Бір түнде 10 мас жүргізуші ұсталды
Бір түнде 10 мас жүргізуші ұсталды
333
оқылды
Ішімдік ішіп, заң бұзатындарға, оның ішінде көлік айдайтындарға қатаң жаза қарастырылған. Дегенмен біле тұра алкоголь тұтынып темір тұлпар тізгіндейтіндердің саны азаймай тұр. Қарағандыда бір түн ішінде мас күйде көлік тізгіндеген 10 адамның ұсталуы соның айғағы. Көлікті ішімдік ішіп немесе есірткі қолданып, мас күйде жүргізуге болмайды деген ескерт­пелерге қарамастан тұрғындар құқықбұзушылық іс-әрекеттер жа­сау­ды жалғастыруда. «Қараған­ды­да бір түн ішінде 10 мас жүргізуші анықталды. Мас күйінде авто­көлік­тің рөліне ерлер де, әйелдер де отырады. Мас жүргізуші – жол қозғалысының барлық қатысу­шылары үшін қауіптің жоғары көзі», - деп жазады Polisia.kz. Бұл жағдайда жүргізуші реак­ция жылдамдығын жоғалтады, жағдайды дұрыс қабылдай ал­майды. 20-21 мамырға қараған түні Қарағанды қаласы бойынша патрульдік полиция қызмет­керлері 10 автокөлік жүргізушісін тоқтатып, жауапкершілікке тартты. Оның ішінде ҚР Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша алты жүргізуші, қалған 4-еуі дәл осы кодекстің 613-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік материалды толтыру кезінде жүргізушілер медицина­лық куәландырудан өтеді. Дәрігерлердің қорытындылары да іске қосылады. Көптеген адам тексеруден бас тартып, жазадан құтылуы мүмкін деп қателеседі. Әкімшілік заңнамада бұл факті белгіленген. ҚР ӘҚБтК (Ішкі істер (полиция) органдары қыз­мет­керінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау) 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алуды және сегіз жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруды көздейді. Он жүргізушінің үшеуінің көлік жүргізу куәлігі болмаған. Мәселен, 21 мамырда Май­құдық­та мотоцикл тоқтатылды. 18 жас­тағы қала тұрғыны полицейлермен дулығасын шешпей сөйлескен. Деректер базасын тексеру кезінде оның көлік құралының кез келген түрін жүргізуге құқығы жоқ екендігі анықталды. Өткізілген куәландыру алкогольдік масаң­дық­ты көрсетті. Барлық анық­талған құқықбұзушылықтар бойынша түпкілікті іс жүргізу шешімін сот қабылдайды. Ал 22 мамырда үш мас жүр­гізуші тәртіп сақшыларының қолына түсті. Теміртау қалалық Ескіқала полиция бөлімшесіне көлік жүргізушісі бағанға соғыл­ғаны туралы хабар түседі. Тәртіп сақшылары куәгерлерден жауап алып, оқиғаны тіркейді. Дәрігер­лер жүргізуші мен жолаушысына алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізеді. Сынама 29 жастағы жүргізушінің бойында алкоголь барын анықтаған. Келесі күні Саран қаласы пат­руль­дік полициясы Ақтас ауылына кіреберісте автокөлік тоқтатады. Көлікті жүргізіп келе жатқан жігітті сақшылар бірден таниды. Өйткені 39 жасар жүргізуші өткен жылдың қараша айында мас күйінде көлікті тізгіндегені үшін ұсталып, көлік жүргізу құқығынан айырылған екен. Сол күні Теміртау қаласында автокөлікті тоқтатқан патрульдік полиция жүргізушінің ішімдік ішкенін анықтаған.

Қарағанды облысы