның тек 45 өлеңін ғана білетінмін. Біраз өлеңін жатта­ғаннан кейін одан әрі жаттауға ықы­ласым арта берді. Өзіме Абайдың барлық шығармасын, поэмалары мен барлық 45 қара сөзін жаттауға серт еттім. Болашақта қаламымды ұштап, жур­налистика саласында еліме қызмет еткім келеді», – дейді Камила. Жас та болса, Абай оқуларынан және басқа да байқаулардан бірнеше рет қалалық, облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрінген. Сон­дай-ақ қашықтан өткен байқауда да жүлделі орын иеленген. Абай тағылымын бала шағынан бойына сіңірген жас дарынның бола­шағы мол үміт күттіреді.

Ақмола облысы