Жарылыста кітапхананы жалғыз күзеткен жан
Жарылыста кітапхананы жалғыз күзеткен жан
300
оқылды
Жасаған жақсылығын, қоғамға тигізген пай­дасын, адам өмірін сақтап қалғанын еш уақытта міндетсінбейтін адамдар болады. Ол оны күнделікті қарапайым дүние, менің ор­ным­да кез келген адам солай істер еді деп қа­былдайды. Ал кейбіреулер аз ғана жақсы­лықты жарияға жар салып, содан ұпай жина­ғысы келеді. Біздің кейіпкеріміз – Арыста болған жа­рылыста өзі жұмыс істейтін кітапхананы қа­уіптен қорғап қалған қарауыл Сапарғали Нәби. Алайда ол өзінің бұл әрекетін ерлік деп санамайды. Естеріңізде болса, 2019 жылы мау­сымның 24-іне Шымкенттен ша­мамен жүз шақырым жерде орна­ласқан 44 мың халқы бар Арыс қа­ласының әс­кери қоймасында жа­рылыс болды. Қару-жарақ қойма­сының бірінде оқ-дәрілер жарылып, арты өртке ұласты. Таңғы 9 сағат 20 минутта болған оқиғадан 44 мың халық басы ауған жаққа босып кетті. Қалада жан баласы қалған жоқ. Ал Сапарғали Мыл­тық­байұлы болса өзі жұмыс істейтін 90 жылдық тарихы бар Арыс қаласының орталық­тан­дырылған кітапханасында кешке дейін жалғыз отырған. Құнды дүниесі бар мәдениет ошағы жарылыс кезінде қысымнан атылып кетпесін деп есік-терезені ашып, күзеткен. Екінің бірінің батылы бармайтын батырлықты жасап отырса да, ке­йіпкерімізді бұл туралы айтуға әрең көндірдік. «Оны ерлік деп ойламай­мын, батырлық дегеніміз – соғыста қолына қару алып, майданға барған­дарды айтады, жазудың керегі жоқ. Мен өз тірлігімді істедім» деп азар да безер болды. «Сол күні кітапханадағы күзет­шілік жұмысыма кешке түсуім керек еді. Таңертең үйден шаруалармен көшеге шығып едім, көлігім бұзылып, соның жанында тұрғанымда әскери бөлім жақтан қатты жарылыс болып, өрт басталды. Қала көк түтінге оранды. Шулаған ел, жылаған бала, оқыс жағдайдан шошынған жұрт ілінген көлікке мініп қашып бара жатты. Мен балабақшадағы қызымды көрейін деп, сол жаққа асықтым. Барсам, балалар­ды көлікке мінгізіп алып кетіпті. Бо­йымда жоғалтып аламын деген қор­қыныш болған жоқ. Себебі тәрбие­ші­лер балаға жауапкершілікпен қарайды ғой. Бір жерге жинайтын шығар дедім де, үйге келдім. Келіншегім балаларды алып, көршінің көлігімен Байыр­құм­дағы туыстарымыздың үйіне кетіп бара жатырмыз деп хабарласқан бо­латын. Мен оларды шығарып салып, өзім велосипедімді мініп, жұмыс ор­ныма алаңдап, сонда кеттім», – дейді ол бізбен әңгімесінде. Сапарғали Нәби келгенде кітап­ханада ешкім болмаған. Қызметкерлер есіктерді үлгергенінше жауып кетіп қалыпты. «Білмеймін, қорқыныш бол­ған жоқ, жарылыс салдарынан өрт болса, сонша құнды дүние кетеді ғой деген оймен асығыс шешім қабыл­дадым. Есіктерді, барлық терезені ашып, өрт болса, әрекетімді жасармын деп іште отыра бердім. Толқын бола қалған жағдайда ашық терезеден шығып кетер деген үміт болды. Айнала қайта-қайта тарс-тұрс болып жатты. Тіпті, біздің ғимарат маңына да бір жарылғыш зат түскендей дүрс ете қалды. Азанда басталған дүмпу көпке дейін созылды. Кешірек сағат 6-лар шамасында әбден басылған соң, сыртқы есікті құлыптап, балабақша­дағы қызымды іздеу үшін Шымкент жаққа кеттім», – дейді ол. 6 баланың әкесі балабақшадан кеткен 3 жасар қызын жоғалып ке­те­ді деп мүлдем қауіптенбепті. Ба­лабақ­ша қызметкерлері қалай бол­масын оларды бір жерге жайғасты­рып, ас-суын беретініне сенімді бол­ған. Алай­да, жұбайы мен туыстары шарқ-ұрып іздеп жатқан соң ол да шығыпты. Қы­зы көп кешікпей, Шым­кент қала­сын­дағы мектептердің бірі­нен табылған. Кітапхана меңгерушісі Айдын Молдашева 18 мың кітап қоры бар орталықтандырылған кітапхананы көздің қарашығындай қорғаған Са­парғали Мылтықбайұлына ерекше алғыс білдіріп отыр. «Таңертең жа­рылыс басталғанда келіп, кезекшілігін тастамай, айналадағы дүмпулер ба­сылғанша осында отырып, кітапха­наны күзеткен. Есік-терезені ашып отырғанының арқасында мұнда еш­қандай зақым келмеген. Егер есік-терезе ашылмағанда іштегі қысыммен ғимарат жарылар ма еді?! Кітапхана киелі орын дейміз ғой. Тұп-тура кі­тапхананың артына үлкен снаряд түсіп, жарылмай қалған. Біз өзінің от­басына да қарамай, кітапхана мүд­десін жоғары қойып, жұмысына адалдық танытқан Сапарғали ағаға ризамыз», – дейді меңгеруші. Сапарғали Нәби осы ерлігі үшін Мәдениет министрлігінен Алғысхат алған. Жалпы, мұны күнделікті жұ­мысы сияқты қабылдап отырған жігіт ағасы марапатқа аса құштар болма­ғанын айтады. «Елдің бәрі қашып бара жат­қанда, сіз жалғыз қалай өміріңізді қа­уіп­ке тіктіңіз?» деген сұрағымызға: «Ажа­лың жетсе, қанша қашсаң да құ­тыл­майсың ғой», – деп сабырлы ғана жауап берді. Біз өмірдің осындай жан­дар­мен керемет екенін ұғынып қайттық...

Түркістан облысы