Жаяу жүргіншілерге жол жоқ
Жаяу жүргіншілерге жол жоқ
437
оқылды
Жуырда Үкімет отыры­сында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскен­баев ендігі кезде әрбір өңір­дегі әкімдердің рей­тин­гісі салынған жол­дар­дың сапасы бойынша анық­талатынын мәлімдеді. Бұл бұдан кейін жол жөндеу мен салу жұмыстарын нем­кетті жүргізетін мердігер компанияларға бақылау күшейетінін аңғартады. Қызылорда облысында да сапасыз жол, сүреңсіз көшелерге байланысты мәселелер жиі көте­ріледі. Өңірде былтыр салынған жол биыл қайта жөнделіп жатады. Соның салдарынан шет аймақтың жолдарына тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Десе де қалада әлі де болса жол азабын тартқан аймақтар аз емес. Оны тұрғындардың уәжінен аңға­руға болады. Бір ғана Қызылорда қаласының өзінде жолдары шұрық тесік, тозық жеткен көшелер жет­кілікті. Тұрғындар сөзіне құлақ түрсек, қаламыздағы шет аймақ көшелерінің халі тіптен мүшкіл. Әсіресе жаңбыр мен қар суынан иленіп, аяқ алып жүргісіз күйге түсетіні жанға батады. Мәселе рет-ретімен шешімін тауып келеді дегенімізбен, әлі атқарылуы тиіс жұмыстар азаймай тұр. Қала іргесіндегі Белкөл кенті тұрғындарының айтуынша, ауылда жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ. Халық саны жыл санап ұл­ғайған кенттегі бұл мәселенің би­лік тарапынан ескерусіз қалуының себебі түсініксіз. – Кентте жолдан өту қауіпті. Бір ғана Бірлік көшесін айтсам жетіп жатыр. Бұл көшеде жергілікті әкімдік ғимараты да орналасқан. Соған қарамастан жолға ешқандай тротуар салынбаған. Күнделікті балаларымның са­баққа барар, үйге қайтар уақы­тында олардың қауіпсіздігіне алаң­даймын. Өйткені жеріміз шаң­­ды топырақ болғандықтан балалар көлік жүретін жолмен жү­реді, – дейді кент тұрғыны Жады­ра Сыз­дықова. Тұрғындар ауылда мүлде жаяу жүргіншілер жолы салынбағанын айтады. Олар елді мекенге автомо­биль жолы жаңадан төселіп, енді біріне жөндеу жұмыстары жүргі­зіліп жатса да жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі назардан тыс қалға­ны­на ашынады. Қала іргесіндегі Тасбөгет кен­тінде де жолға қатысты жағдай мәз емес. Кенттің Жанкин көшесінің шет аймағын мекендейтін тұрғын­дары сапалы жол салынып, жа­рық­тандыру жұмыстарының жүр­гізілгенін қалайды. Себебі кедір-бұдыр жолдан көліктердің қатынасы қиындық туғызады. Сондай-ақ шаңды топы­рақтан жаяу жүргіншілердің жү­ріп-тұруы мұңға айналған. Одан қалды бұған дейін тартылған электр желісі де ұрланып, жа­рық­тандыру жұмыстары де аяқсыз қалған. Басқаны былай қойғанда, кент орталығындағы негізгі Есенов кө­шесінде де жаяу жүргіншілер жолы мүлде салынбапты. Соның сал­дарынан тұрғындар жаңбыр жауса батпаққа батып, азапты күн кешіп жүр. Бұл мәселені талай мәрте айт­қанымен жергілікті биліктен еш қайран болмаған. «Бұл көшеде ертеректе жаяу жүргіншілер жолы болған. Оны жартылай топыраққа көміліп, әб­ден тозығы жеткен жол қал­дық­тарынан байқаймыз. Бірақ егемен­дік алған жылдан бері бұл көшеге бірде бір тротуар салынбады. Не­гізінен бұл көше қала мен кенттің арасын жалғайтын негізгі көше саналады. Солай бола тұрса да, жаяу жүргіншілер жолын салу ешбірінің қаперіне кірген емес. Қаланың орталық көшелерін сы­лап, сипай бергенше шет аймақ­тың жолдарына бір назар аудар­ғандары дұрыс болар еді», – деп мұңын шақты кент тұрғыны Өмір­ғали Әбілқасымов. Сол сияқты қаладағы Ж.Бек­хожаев көшесінде де жаяу жүргін­шілер жолына қатысты мәселе туын­даған. Бұл көшеге жуырда ғана жөндеу жұмыстары жүргі­зі­ліпті. Көше тұрғындары бұл игі іс­ке дә­н риза. Десе де жол жиегіне ор­натылған жаяу жүргіншілер ­жо­лы талапқа сай жүргізілмеген. Негізінен осы Бекхожаев пен Төле би көшелеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының әрқайсысы 2,2 шақырымды құрай­ды. Жөндеу жұмыстарына «Қы­зыл­орда жолдары» және «Ақнұр-авто» компаниялары мердігер деп та­ныл­ған. Мердігерлер өздеріне тиісті жұмыстарды сапалы әрі тия­нақты жүргізіп, оны тамыз айында пайда­лануға беруді көздеп отыр. Алайда тұрғындар қазірдің өзінде атқа­ры­лып жатқан жұмыстардан кемші­ліктер көзге ұрып тұрғанын айтады. Ал қаланың шеткі аймағындағы «Бәйтерек» мөлтек ауданының жол мәселесі көп жылдан бері жыр­ға айналып келеді. Қай кезде де аталмыш аудан халқын тол­ған­дырған мәселелері шаш етектен. Соның ішінде сапалы жолға мұқ­таж аумақтан халықтың қалаға қа­тынауы мұң болып тұр. Бүгінде облыс аумағында ­авто­мобиль жолдарының жалпы ұзын­дығы 3397 шақырымды құ­райды. Оның 1016 шақырымы рес­пуб­ли­калық, ал қалғаны жер­гілікті маңызға ие автомобиль жол­дары болып табылады екен. Өңірдегі жақсы жолдардың үлесі 75 па­йызды құрайды екен. Алда­ғы уа­қытта оның үлесін 82 пайыз­ға жеткізу межеленіп отыр. Облыс әкімдігінің таратқан мәліметіне сәйкес, биыл Қызылорда қа­ласын­да жол жөндеу мен салу жұмыс­тарына 3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бюджетті нақ­тылау ке­зінде бұл қаржыны екі есеге арт­тыру жоспарланған. Сол арқылы биыл өңірде ұзындығы 342 шақы­рым болатын жол жөнделмек. Қалай дегенде де Үкімет оты­рысында айтқан министрдің мә­лімдемесі ендігі жерде жол салуда саннан гөрі сапаға мән беру қа­жеттігін аңғартады. Сондықтан бұ­рынғыдай міндетті межені орын­дауда мердігер компания­лар­дың салғырттық танытуына жол берілмегені жөн.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы