Алматыдағы Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театры 88 маусымын үлкен табыспен жапты. Маусымжабарға «Он екі мұқамның» 5-ші мұқамы «Панджигах» музыкалық драмасын көрермендерге ұсынды. Қазақстанның Құрметті жазушысы, Еңбек сіңірген қайраткер Ахметжан Ашири шығармасының қоюшы режиссері, жоба авторы – ҚР Халық артисі Мұрат Ахмадиев. Қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов: «Он екі мұқам – ұйғыр халқының «а» дан «я» әріпіне дейін барлық ән-күй, би өнерінің жиынтығы» деп баға берген болатын. Аспандаған әуен, мың бұралған бимен көркемделген поэзиялық, ұлттық ерекшеліктерге толы шығармадан тарихы терең қайнар көзін және қоғамдық сипатын айрықша сезінуге болады. «Он екі мұқам» ғасырдан ғасырға жалғасқан жыршылық, ақындық, халықтық ән-жыр мен көркем өнердің дастандары негізінде қалыптасқан. Халық арасына кең таралған жанды музыканың дәстүрлі мектебі. Бұл музыка тарихындағы теңдессіз қазынаның түркі дүниесіне қосқан үлесі зор. Мың жылдардан бері жалғасып келе жатқан шығыстың көркем өнері. Мұқамдардың нақты кейіпкерлері – қарапайым өнерлі бұқара. Оны жырлаған, ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа шып-шырғасын шығармай сақтап келген халықтың өзі. Жұрттан шыққан зерделі зерек орындаушылар, ұлттық музыка аспабының шебер шертушілері, таңдаулы мұқамшылар, ақындар мұқамды жарыққа шығарып, байытып отырған. Оны бірізділікке түсіруде, ғасырлар бойы дамытып, кемелдендіруде халық өзі тер төккен. Жаңадан жүйеленген «Он екі мұқам» әуеніне өлшемді жыр тексті белгіленді. Әсіресе, мұқамның классикалық ерекшелігіне сай келетін өлең сөздері тұрақтанды. Онда Алишер Науаи, Лутфи Машрап, Қәләндар, Билал Назым, Саккакиді негізге алған классикалық жыр-дастандары айтылатын болды. Одан өзгеде түркі халықтарының таңдаулы жырлары, ұйғырдың халық жыр-тақпақтары қарастырылды. Бұл кезеңде қолға келген ұйғырдың «Он екі мұқамның» тарихи жетістіктері ішінде ұйғырдың таңдаулы дәстүрлері алға шығарылып, ежелгі музыка аспаптары реформаланып, үйлесімдігі арта түсті. Музыка әуені мен ән сөзі сәйкестендірілді. Орындалатын музыкалық аспаптардың саны мен сапасы да арта түсті. Жәркент хандығы дәуірінде сақталған музыканың қымбатты қазынасын жинап алып қорқаулықпен өртке орап, күлін көкке ұшырды. «Он екі мұқам» осылайша кейбір жоғалтуларға, тозуға тап болса да, халық оны анасының құшағындағы сәбидей қызғыштай қорғады. Солай «Он екі мұқам» халықтың өлмес рухының құдіретімен өмір сүре берді. Ғасырлар бойы мұқамшылар оны тоқтаусыз толғап, бірінен біріне аса ыждағаттылықпен өтікізіп отырған. Бұл ұлы туынды халықпен бірге жасасып, солай сақталған.. Мұқам мектебінің түлектері Тұрдақын Әлнағма, Карушаң Ахунум, Қасимахун Әлнағма, Аманнисахан, Қидирхан, Махмұд мұқамшы, Абдурашидхандар ретке келтіріп, халық мұрасын жоғалтпай сақтап қалды. «Он екі мұқам» бес ғасырлық тарихи дәуренінде үздіксіз түрде дамыған болса да, бірақ негізгі өзегі ретінде сол баяғы Сұлтан Рашидхан заманындағы жүйеленген, лайықталған нұсқасы бойынша орындалып келеді. Аталған театрда мұқамдардың орындалуына «Рухсара» би ансамблі мен «Нава» фольклорлық ансамбльдері де атсалысты. 2005 жылы «ЮНЕСКО» «Он екі мұқамды» ұйғыр халқының рухани қазынасы, ұлттық музыка мұрасы ретінде тізіміне қосты. Шығыс музыка өнеріндегі таңғажайып құбылыс деп мойындалған «Он екі мұқамның» күреске толы өмірі міне осындай екен. Осы тарихи мұраны ұйғыр театры қайта жаңғыртып халыққа ұсынып отыр. Жылына бір мұқамды өңдеп, жарыққа шығарады. «Енді алдағы жеті мұқамын шығаруға Мәдениет және спорт министрлігінің назарға алуын өтінеміз», – деді менімен әңгімелескен театр әртістері. 2018-2021 жылдары театр ғимаратының барлық инженерлік және коммуникация жүйелері ауыстырылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сахна машинериясы жаңа техникамен қамтамасыз етілді. Сахнаға жарық беру, дыбыс құралдарының жаңа технологиясы орнатылды. Театрдың ішкі көрінісі өзгереді. Көрермендер залы, кіреберіс және бүкіл зал жаңаланды. Ғимарат толық күрделі жөндеуден өткен. Бұл қайта жаңғарту жұмысын қайтадан қолға алуда театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық артисі Мұрат Ахмадиев көп күш жұмсады. Театр ұжымы драматург Ахметжан Аширидың қаламынан шыққан «Мұқамшылар» музыкалық шығармасымен Түркия елінің Ыстамбұл, Измир, Бурса шаһарларында болып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп қайтқан.
Сәуле ДОСЖАН, жазушы