Ғалымның еңсесі тіктеледі – Болат Көмеков
Ғалымның еңсесі тіктеледі – Болат Көмеков
Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілетін болды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осылай деп ғалымдарды қуантып тастады. Президент өз сөзінде Ұлттық ғылым ака­демиясы ғы­лыми ой-тұжырым орталығына және сараптама жасайтын беделді мекемеге айналуға тиіс екенін тегін айтқан жоқ. Қазақ ғылымы неге дамымай қалды? Бұрын қандай еді, қазір жағдайы қалай? Біз сауалымызды академик, тарих ғылымдарының докторы, ғалым Болат Көмековке қойдық. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілетінін айтып, ғалымдарды қуантып қойды. Ғылым мен білім бөлініп, жеке министрлік құрылатын болды. Бұған қалай қарайсыз? – Ғылым академиясына байланысты Президент жақсы-жақсы ой пікірлер айтты. Ол пікірлердің барлығы ғалымдардың көңілінен шығып жатты. Академияға мемлекеттік мәртебе берілетінін естігенде, баршамыз қуанып қалдық. Біріншіден, бұл – ғалымдар үшін емес, мемлекеттің дамуына бағытталған жағдай. Ғылым арқылы елдің ахуалы дұрысталады. Өйткені адамзат бүгінге дейін идея арқылы дамып келе жатыр. Ал идеяны айтатын – ғалымдар. Сондықтан ғалымдар арқылы қоғам дамиды. Ғылым академиясының мәртебесін мемлекеттік дәрежеге көтеру – құптарлық жағдай. Мұны ғалымдардың барлығы қолдап отыр. Бұрын Ғылым академиясы бірде-бір министрлікке бағынбаған. Мемлекеттің өзіне бағынып отырған. Ғылым мен білімді бөлу – дұрыс ой-пікір. Жеке министрлік құрылуы керек. Ғылым министрлігі пайда болғанымен, Ғылым академиясының орны ерекше болғаны жөн. Өйткені өзінше дербес, толыққанды дүниеге айналса, ғылым дамиды. Ғылымның мәселесін академияның өздері шешкені абзал. – Ғылым академиясы идея орталығына айналуы үшін не істеген абзал? – Қай қоғам, қай мемлекет, қай заман болмасын, ғылымның өмірбойы мәртебесі жоғары болған. Өкінішке қарай, соңғы 30 жыл ішінде ғылым тығырыққа тіреліп қалды. Неге? Жалпы, өндіріс көрсеткіші көп елдерде ғылымға екі-үш пайыз бөлінеді, ал дамыған мемлекеттерде үш-төрт пайыз артық бөлінеді. Салыстырмалы жағдайда бізде ғылымға 30 жыл бойы 0, 12 пайыз ғана бөлініп келді. Сөйтіп ғылымның берекесі кетті. Елдің қазынасы саналатын ғылым академиясын мемлекеттік мәртебеден қоғамдық мәртебеге өткізу ең қолайсыз шешім болды. Ғалымдардың жағдайын «бейшара» жағдайға жеткіздік. Жастардың көбі ғалым болғысы келмейді. Президентіміз айтқандай, академияның мәртебесі көтерілсе, ең алдымен ғалымдардың еңсесі көтерілетін болады. – Ғылымды көркейтетін – ғалымдар. Ғалымдарға қандай жағдай жасалуы керек деп ойлайсыз? – Ғылым саласы екіге бөлінеді: жаратылыстану және гуманитарлық бағыт. Жаратылыс ғылымы – өндіріске байланысты. Біздің өндірісіміз қазір жоқтың қасы. Мұнай-газды сатып қана қоймай, соны өндіретін деңгейге жетуіміз керек. Ол тығырықтан шығаратын ғалымдар болуы тиіс. Ал гуманитарлық бағыт – сана-сезімді қалыптастыратын сала. Гуманитарлық салада істеп жатқан ғалымдар бұрыннан белгілі, олар ешқашан бай болмаған. Өйткені ғылымды жасау үшін күні-түні жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан ол байлықты ойламайды. Оған уақыт пен жағдай жасасаңыз болғаны. Тарих, тіл, әдебиет және т.б. мемлекеттің қолына қарап отырған дотациялық сала болып есептеледі. Біз дүниемізді шығарып, оны сата алмаймыз. Жаратылыс бағытында жүргендер жаңа бір дүниені ойлап тауып, жаңа бір өндірісті дүниеге әкелуі мүмкін. Біздің сала – ой-сананың жұмысы. Кейбіреулер бізден «қандай табыстарың бар?» деп сұрап жатады. Қандай табыс табамыз? Көз майыңды тауысып, зерттеу жүргіземіз. Жаңалық ашамыз, ғылымды дамытамыз. Сондықтан ғалымдарға қандай жағдай жасау керек дегенде, ең алдымен жалақысын көтерген абзал. Мардымсыз жалақысы бар жұмысқа ешкім ұмтылмайды. Ғылымнан қашатыны да сондықтан. Карл Марксты білесіздер. Оның талабы мықты болғанымен, ахуалы өте төмен болған. Оның бүкіл жағдайын жасаған – Фридрих Энгельс. Ол Маркстың табысын көтеріп, жұмыс істеуіне мүмкіндік берген. Соның арқасында «Капитал» жазылды. Ғылымды дамытатын адамдар «Нанды қалай табамын?» деп ойламағаны жөн. Барлық ойы, ізденісі, білімі, қабілеті, бәрі-бәрі ғылымға бөлінуі керек. «Бөлінген ойдан береке шықпайды». Одан бөлек, ғалымдарға баспана беру мәселесін де тиімді шешкен жөн. 200 мың жалақы алатын ғалым ешқашан өз пәтеріне қол жеткізе алмайды. Білікті ғалымдар қайда тұрып жатыр? Біліп жатқан ешкім жоқ. Тіпті, академик болсам да, әлі күнге дейін менің жеке кабинетім жоқ. Кітаптарым мен жатын орным бір жерде. Сол жерде ғылыммен айналысып отырмын. Кеше Президенттен мәртебелі марапат алып отырған ғалымның, ел-жұртқа есімі белгілі академиктің жағдайы осындай десе, кім сенеді? «Менің жағдайым осындай еді» деп, ешкімнің де алдына алақан жайып бармаймыз. Өйткені намысымыз бар. Біздің артықшылығымыз – білімімізде. Ғылымға адалдығымызда. Оны ешкім тартып ала алмайды.

Әңгімелескен Айым БЕКТҰР