Мәжіліс Төрағасы ТүркПА-ның Бас хатшысымен кездесті
Мәжіліс Төрағасы ТүркПА-ның Бас хатшысымен кездесті
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эрді қабылдады. Кездесу барысында Ерлан Қошанов еліміз тәуелсіздік тарихында жаңа кезеңге қадам басып отырғанын атап өтті. Біздің Президентіміз конституциялық өзгерістерге байланысты референдум өткізу туралы бастама көтерді. Бұл  – уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отырған тарихи шешім. Осыған байланысты елімізге ТүркПА-ның байқаушылары да келді. Бұл жұмысқа өзіңіз де атсалысып отырсыз, – деді Мәжіліс Төрағасы. Өз кезегінде С.Эр алдағы референдумның сәтті өтетініне тілектестік білдіріп, бұл  Қазақстанның одан әрі дамуы жолындағы маңызды кезең болатынына сенім білдірді. Біз Қазақстанды Еуразияның жарқыраған жұлдызы деп білеміз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа  Жолдауына өзі атап өткен реформалар негізінде Ата Заңға өзгерістер енгізілгелі отыр. Сондықтан алдағы референдумның сәтті өтуіне шын жүректен тілектеспін, – деді  ТүркПА-ның Бас хатшысы. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Мехмет Эрге республикалық референдум жұмысына қатысуға белсенділік танытқаны үшін ризашылық білдірді. Сонымен қатар кездесуде тараптар Қырғыз  Республикасында өтетін ТүркПА-ның ХІ кеңесі мен жалпы отырысына қатысты мәселелерді талқылады. Аталған жиында ұйымның 2023-2028 жылдарға арналған Стратегиялық жол картасын бекіту жоспарланған.