Сакартвело – қалтаға салмақ түсірмейтін сапар
Сакартвело – қалтаға салмақ түсірмейтін сапар
©Асқар Беков
6,448
оқылды
Қазақ туристерін тәнті ететін әлемде ел қалмаған шығар. Батысқа барып тауды көрді, шығысқа сапарлап суға да түсті, оңтүстікті аралап дәмді тағамын да жеді. Ал енді осы игіліктің бәрін бір елге саяхаттап сезінген жан аз шығар. Сіз соның бірі болуыңыз мүмкін. Себебі біз сізге ғажайып Сакартвело еліне саяхаттауға кеңес береміз. Әлем картасын төрт айналдырып қарасаңыз да сіз мұндай елді таппайсыз. Себебі біз ол елді Гүржістан дейміз. Кавказдағы бұл ғажайып мекенді орыстар «Грузия» десе, еуропалықтар мен америкалықтар Georgia деп атайды. Ал жергілікті тұрғындар өз елін Сакартвело деп атағанды ұнатады. Бұл «картвелдер елі» деген ұғымды береді. Сакартвело 01 Қош, сонымен Сакартвелоның қайда екенін білдік. Кавказдың ғажайып тауларымен көмкеріліп, жағалауын Қара теңіз шайып жатқан елге Қазақстаннан ұшақпен жету оңай. Енді көлікпен барамын десеңіз де өз еркіңіз, бірақ Алматы не Нұр-Сұлтаннан ол жаққа жету мұң. Бәлкім, атыраулықтарға сәл жақын болар. Алайда Ресей шекарасына дейінгі жолдың сапасын көрген жан бірден ойынан айнып қалатынына сенімдімін. Сакартвело 01 Біз Алматыдан Тбилисиге Air Astana әуекомпаниясына тиесілі су жаңа Airbus A321 neo ұшағымен бар болғаны 3,5 сағатта жеттік. Билетті алдын ала алсаңыз – бағасы арзан. Барып келу 140 мың теңгеден басталады. Бұл бағаға 8 келі қол жүгіңіз бен 23 келі тартатын үлкен сөмкеңізді тасымалдау құны қоса есептелген. Сондай-ақ толыққанды кешкі ас пен түрлі сусындардан дәм татасыз. Ал егер бұл соманы қымбатсынсаңыз онда FlyArystan әуекомпаниясың Ақтау мен Атыраудан Кутаиси қаласына бюджетті рейстерімен жете аласыз. Қысқасы,  сапарға аттануды ұнататын адамға Грузияға жетудің тәсілі көп. Сакартвело 02 Грузияға жетіп алсаңыз болды, сізді құрақ ұшып, кең құшағымен қарсы алатын тұрғындар жетерлік. Әуежай терминалында «такси» деп қызметін ұсынатын шопырдан бастап қонақүйдің ресепшінінде отыратын менеджерге дейін сізді өз бауырындай күтіп алады. Сөйлесе, жүрегі көрінетін грузиндер немесе картвелдер қонағынан артық пайда тауып қалуды әсте ойламайды. Мәселен, бұл елде бензин бағасы біздікінен екі есе қымбат. Бірақ такси құны біздікінен арзан болмаса қымбат емес. Тбилисидің ішінде 500-1 000 теңгеге кез келген жерге жетіп алуға болады. Лари - Сакартвело 02 Айтпақшы, Грузияда теңгемен ешкім саудаласпайды. Бұл елдің ақшасы лари, сондықтан кез келген құн ларимен есептеледі. 1 лари – 150 теңгенің ар жақ бер жағы. Демек, сізге біреу 10 лари десе, ойша 1 500 теңге деп қабылдайсыз. Қазақстан банктерінің картасымен төлемнің барлық түрін жүргізуге болады. Әккі экономистер доллармен барып, лариге айырбастап алу тиімді дейді. Бірақ сол доллардың құны біздің елде де тұрақсыз болғандықтан, экономистердің бұл кеңесі уақытша  болуы да мүмкін. Сакартвело Ал енді қонақүйдің бағасына келетін болсақ, әр алуан. Қалтаңызға қарай 3 жұлдыз бен 5 жұлдызды қонақүйге орналасуға болады. Алғашқылар 10 мың теңгеден басталса, 5 жұлдызды қонақүйге түнеу үшін тәулігіне 50 мың теңгеден бастап пұл төлейсіз. Елде хостелдер саны өте көп. 2 мың теңгеге 4-8 адаммен бірге түнеп шықсаңыз да болады. Немесе 5-6 мың теңге төлеп екі адамдық жатын бөлмеге де орналаса аласыз. Қалталы қазақтарға Sheraton, Marriot секілді отельдерге орналасуға кеңес береміз, ал бюджетті туристерге 3 жұлдызды қонақүйді таңдаған тиімді. Себебі қонақүйдің құнына таңғы ас кіреді. Күні бойы қыдырудан қолы босамайтын туристер үшін таңғы асының дайын болғаны қосымша күш сыйлайтыны түсінікті. Сакартвело 03 Тбилисиде тамашалайтын дүние жетерлік. Алдымен тегін тамашалуға болатын жерлерді жазып өтсем. Бірінші, Тбилисидегі ескі қаланы аралаңыз. Бұл үшін сізден ешкім ақы сұрамайды. Ал мұндағы көріністі сіз ешбір жерден сатып та ала алмайсыз. Картвелдердің өздеріне тән архитектурасы өзге ешқандай елде кезікпейді. Бұл – Еуропа мен Азияның Ұлы Жібек жолы бойында тоғысқан тұсы, сондықтан архитектуралық элементтерден шығыстық һәм батыстық өркениетті көп байқауға болады. Моншаларының басым бөлігі Осман не Хорезм стиліне келеді. Ал шіркеулері христиан әлемінің жауһары десек болады. Сакартвело 05 Сакартвело Барлық ғибадатхана мен шіркеулерінің есігі айқара ашық. Айтпақшы, Тбилисидегі жалғыз мұсылман мешіті де осы ескі қалада. Бұл жерде сүнниттермен қатар шейіттер де бір мезгілде намазын оқи береді. Құрылысы ХIX ғасырға тиесілі мешіт ескі қаланың ажарын кіргізіп тұрған ғимараттардың бірі. Қай тұстан фотоға түссең де мешіт көрінеді. Сакартвело 05 Айтпақшы, Тбилисиді Кура өзені қақ жарып екіге бөліп тұр. Басын сонау Түркиядан алатын өзен Каспийге барып құяды. Тау өзені болған соң ағысы қатты әрі лай болып ағады. Десе де, жағасында серуендеп, ескі шаһарды тамашалау  – бір ғанибет. Сондай-ақ осы өзеннің бойында Метехи шіркеуі бар. Құрылысы дәл қай уақытта жүргізілгенін ешкім дөп басып айта алмайды. Шамамен алғашқы іргетасы V-VI ғасырда қаланған дейді. Бұл тарихи ғимарат өзеннің сол қапталында биік шатқалда бой көтерген. Заманында сол шатқалдан Кура өзеніне қылмыскерлерді лақтырған деседі. Жардан құлап, суға батқандардың тірі қалуы мүмкін емес. Алайда тарихта бұл жазадан аман қалып, жағаға жеткендер де бар. Ондайларға жаратқан кешірім беріп, өмір сүруге мүмкіндік сылады деп қабылдап, тиіспейтін болған. Сакартвело Бұл енді ықылым заманда болған үрдіс қой, қазір олай ешқандай қылмыскерді жазалап, қинамайды. Қайта бұл биіктік туристердің жиі келетін орнына айналды. Себебі бұл тұстан Тбилисидің орталығын тұтастай көруге болады. Оң жақтан Нарынқала қамалы көрінсе, сол жақтан Еуропа алаңын тамашалайсыз. Фотоға түсуге таптырмас локация. Айтпақшы, Нарынқала қамалын да тамашалау ақысыз. Тек ол жерге жаяулатып жету қиын. Сакартвело Тегін тамашалауға болатын тағы бір жер – Meidan жерасты базары. Бұл бір жағынан көшені өтуге арналған өткел болса, екінші жағынан грузин тауарларын сататын галерея. Әсіресе,  грузин шарабының барлық түрін осы жерден көресіз. Кәдесый сататын ең үлкен дүкен десе де артық емес. Сакартвело Күннің ыстығында бұл жерге кіріп салқындап аласыз да, әрі қарай Сиони ғибадатханасын кесіп өтіп (уақыт болса оны тамашалап шығу да тегін), «Құрғақ көпір» деп аталып кеткен жайма базарға (Блошиный рынок) тап боласыз. Бұл жерден күнделікті кезіктере бермейтін антиквариат заттарды табасыз. Сакартвело Мәселен, бала кезімде ойнап көрген ескерткішті шахматты осы жерден көрдім. Бағасы да қымбат болмады. Грузин ақсақалы 60 лариге сатқысы келді. Егер мен осыны Еуропа нарығынан алатын болсам, кемі 200 еуроға сатып алар едім. Сакартвело Сакартвело Жалпы,  тегін тамашалаймын деген жанға көретін дүние көп. Ал енді ақша төлеп не көруге болады десеңіздер, мынаған назар салыңыздар. Әлгі Еуропа алаңында аппақ әуе шары бар. Бір сәтте 30 адамды отырғызады да 150 метр биіктікке көтереді. Әсері сұмдық, 15 минут бойы қорқынышпен қатар тамсану сезіміне бөленесіз. Биіктіктен Сакартвело астанасының айқыш-ұйқыш көшелері, зәулім ғимараттары, айнала қоршаған тауды алақандағыдай көресіз. Шарды ұшырған нұсқаушы дәл осындай шар әлемнің 11 қаласында ғана бар деп хабарлады. Тек жел болған жағдайда шар автоматты түрде ұшпайды. Айтпақшы, әуе шарына міну құны – 55 лари, біздіңше 8 мың теңгенің маңайы деген сөз. Сакартвело Шардан түскен бойда сол жерде Нарынқалаға жеткізетін аспалы жолдың аялдамасы бар. Мұның да бағасы 55 лари. Алматының Көктөбесіндегі аспалы жолдың дәл өзіндей. 2-3 минуттың ішінде тауға көтеріліп, жотаны қоршай салынған тарихи қамалдың тұсына тоқтайсыз. Көтеріліп бара жатып Вахтанг патшаның әйдік мүсінін көресіз. Бұл кісі V ғасырда Тбилисидің алғашқы іргетасын қалаған патша. Осы аймақта аң аулап жүріп жылы қайнарға тап болады. Содан шатырын осы тұсқа тіккен деседі. Жылы қайнарды тұрғындар немесе келген қонақтар «тпили», «тифлис» деген, кейін қала Тбилиси деп аталып кеткен. Нарынқалаға көтеріліп, тарихқа ой жүгіртіп болған соң 50 лари төлеп, ZipLine экстремалды аспалы жолдың көмегімен ботаникалық бақтан бір-ақ шықтық. Экстремалды жаны сүймейтіндер жаяу түсіп, 50 лариін үнемдеп қалса да болады. Сакартвело Енді асханасы жайында бірер сөз. Грузин тағамдарын дәм татып көрмеген жан жоқ шығар. Күріш қосқан харчо сорпасы мен мантыға ұқсас хинкали бізге таңсық емес. Тіпті, хачапури мен хычиныды да өзіміздің асханалардан кездестіреміз. Бірақ нағыз картвелдік үлгіде дайындалған бұл тағам түрлері мүлдем бөлек екен. Дәмі тіл үйіреді. Сосын барған жерде шайдың орнына шарап құятыны тағы бар. Грузиндердің дастарқанын шарапсыз елестету мүмкін емес. Шарап – картвелдердің дәстүрі һәм мәдениеті. Сондықтан біз келесі бағытымызды жүзім алқаптары мен шарап өндірісін тамашалауға арнаймыз. Ол туралы бөлек репортаж әзірлейміз.
P.S.  Air Astana Тбилисиге Алматыдан аптасына 4 рет, дүйсенбі, сейсенбі, жұма және жексенбі күндері ұшады. Ал 4 маусымнан бастап сенбі күні де ұшатын болады. Сондай-ақ 5 маусымнан бастап ел астанасы Нұр-Сұлтаннан аптасына 3 рет, сәрсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері ұшатын болады. Грузия бізге дәл бұлай бұрын соңды жақын болмаған...