Наурыз айындағы Жолдауында Президент партияларды тіркеу шегін төрт есе – 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетуді ұсынды. Мемлекет басшысы сондай-ақ өңірлік өкілдіктердің санын үш есеге – 600-ден 200 адамға дейін азайтуды, партия құру үшін бастамашыл топтың ең төменгі шегін үштен бірге, яғни 1 000-нан 700 адамға дейін қысқартуды, құрылтай съезін өткізу және партия филиалдарын құру мерзімдерін ұлғайтуды ұсынды. Міне, осы реформа саяси партиялар арасында бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтардың ел дамуына атсалысуына үлкен мүмкіндік береді. Жаңа партия құрудағы жеңілдіктер халықтың саяси белсенділігін арттырады. Күнделікті жаңалықтардан көріп отырғанымыздай, қазірдің өзінде белсенді азаматтар партия құруға дайындықты бастап кетті. Осыншалық ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет. Себебі бұл тек Президент не Парламент шешетін мәселе емес, бұл – бүкіл халықтық деңгейдегі міндет. Сондықтан ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азамат 2022 жылғы 5 маусымда өтетін республикалық референдумда өз таңдауын жасауы тиіс.
Қамбар АХМЕТ, Saryarqa Aqparat медиахолдингінің директоры, Конституциялық реформаларды түсіндіру жөніндегі облыстық штабтың мүшесі