Саяжайдың мәселесі қашан шешіледі?
Саяжайдың мәселесі қашан шешіледі?
282
оқылды
Алматы облысының ор­та­лығы мен Алматы қа­ласы маңында орналасқан аудандар аумағында мың­даған адам саяжайларды паналап отыр. Заманында қалада тұратындардың жаз айларында демалыс­тарын өткізіп, бау-бақша егуі үшін мемлекеттен тегін берілген саяжай­лар­дағы үйлердің көбі уа­қыт­ша баспана ретінде са­лын­ған. Сәйкесінше, бү­гін­де олардың мәселесі қордалана түсті. Рас, қазір саяжайда аласа үй­лер азайып, екі-үш қабатты кот­тедж­дер көбейген. Сонымен бірге он­дағы тұрмыстық, әлеуметтік қажеттіліктерді өтеуде және ин­фрақұрылыммен қам­тамасыз ету­де көптеген мәселе туындап отыр. Еліміздің әр түкпірінен мега­полиске келіп, саяжайға қоныс­танғандар ондағы тұрмысты жай­лы етуге байланысты әлеу­меттік қолдау шараларын талап ете бас­тады. Әлеуметтік нысан­дар­дың жоқ­тығы, жолдың нашар­лығы, ауыз­су сапасының төмен­дігі, электр қуатының жиі сөнуі сая­жайлықтардың жанына бата­ды. Талдықорған қаласының төңіре­гіндегі және Алматы қаласы ма­ңындағы Талғар, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудан­да­рының аумақтарындағы осындай қоныстардағы тұрмыстық тең­сіздік, әлеуметтік әділетсіздікке қатысты мәселелер бақылаудан шығып, ірілі-ұсақты дау-дамайға себепші болып тұр. Талдықорған қаласы маңын­дағы саяжай тұрғындарының да жанайқайы биліктің мазасын қашырғалы біраз жыл болды. Жарықтың жиі сөнуі, электр желілерінің талапқа сай келмеуі, жолдың жүруге де жарамай­тын­дығы, көпір мен жолаушылар та­сымалының түйткілдері тұр­ғын­дарды мезі етті. Билік қа­рап отырмай, мәселені заң ая­сын­да шешіп-ақ жатыр. Дегенмен сай­жай тұрғындарын мазалаған мә­селенің бірі реттелсе, енді бірі алдан шығады. Талдықорған қаласының әкімі де осыдан біраз бұрын саяжай­ларға өзі барып, тұрғындар уә­жі­нің не­гізсіз еместігіне көз жеткізіп қайт­ты. Біраз уәде берді. Оның қай деңгейде орындаларын уақыт көрсетеді. Алматы облысының әкімі Қа­нат Бозымбаевтың халықпен кездесулерінде де бұл мәселелер жиі көтеріледі. Өңір басшысы саяжайлар мәселесін кешенді түрде қарастыру қажеттігін айт­қан. Қазір барлығы дерлік Алматы агломерациясында орналасқан саяжайларда 214 мың адам тұ­рады. Облыс әкімі бюджет қаржы­сы мен жеке инвестицияны тарта отырып, Талғар, Іле, Еңбекші­қа­зақ, Қарасай аудандарында жаңа тұрғын үй салу мен инфрақұрылым жүргізу арқылы сол тұрғындарды қоныстандыру немесе саяжай­ларға елді мекен мәртебесін беру мәселесіне баса назар аударған еді. Бұл мәселені шешудің арнайы жоспары әзірленіп, оған тиісті ұсыныстар енгізіледі. Жақында Еңбекшіқазақ ауда­нында болған облыс әкімінің жұрт­шылықпен кездесуінде жыл­дар бойы қозғалып келе жатқан сая­жайлар мәселесі тағы да көте­рілді. Сол жиын ба­рысында ай­тыл­­­ған­дай, қазіргі кез­де облыста 705 сая­жайлық алап бар екен. 189 саяжайда 200 мыңға жуық адам қысы-жазы тұ­рады. Десе де, бұл де­ректің өзін де нақты деп айту қиын. Бір ғана Еңбекшіқазақ ауда­нының өзінде халқының саны 300 мыңнан асатын 135 саяжай бар. Талғар ауданында да жағдай осы. Олар саяжайларға ауыл мәрте­бесінің берілгенін қалайды. Солар арқылы саяжай тұрғындарының көңілін күпті еткен мәселелерді оңай шешуге болады. Қолда­ны­сындағы заңнамасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қазынаның қаражаты тек ауылдық және қалалық аумақтарды дамы­туға жұмсай алады. Ал саяжай кооперативтерінде ондай мәртебе жоқ. Демек, саяжайларға елді ме­кен мәртебесін беру көп мәселенің түйінін тарқатқалы тұр. – Мен бұл мәселелерді Прези­дент пен Үкімет басшысына баян­дадым. Ұсыныстар қолдау тауып, мақұлдауға ие болды. Бүгінде әр ауданға бас жоспарларға түзетулер енгізіп, одан ары егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстарын жүзеге асыру үшін 500-700 миллион теңгеден бөлмекпіз. Жыл соңына дейін бас жоспарларға қатысты ауқымды әрі күрделі жұмыстарды аяқтаймыз деп жорамалдаймын. Келесі жылы егжей-тегжейлі жос­парлау жобасын қолға аламыз. Одан кейін республикалық бюд­жеттен қаражат алуға бюджеттік тапсырыс береміз және жергілікті қазынадан да қажетті қаражат қарастырамыз. Ойға алғандар ретімен орындалса, екі-үш жылда облыстағы саяжайлардың бар­лы­ғы елді мекен мәртебесін алады. Оған дейін шыдай тұруға тура келеді. Жылдар бойы шешімін күт­кен проблемалар үшін бірер жыл күте тұруға болады ойлай­мын, – деген Қанат Бозымбаев жиынға келгендердің басқа да сұрақтарына жауап қайтарды. Тоқетерін айтқанда, Алматы облысындағы саяжай қауымдас­тықтары мен бау-бақша серіктес­тіктеріне елді мекен мәртебесін беру арқылы облыс бойынша 200 мыңнан астам тұрғынның әлеу­меттік-тұрмыстық мәселелерінің шешімін табудың жолы қарас­ты­рылып, тетіктері ойластырылып, нақты қадамдар жасала бастады. Егер саяжайлардағы тұрғын­дар­дың саны 200 мыңнан асатынын, олардың 183 мыңы Алматы сынды алып мегаполистің айнала­сын­дағы аудандарда тұратындығын ескерсек, олардың елді мекен ста­тусын алуы, оңтүстік астана­ның жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, облыстың да өркендеуіне өзіндік серпін берері сөзсіз.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы.