Достықта жоқ шекара
Достықта жоқ шекара
357
оқылды
Ғабит Мүсірепов достық сапа­рымен әлемнің көптеген елін ара­лаған. Ғабең болған жерлерінде біз­дің елімізде не жоқ, өзге халықта не бар, соны барлап, қаламгер кө­зімен қарап, сараптап, барған ел­дері туралы тамаша дүниелерді әкел­ді. Шетелдерге жасаған сая­ха­тының нәтижесінде туған әңгіме­лері, аудармалары, жолжазбалары, ынтымақтастық, достық хақында сөйлеген сөздері жайлы өзінің «Дос­тық сапары» атты кітабында ке­ңірек баяндаған. Мәселен, «Жа­пон әсерлері», «Жапон балладасы», «Кездесулер», «Бүкілафрикалық мә­дениет фестивалі», «Каирдегі маңызды кездесу», «Әдебиетіміздің ізгі дәстүрі», «Азия-Африка жазу­шы­ларының қозғалысы жаңа белесте», «Ұлт әдебиетінің ынтымағы – ұлы күш» (Азия және Африка жазушы­ла­рының Делидегі 4-ші конферен­ция­сының дәстүр мен жаңашылдық мә­селелерін талқылаған комис­сия­сында сөйлеген сөзі), т.б. Қаламгер 1965 жылы арнайы сапармен Жапония еліне, Токиоға барады. Жапон тобының жетек­шісі, үлкен романист-жазушы Та­цудзо Исикаваға барып жолы­ғады. Сол сапарында жазушы 1945 жылы Америка Құрама Штаттары тарапынан Жапонияның екі ірі қаласы Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбасының адам айтқысыз зардаптарының күні бүгінге дейін жалғасып келе жат­қанына куә болады. Соның әсе­рінен суреткер қаламынан «Жа­пон балладасы» атты атақты шы­ғармасы дүниеге келеді. «Ар­қаның әңгімесі», «Көздің әңгі­ме­сі», «Тастың әңгімесі» деп ата­ла­тын әңгіме-новеллалары арқылы XX ғасырдың ең сұмдық, ең ала­пат атом апатын әшкерелеп, бұл соғыстың жапон еліне әкелген қа­сіреті туралы ашына жазады. Осы шығармасы арқылы жер бе­тін­дегі бейбітшілікті қорғаудан асқан құндылық жоқ екендігін аң­­ғартады. Осындай адам айтқы­сыз қасірет Қазақстан халқының да басынан өтті. 1949–1989 жыл­дары, яғни 40 жыл бойына Семей өңірінде КСРО тарапынан жерас­ты, жерүсті атом жарылыстары жасалып, үлкен бір аумақ сынақ алаңына айналғанын тарихтан білеміз. Осы жылдар ішінде қан­шама халық, қаншама ұрпақ, қан­шама мал-жан, қаншама таби­ғат, қаншама тіршілік зардап шек­ті! Бұл атом полигоны жа­был­ғанымен, залалын халық әлі шегіп келеді. Ғ.Мүсірепов «Жапон бал­ладасын» жазған кезде жүрек түкпірінде «Семей қасіреті» жат­қаны күмәнсіз. Ол заманда оны ашық айтуға болмайтын еді. Су­реткер соны астарлап, тұспалдап жеткізіп отырғанын зерделі оқыр­ман түйсінері сөзсіз. Ғ.Мүсірепов 1968 жылы жа­пон жазушысы, профессор Тоцуо Куродо-санға «Жапон балладасы» әңгімесінің жазылу тарихын баян­дап хат жазған. Хат орыс ті­лінде. Онда жапон жазушы­ла­рының, ғалымдарының, қоғам қайраткерлерінің арасында дос­тарының көп екендігін және жа­пон халқына деген достық сезімін жеткізу, олардың рухани күшін, ерік-жігерін көрсету мақсатында үш шағын әңгіме жазғанын ай­тады. Туындысының «Қазақ әде­биеті» газетінде, Мәс­кеуден шы­ғатын «Литературная газетаның» беттерінде жарық көргенін, жа­пондық жазушы дос­тарының на­зарын аудартқысы келетінін баяндаған. Ғ.Мүсірепов – Азия мен Афри­ка елдері жазушыларының әде­би байланыстарын нығайтуға және кеңейтуге, отандық әдебие­тімізді насихаттауға көп еңбек сіңірген үлкен қоғам қайраткері. Әлемнің көптеген елдерінде Азия және Африка жазушыларының Ташкент, Бейрут, Дели, Алматы конференцияларын белсенді түрде ұйымдастырушы болды. Бейбітшілік күрескері ретінде Алматы және Мәскеуде ғана емес, Париж, Рим, Джакарта, Токио, Каир, т.б. қалаларда өткен ха­лық­аралық конференцияларда сөз сөйлеп, көкейкесті мәселелерді көтерді. Ғ.Мүсірепов 1960 жыл­дар­дан – «Европа мәдениеті» қо­ға­мының мүшесі және Азия-Африка жазушыларымен бай­ланыс жөніндегі кеңестік комитет төрағасының орынбасары болды. Қаламгер өзінің «Уақыт және әдебиет» (1982) атты зерттеу ең­бегінде де шетелдік сапарлары жөнінде жазған: «…Италияда үш рет болдым: көктемде, жазда және қыста», «Алжирде мені қазақ ин­женерлері іздеп келді. …Шетелде біздің газет-журналдарымыздың қалай тарайтынын білмейді екен­мін. Алжирде «Қазақ әдебиеті» газетін жаздырып алады екен». «Мен әлемнің көптеген елдерінде болдым. Бірақ солардың бірде бі­рінде ең алғашқы қадамымды басқан туған жердегі дала жол­дарындағыдай жүректі ауыртатын, тебірентетін сезімді бастан кеш­пе­дім», – деп жан сырын да ақтарады. Ғабеңдей ұлы дарынның әлем­нің ірі қалаларына сапарынан көптеген ақын-жазушы, қоғам қай­раткерлерімен танысып, та­бысып, араластығы үлкен достық­қа айналған. Қазақта «Достықта жоқ шекара» деп бекер айтпаға­ны­на көзіңіз тағы бір мәрте же­теді. Қаламгердің достық сапары­нан туған шығармалары әде­бие­тіміз тарихында мәңгі жасай берері хақ!

Назгүл АЛТАЕВА, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің бөлім меңгерушісі, Алматы қаласы