Шенділер киікті неге азайтқалы отыр?
Шенділер киікті неге азайтқалы отыр?
204
оқылды
Биыл елімізде киіктің саны миллионнан асқан болатын. Дегенмен бұл қуаныш көпке созылмайтын тәрізді. Себебі таяуда Батыс Қазақстан облысында Экология министрлігінің өкілдерімен бірлескен жиын өтіп, онда «киік санын азайту» мәселесі сөз болды. Осы кезге дейін киік санын көбейте алмай әлек болған жауаптылар аяқасты неге құбылды? Экология министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, Батыс Қазақстанда киіктің көбеюінен шаруалар зардап шеккен екен. Яғни, малшылардың жайылым жерде киік қаптап, соның салдарынан төрт түлікке азық жетпей, шығынға батқан. Шаруалар «өріске мал жая алмай отырмыз, шөбімізді таптап кетіп жатыр» деп реніштерін айтады. Ведомствоға қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің сарапшысы Бақытжан Исахаев жауаптылар киіктерді азайтпайтынын, тек санын шектейтінін  айтып отыр.
– Киік саны осы күні миллионға жетіп отыр, соның әсерінен шаруалардың жайылым жерлерін, егіндерін киіктер таптап, ауылшаруашылық саласына зиянын тигізді. Сол себепті олардың санын шектеуіміз қажет, – дейді ол.
Дегенмен ведомство киік санын қандай амалмен шектейтінін нақты айтпай отыр. Әйтеуір бұрынғыдай заңсыз аңшыларға жол берілмейтініне сендірді.

  Қарақат Әнуарқызы,

                                                                        ЕҰУ-дың 2-курс студенті