Алда үлкен өзгерістер күтіп тұр
Алда үлкен өзгерістер күтіп тұр
168
оқылды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы­ның мүшесі Самат Мұсабаев 5 маусымда елі­мізде өткізілетін республикалық референдумның маңыз­дылығын түсіндіру мақсатында Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы Шебір елді мекеніне ат басын бұрып, ауыл тұрғындарына үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізді. Конституциялық түзетулер бойынша референдумға дайын­дық жұмыстарының талдауы көрсеткендей, жалпы халық Негізгі заңға енгізілген өзгеріс­тер мен толықтырулар туралы біледі. Бірақ ұсынылып отырған новеллалар пакеті президенттік өкілеттіктерді қысқартумен, Парламент пен жергілікті өкілді және атқарушы органдардың рөлін кеңейтумен, құқық қорғау тетіктерін күшейтумен шектел­мейтінін ұмытпаған жөн. Кездесу барысында өзгеріс­ке енген жаңа заң қолданысқа түссе, халықтың басқару ісіне араласу мүмкіндігі кеңейіп, би­лік пен халық арасында байла­ныс нығая түсетініне тоқталды. «Біріншіден, Мәжіліс депутат­тарын бір мандатты округтер бойынша сайлау тетігі өзін-өзі ұсынғандарға сайлануға мүм­кіндік береді. Екіншіден, де­путаттық мандаттарды кері қай­тарып алу тетігін енгізу өз депу­татын бақылауға мүмкіндік береді, егер ол жұмысын атқара алмаса, оны кері қайтарып алу­ға болады. Үшіншіден, ұсыны­ла­тын екі кандидатурадан об­лыс әкімін тағайындауға келісім беретін мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейе түседі», – деді С.Базарбайұлы. Кездесуде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Олар Конституциядағы жаңа өзгерістерге көзқарасы оң екенін білдірді. Өз кезегінде қатысушылар елдің жарқын болашағы үшін жасалынып жатқан тарихи сәтте бір кісідей атсалысатынын жеткізді.