20 миллион кімге бұйырды?

20 миллион

Шымкентте өткен жылдан бері қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен «Шымкент жастар лигасы» спорттық жарысы өткізіліп келеді. Жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттырып, ынталандыру үшін өткізіліп жатқан іс-шараға мегаполистегі барлық мектеп ықылас танытып отыр. Оның тағы бір себебі спорттың төрт түрінен, яғни волейбол, баскетбол, футбол және шахмат ойынынан жеңімпаз болып танылған командаға 20 миллион теңгеден сыйақы беріледі.

1 маусым – Балаларды қорғау күні   Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру тапсырмасына сәйкес, мектеп оқушыларының арасындағы аталмыш спорттық жарыстың II кезеңінің қорытынды ойындары өтті. «Қажымұқан» орталық стадионында өткен финалда №65 мектеп командасы №90 мектеп командасын 3:1 есебімен жеңіп, футболдан «ЖАСТАР ЛИГАСЫ 2022» жылдың чемпионы атанды. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов байрақты бәсекеде жеңіске жеткен командаларды құттықтады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаламызда екінші рет ұйымдастырылған «Шымкент жастар лигасы» жобасы жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Себебі спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылыққа баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі. Бүгінгі жарыста жеңіске жеткен оқушылар тек спортта  емес, олар өз мектебінің абыройы мен беделі үшін атсалысты. Бүгін өзі білім алатын алтын ұя мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншектер ертең ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болады деп сенемін. Сондықтан бүгінгі жеңістеріңіз өмір жолдарыңыздың үлкен бастауы болсын! – деп тілек білдірді қала басшысы.

Лига нәтижесінде, шахматтан бірінші орынды Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі иеленсе, баскетболдан М.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы, волейболдан әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта мектеп командалары жеңіп алды. Ал футболдан финалдық ойында №65 жалпы орта білім беретін мектебі жеңімпаз болып танылды.

2021 жылдың қазан айында басталған «Шымкент жастар лигасына» спорттың футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 514 команда құрамында 5 926 оқушы қатысқан. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан атап өтті. Сонымен қатар командаларға қолдау көрсетуге осынша мектептен фан-клуб командалары жасақталып, оған 2 265 оқушы қамтылған. «Фан-клуб командалары бұл жарысқа қызығу­шылық танытып отыр. Келешекте оларға да жүлде тағайындауды ойластырып жатырмыз. Жалпы, жылдан-жылға осынау спорттық жарысқа белсеніп кіріскендер саны артуда. Өткен жылы 140-қа жуық мектеп оқушысы бақ сынаған болатын. Спорт дегеніміз – үлкен мәдениет. Спортта жеңіске жеткен, бәсекеге түскен балалар үлкен өмірдегі жоғары табыстарға жетуге де осылай ұмтылады, шыңдалады деп ойлаймын. Демеушілер тарапынан берілетін сыйақыға жеңімпаз команданың мектеп базасын жетілдіруге жұмсалады. Сол үшін мектеп директорлары да осынау спорттың төрт түрінен арнайы жаттықтырушылар алып, балаларды дайындауда ерекше үлес қосып келеді», – дейді Шыңғыс Мұхан.

Шымкент қаласы

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.