Президент Жолдауынан туындаған Конституциялық реформалар – шын мәнінде өте қомақты реформа. Егер Ата Заңымызға толықтырулар мен өзгерістер енгізілетін болса, халқымыздың хал-ахуалын, әл-ауқатын және басқа да жағдайын, мәселен саяси, экономикалық, қоғамдық, әлеуметтік жағдайының барлығын ары қарай шешуге жол ашатын болады. Атап айтқанда, суперпрезиденттік басқарудан бас тартып, Президент өз өкілеттігін Парламент пен Үкіметке беріп жатыр. Парламентті жасақтау мәселесі екі жүйемен шешілетін болды. 70 пайызы пропорционалдық, яки партиялық жүйемен, ал 30 пайызы можаритарлық жүйемен, яки жеке тұлғалардың өздерін өздері ұсынуы бойынша жүреді. Одан кейін, депутаттар берген уәдесін орындамай, үмітті ақтамай жатса, императивтік мандат деген бар. Оларды кейін қайтарып алуға құқығы бар. Конституцияға осындай жаңашылдық енбек. Бұл Парламентті жасақтауға қатысты. Енді мәслихатқа келер болсақ, бұрын облыстық, қалалық әкімдердің кандидатурасына бір-ақ адам ұсынылатын болса, енді екі және одан көп адамнан жергілікті депутаттар таңдап алады. Депутаттар дегеніміз – халықтың өкілі, сол себептен мұны демократиялық көріністер деп сеніммен айта аламыз. Әркім мемлекеттік басқаруға қатысты жауапкершілігі барын білуі керек. Сол себепті 5 маусым күні әркім өзінің учаскесіне барып, өз таңдауын жасағаны жөн. Дәл қазіргі сәтте біз тарихи өзгерістердің алдында тұрмыз.
Өмірәлі ЖАЛАЙЫРИ, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, з.ғ.д., профессор