"Үйді елес кезіп жүр": Шымкентте әбден тозығы жеткен үйдің тұрғындары әкімдіктен көмек сұрады
"Үйді елес кезіп жүр": Шымкентте әбден тозығы жеткен үйдің тұрғындары әкімдіктен көмек сұрады
© otyrar.kz
461
оқылды
Шымкенттіктер 1 мамыр көшесінде орналасқан 27-үйдің әбден тозығы жеткенін айтып, өз өтінішін жеткізді. Тұрғындар оның жағдайына биліктің назар аудармай отырғанына қынжылып, үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы талап-тілегін айтты, – деп хабарлады Otyrar телеарнасы Бұл үйдің кіреберісін жергілікті тұрғындар "Өткен шаққа апарар есік" деп атайды. Өйткені тұрғын үйдің әбден тозығы жеткен. Тұрғындардың сөзінше, үй сапалы тұрғызылғанымен, уақыт өте келе оның тоз-тозы шығып, ескірген.
"Бұл үйде көп жылдан бері тұрып келеміз. Әжетханаға кіріп көрсеңіз, шошисыз. Әкімдікке қанша рет өтініш жасадық, біз олардан тұрғын үйді жаңалау бағдарламасы бойынша жөндеу жұмысын жасап беруді өтінген едік. Қазір қорқынышты кинодағыдай өмір сүріп жатырмыз. Сенбесеңіз, кіріп көріңіз", – дейді осы үйдің тұрғындары бірауыздан.
– Олар үйдегі көріністі иен қалған қалалардың күйімен салыстырады. Ғимараттың қабырғалары мен шатырының тоз-тозы шыққан, қабырғада Кеңес кезінде салынған суреттердің жұрнағы әлі бар, төбесінің де сау-тамтығы жоқ, – дейді олар. Негізі,  бұл бұрын жатақхана ғимараты болған, бүгінде ғимараттың бөлмелері жалға беріліп келеді. Бір бөлмені жалдау құны 20 мың теңгеден аспайды. Телеарна дерегінше, мұндай баға бүкіл қалада жоқ.
"Мен осы үйде бұрыннан бері тұрамын. Бұрын бұл өте әдемі үй болатын, бәрі осы жатақханада тұруды армандайтын. Ал қазіргі жағдайын көрсеңіз, көңілге қаяу түсіреді. Біз әкімдікке барғанда, көмектесетінін айтқан. Басқа амал бар ма? Сіздерден де көмек сұраймыз", – дейді тұрғын.
Ел арасында тараған бұл үйді "елес кезіп жүр"  деген әңгіме де ғимараттың әбден ескіріп кеткеніне байланысты пайда болған. Айта кету керек, үйдің едені өз қалпын сақтаған, кафельден жасалған. Ал баспалдақтары әлі де 100 жылдай тұратынына кепіл бар. Тұрғындар бұл үйдің тек қабырғасы мен шатырын жөндеу керек дегенді алға тартады. Шымкент қаласы әкімдігі 1 мамыр көшесіндегі 27-үй алдағы уақытта сүрілетін тұрғын үй қатарында екенін мәлім етті. Алайда жергілікті билік оны қай уақытқа жоспарлағанын айтпаған.