Ерінбей, ертеңіңе дауыс бер, қазақ!
Ерінбей, ертеңіңе дауыс бер, қазақ!
307
оқылды
5 маусым – Қазақстан тарихына енетін маңызды күн. Бұл күні халқымыз Жа­ңа Қазақстанның іргесін қалайды, бастау-қайнарын ашады. Бұл күні дауыс берген әрбір саналы, саяси мәдениетті қазақстандық Жаңа Қазақстанның жаңа қағидаларын өз қолымен бекітеді. Ресми мәлімет бо­йынша, қазір 11 миллион 722 мыңдай азамат дауыс беру құқығына ие. «Рес­пуб­ликалық референдум туралы» заңына сәйкес, референдумға қатысу құ­қығы бар азаматтардың жар­тысынан көбi дауыс бе­руге қатысса ғана ре­фе­рендум «өткiзiлген» деп саналады. Халық өзгерістерді қолдайды Сарапшылар бұл асу оңай алы­натынына сенім білдіреді. Себебі Президент Қасым-Жомарт ­То­қаев­тың жұрттың ақ батасын алу үшін жалпыхалықтық құптауға шығарған Конституциялық ре­фор­масы – тікелей халықтың сұ­рауымен әзірленді. Ата Заңға осы өзгерістерді «қаңтар оқиғалары» кезінде биліктен бейбіт шерушілер талап еткен болатын. Енді міне, билік бұқараның тілегіне құлақ асып, «еститін мемлекет» екенін паш етіп, сұрағанды ұсынды. Ендеше неге дауыс бермеске?! Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының кеңесшісі Самат Нұртазаның ай­туынша, ел басшылығы жоғары жауапкершілік, саяси ерік-жігер танытып, халық талап еткен конс­титуциялық жаңғыруға бастамашы болды. Олай болса, енді халық та жауапкершілігі барын, ел бола­шағын, ұлттың қамын ойлайтынын паш етіп, 5 маусымда, алдағы жексенбіде уақытын бөліп, дауыс беруге келгені жөн. «Алдағы референдум және Конс­титуциялық реформа мем­лекеттің Қазақстанда саяси жүйені демократияландыруға, либе­ра­лизациялауға шындап кіріскенін көрсетеді. Бұл – мемлекетті жақсы жаққа қарай өзгертудің, қайта тү­летудің мүмкіндігі. Мемлекет бас­шысы халықпен ақылдасып, жа­уап­кершілікті бөлісуге ниетті. Мұ­ның дұрыс-бұрыстығын білу үшін халықтың өзімен кері бай­ланысқа шығуын қалайды. Яғни, референдумның нәтижесі халық­тың Жаңа Қазақстанды құптай­тынын не қарсы екенін паш етеді. Бізге либерализмді, демократияны және ең бастысы – әділеттілікті таң­дау ұсынылады», – деді са­рапшы. Өңірлерден жеткен хабарларға құлақ түрсек, ауыл-аймақ жұрт­шы­лығы дауыс беруге белсенді қа­тысуға ынта-ықылас білдіруде. Биылғы қаңтар оқиғалары Маң­ғыстау өңіріндегі бейбіт шеру­лер­ден басталғаны мәлім. Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аббат Өрісбаев жұртшылық өз сұранысына орай әзірленген Пре­зиденттің Конституциялық ре­формасын қолдауға дайын дейді: «Өйткені бұл өзгерістер халықтың өтініштеріне, мұң-мұқтажына деген жауап. Халық Конституцияға енгізілгелі тұрған түзетулерді қол­дайтынын байқап жүрміз. Әрбір азаматтың дауысы маңызды. Сол себепті мемлекет, «AMANAT» пар­тиясы Конституциялық реформа туралы неғұрлым көп ақпарат бе­ріп, жұртшылықты ақпараттанды­ру жұмыстарын қарқынды жүргіз­ді», – дейді мәслихат депутаты. Осы күндері ауыл-аймақты ара­лап жүрген Республикалық қо­ғамдық штаб мүшесі, «AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл ең шал­ғай ауылдарда да Ата Заңға өзгерістерді жетік білетіндер және қызу қолдаушылар қатары қалың екенін анықтапты. Ауыл тұрғын­дары референдумның халыққа игілігі, мемлекетке құндылығы, бо­лашаққа ізгі әсері бар екенін бі­леді. Ең бастысы Ата Заңға өз­ге­рістер сөз жүзінде қалмай, өмірге жолдама алуы, мемлекетімізді, қо­ғамымызды өркендетуі керек дейді жұрт. Қоғамдық штаб өкіл­дері қай елді мекенге барса да, үлкендер тарапы ризашылығын білдіріп, Қазақ елінің бақытты, бейбіт, бақуатты ел болуын тілеп, ақ батасын берген. «Мысалы, Қызылорда облы­сының Қазалы ауданында ақса­қал­дармен және ақ жаулықты әже­лер­мен кездестім. Қариялар «Қасіретті қаңтар» оқиғалары кезінде бейбіт жатқан елімізге үлкен қауіп төн­геніне, тұрақтылық шайқалса, ел­ден ырыс-береке қашатынына көз жеткізгенін айтады. Содан Пре­зидентіміз 11 қаңтарда Жаңа Қазақстанды құратынын жа­рия­лағалы жұрт оның бастамаларына мұқият құлақ түріп келеді. «Ел ара­сындағы қазіргі әңгіме де сол: екі шал кездессе, референдумды талқылайды. Тоқаевтың халықты жақсы өмірге жеткізсем, мемле­кетті өрге сүйресем деген ізгі ние­тін түсініп отырмыз. Толық қол­даймыз!» дейді Ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Оразғали Бекбанов ақсақал. Біз барған көптеген ауыл­дағы белсенді ақсақалдар жас­тарды, жақын-жуық, көрші-қо­лаңды 5 маусымда өздері бастап, ертіп апаруға уәде етті. Ұлттың тағдырына, елдің тарихына әсер ететін бетбұрыстан қалыс қалмауға бекініп отыр», – дейді Б.Смағұл. Конституциялық реформа көптің көкейіндегісін тапты Халықтың Ата Заңға тың түзе­тулерді қолдайтынын және осы жексенбіде дауыс беруге белсене қатысатыны түрлі әлеуметтік зерт­теулер мен сауалнамалардан бай­қалады. Қазақстандықтардың 75,9 пайызы Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды мақұлдауға дайын. «AMANAT» пар­­тиясы жанындағы Қоғамдық сая­сат институты «Әлеумет» жоба­сы аясында жүргізген Referendum: Halyq üni атты зерттеуінің қо­рытындысы осыны көрсетті. Бұл ретте азаматтардың 67,9 пайызы конституциялық реформа ел да­муына оң әсер етеді деп есептейді. Әлеуметтік деректерге сәйкес, азаматтардың басым көпшілігі Ата заңды түзету бойынша референдум өткізуге оң көзқарас танытты. [caption id="attachment_199380" align="alignleft" width="1200"]референдум инфраграфика © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Тарата кетсек, халықтың 80,1 пайызы азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді, 76,8 пайызы халықтың елді басқару ісіне араласуын кеңейтуді, 73,5 пайызы суперпрезиденттік мо­дельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді, 72,3 пайызы – билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуді, 64,4 пайызы – Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыруды қолдайды. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 1700-ден астам рес­пондент қатысты. Қорытын­дысы 27 мамырда жария етілді. «Қазақстандықтардың 67,9 пайызы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізу елдің дамуына оң әсер етеді деп санайды. 5 мау­сымда сайлау учаскелеріне аза­мат­тардың үштен екісі келмек», – деп атап өтті «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек. Қоғамдық саясат институты­ның директоры Мәдина Нұрға­лие­ваның байламынша, халықтың өзгерістерге деген сұранысы жо­ғары: «Соңғы әлеуметтік зерттеу­лер­дің нәтижесі қазіргі қоғамдық-саяси үдерістерді халықтың оң бағалайтынын аңғартты. Аза­мат­тардың 87,5 пайызы белгілі бір дә­режеде ел өміріндегі өзгерістерді қалайды. Сұралғандардың 55,4 па­йызы белсенді азаматтық ұста­нымға ие», – деді ол. Осылайша, Конституциялық реформаны қолдап, дауыс беруге қатысуға дайын адамдар саны жо­ғары деңгейде сақталып тұр. Қа­зақ­станның стратегиялық зерт­теу­лер институты 9-12 мамыр ара­лы­ғында телефон шалу арқылы жүр­гізген әлеуметтік сауалнамасының қорытындысы да осыны растай түседі. Сауалнамаға үш мегапо­лис­тің және 17 облыстың 1 200 тұр­ғы­ны қатысыпты. ҚСЗИ сұрау салған қазақстандықтардың 76,4 пайызы референдум өткізуді құптаған. 66,4 пайызы референдум күні сайлау учаскесіне барып, дауыс беруді жоспарлап отыр. Сайлаушылардың 70 пайызы жалпыхалықтық рефе­рендум өткізілетінін естіген. «ҚСЗИ зерттеуінің нәтижелері көрсеткендей, Президенттің рефе­рендум өткізу туралы бастамасын аза­маттардың 76,4 пайызы қол­дайды. Демек, қазақстан­дықтар­дың басым көпшілігі елде қолға алынып жатқан өзгерістердің ма­ңызын түсінеді. Небәрі 15,4 па­йы­зы ғана референдум идеясын қол­дамайды. 8,2 пайызы құптайтыны әлде құптамайтыны жөнінде әзірге айқындамаған. Конституциялық реформаларды жан-жақты, егжей-тегжейлі түсіндіру, референдумның жаңа құқықтық мемлекетті – «Жа­ңа Қазақстанды» тұрғызу үшін ма­ңызды екенін жеткізу жұмыс­тары да осы санаттағы адамдарды көбірек қамтуы қажет», – деді инс­титут директоры Еркін Тұқымов. «Қоғамдық пікір» институты мен Орталық коммуникациялар қызметі жүргізген әлеуметтік зерт­теулердің, сондай-ақ әлеуметтік желідегі сауалнаманың нәтижелері де референдумды жақтайтындар саны көп екенін байқатты. Нақты­ласақ, қазақстандықтардың 70 па­йыздан астамы референдумға қа­тысатынын хабарлаған. «Қоғамдық пікір» институты зерттеуінің қорытындысында Қа­зақстан халқының 78 пайызы Қ.Тоқаевтың саясатын қолдай­тыны белгілі болды. Қоғамдық ұйым телефон арқылы еліміздің барлық өңіріндегі қалалық және ауылдық тұрғындар арасында сұ­рау салған. Нәтижесі 17 мамырда жарияланды. Бұл ретте респон­дент­­тердің 73 пайызы Ата Заңға тү­зетулер енгізуді қолдайтынын растапты. Ал ОКҚ-ның онлайн-сауал­намасы Qalaysin платформасында өткізілді. Республиканың бүкіл өңі­рінен жауап берген 1172 рес­пон­денттің 72 пайызға жуығы Конс­титуцияға өзгерістерді рефе­рен­думға шығару идеясын құптады. Бұдан бөлек, 3 ірі Тelegram-ар­нада да ұқсас сауалнамалар жүзеге асырылған. Онда 25 мыңдай аза­мат­тың ұстанымы қамтылды. Пі­кір білдірген пайдаланушылар­дың дені 5 маусымда дауыс беруге баратынын мәлім етті. Мұның кез келгені әлемдік референдум өткізу тәжірибесінде жоғары көрсеткіш болып есептеледі. Егер референдумға сайлау­шылар көп қатысса, бұл халқы­мыздың саяси белсенділігі мен сая­си мәдениетінің жоғары дең­гейін, сондай-ақ қоғам мен билік арасында тиімді диалог жолға қо­йылғанын білдіретін болады.