Ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктерін талқылады
Ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктерін талқылады
121
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының ар­наулы өкілі және Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысы Дебора Лайонсты қабыл­дады. Кездесуде Ауғанстандағы дағдарысты тұрақтандыру, гуманитарлық көмек көрсе­ту және әлеуметтік-экономикалық жағдай­ды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігер аясында Қазақ­стан мен БҰҰ ара­сындағы ынтымақ­тастықты дамытудың перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстанның терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету, ауған студенттері үшін білім беру бағдарламаларын жалғастыру салалары бойынша халықаралық қоғамдастықпен жан-жақты ынтымақтастықты жалғас­тыруға бейілді екенін растады. Дебора Лайонс Мемлекет басшысына Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның Ауғанстан жөніндегі арнаулы өкілдерінің кеше Алматыда өткен екінші кездесуінің қорытындысы, сондай-ақ UNAMA кең­сесінің Ауғанстанды қалпына келтіру үшін қабылдаған шаралары жөнінде мәлімет берді. БҰҰ жоғары лауазымды өкілі осы ұйымның Ауғанстандағы миссиясының қызметіне қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Қол жеткізілген келісімдерге сәйкес UNAMA-ның уақытша қашықтағы кеңсесі Алматыда орналасатын болды. Жуық арада Қазақстандағы аталған миссияның мәртебесі туралы келісімге қол қойылады.