Мемлекеттік сатып алу «майшелпек» емес
Мемлекеттік сатып алу «майшелпек» емес
282
оқылды
«Жемқорлық – індет, жою – міндет» деген ұранды ­бү­­гін­­де ұғынбайтындар көбейген секілді. Олай дейтіні­міз – «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтуға құлықтылардың қарасы артуда. Оны біз айтпасақ та, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тексерісі талай нәр­сені әшкере қылуда. Аталған мекеменің зерделеуіне зер салсақ, өткен жылы Жамбыл облысында жаға ұстар талай жайттар болыпты. Ақпарақтағы ақпаратты емес, нақты фактіні сөйлетсек, былтыр облыста мемлекеттік сатып алу ке­зінде бағаны негізсіз жоғары қою деректеріне сан мәрте жол беріл­ген. Мәселен, Жамбыл об­лы­сы әкім­дігі сәулет және қала құры­лы­сы бас­қар­масының ­«Сәу­леттік бю­ро» ме­кемесі үш ком­пьютер са­­тып алу­ға бақандай 4 344 000 теңге қойған. Яғни, атал­ған мекеме бір компью­тердің бағасын 1 448 000 тең­геге ба­­ға­лаған. Қандай логикаға салса­ңыз да, 1 компьютердің құны 1,5 мил­лион теңге тұрмайтыны белгілі. Мұны Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жам­был облысы бойынша де­партаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев та растап отыр. – Тексеріс қорытындысын кө­ріп, біз де таңғалдық. Кеңселік 1 ком­пьютер 1,5 миллион теңге тұ­руы мүмкін емес. Бұл фактіні зер­делеу барысында сауда орын­дарындағы ең қымбат компьютер 700-800 мың теңгеге бағалана­ты­ны анықталды. Біз барлық мәсе­леге толыққанды көз жеткізу үшін ең заманауи бағдарламаны көтере алатын компьютердің де бағасын сұрадық. Алайда бірде-бір ком­пьютер құны 1,5 миллион теңге тұрмайтын болып шықты. Дәл сондай облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына қарасты №9 қалалық емхана да былтыр «ЛАДА ВЭСТА» маркалы қызметтік автокөлігін алу үшін мемлекеттік сатып алуға 5 090 000 теңге қойған. Тексеріс барысын­­да аталған маркалы көліктің құны 4 320 000 теңге тұратыны белгілі болды. Бұған біз аталған автокө­лікті сатылымға шығарған ком­панияның «ladaauto.kz.» ресми сайтынан да көз жеткіздік. Демек, темір тұлпардың бағасы өз құ­нынан 770 мың теңгеге өсіп, мем­ле­кеттік сатып алу порталына қойылған. Тағы бір факт – Жуалы ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлі­міне қатысты тіркелді. Аталған бөлім «ЛАДА Х РЭЙ» маркалы ав­токө­лікті сатып алуға 5 100 000 теңгеге мемлекеттік тапсырыс бер­ген. Алайда аталған көліктің ба­ғасы нарықта 4 360 000 теңге тұ­рады. Дәл осындай қызметтік кө­лік­ті көк тіреген бағамен сатып алу жайттары облыс әкімдігі та­би­ғи ресурстар және табиғатты пай­далануды реттеу басқарма­сы­ның Байзақ аудандық орман және жануарлар әлемін қорғау меке­месінде, Талас аудандық орталық ауруханасында, Жамбыл ауданы әкімдігінің білім бөлімінде және облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде тірке­ліп отыр. Бұл деректердің барлы­ғында сы­байлас жемқорлық сипа­тын­дағы заң бұзушылықтар бар, – дейді Равиль Қуанышбайұлы.
Құзырлы сала маманы құрық­қа іліккен осындай фактілердің бетін ашты. Бұл аз десеңіз, мек­тептерде де мемлекеттік сатып алуды «май­шелпекке» айнал­дыр­ған жайттар кездескен екен. Мә­селен, Қордай ауданындағы М.Төлебаев атын­да­ғы өнер мек­тебі пианино сатып алуға 1 120 000 тең­геге лот жа­рия­лаған. Алайда жүргізілген зерделеу қоры­тын­ды­сы аталған қондыр­ғы­ны са­тып алу үшін баға 500-700 мың тең­­геге қымбат қойылғанын анық­тап отыр. Дәл сондай Тараз қала­сын­дағы Абай атындағы Жам­был гу­манитарлық колледжі де 18 баян сатып алу үшін 14 848 828 тең­геге мемлекеттік тапсырыс бер­ген. Оның ішінде 6 072 000 тең­ге екі да­­уыс­ты қарапайым оқы­ту құрыл­ғы­сын сатып алуға қой­ған. Тексе­ріс ба­рысында әр ас­паптың баға­сы – 200 мың тең­геге, ал жал­пы 18 баян алуға 2 мил­лион теңге артық төлен­гені анық­талған. Бір сөзбен айтқан­да, тапсырыс беруші аспап­тардың на­рықтағы бағасы­нан екі есе қымбатқа мемлекеттік тапсы­рыс жариялаған.
Меркі ауданының білім бөлімі болса, газбен жылытатын қазан­дық орнату үшін 2 200 000 теңгеге мем­лекеттік тапсырыс берген. Алайда тексеріс барысында атал­ған қазан­дықты орнату құны 1 000 000 теңге тұратыны белгілі болған. Осылайша, Меркі ауда­ны­­ның білім бөлімі 1 200 000 тең­гені мақсатсыз жұмсаған. Мемлекеттік сатып алу кезін­де бағаның негізсіз жоғары қою фак­тілері Жамбыл облысында тек мұ­нымен шектелмейді. Агенттік бас-аяғы 600-ге жуық заңбұзу­шылықты анықтаған. Бұл өткен жылдың өлшемімен «іс бітіп, қу кеткеннен» кейін құзырлы ор­ган­дар ешкімді жауапкершілікке тарта алмай отыр. Алайда Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жам­был облысы бо­йынша департаменті басшы­сының бірінші орынбасары Ра­виль Тө­лебаевтың айтуынша, аталған фак­тілердің барлығында сыбайлас жемқорлықтың көрінісі бар кө­рінеді. Сондықтан биыл депар­та­мент мемлекеттік сатып алу меха­низмін жіті бақылауға алып, жаза басқандарды қатаң жаза­лаймыз деп отыр. «Болары болып, бояуы сіңген­нен» кейін дабыл қаққаннан не пайда? «Биыл енді бүйтеміз» деп жоспар түзгенімізбен, бұған дейін талан-таражға түскен қазына қаржысын енді кім кері қайтар­мақ? Ең қызығы, құны екі есе­леніп қойылған миллиондаған теңге кімнің қалтасына түсті? Агенттік мамандары не себепті осы мәселені бүге-шүгесіне дейін тексермеді? Мұны Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов көңіл бөліп, жеке бақылауына алғаны абзал. Әйтпесе, күні ертең «жү­ген­сіз» кеткен басқармалар мен басқа арнадағы мекемелер мем­лекеттік сатып алуды «май­шел­пекке» айналдырып, бұдан да сой­қанын шығаруы бек мүмкін.    width=Саятхан САТЫЛҒАНОВ Жамбыл облысы