Ел ішінде дарынды балалар көп. Өнердің сан түрін шебер игерген балалардың қарым-қабілетіне таңғаласың. Солардың бірі Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы – Камила Сашкақызы. Камила ұлы Абайдың 160 өлеңін жатқа біледі. Қазақтың бас ақынын өзінің пірі санаған қыз болашақта тіл маманы атанып, қаламды серік етуге ниетті. «Мен 3-сыныптан бастап Абай оқуларына қатыса бастадым. Ол кезде ұлы ақынның тек 45 өлеңін ғана білетінмін. Біраз өлеңін жаттағаннан кейін одан әрі жаттауға ықыласым арта берді. Өзіме Абайдың барлық шығармасын, поэмалары мен барлық 45 қара сөзін жаттауға серт еттім. Болашақта қаламымды ұштап, журналистика саласында еліме қызмет еткім келеді», – дейді Камила. Жас та болса, Абай оқуларынан және басқа да байқаулардан бірнеше рет қалалық, облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрінген. Сондай-ақ қашықтан өткен байқауда да жүлделі орын иеленген. Абай тағылымын бала шағынан бойына сіңірген жас дарынның болашағы мол үміт күттіреді.
Ақмола облысы