Қазақ елі нағыз тарихи сәтке куә болып отыр. Сонау XVII ғасырда Тәуке хан қазақ ұлысын біріктіру бастамасын көтеріп, Күлтөбеге халық өкілдерін жинаған. Сол құрылтайда Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биді бас қылып, қазақ жұрты «Тәуке ханның Жеті жарғысы» аталған заңдар жинағын қабылдады. Арада 5 ғасыр өткенде Қазақ елі қайтадан «Күлтөбесін» өткізгелі тұр. 5 маусымда, референдумда халқымыз Жаңа Қазақстанның іргесін қалайтын Ата заңға түзетулерге дауыс бермек. Жақында көшеде танысымды ұшырастырып, шүйіркелесе кеттік. Болат – қаңтар оқиғалары кезінде елордадағы «Артем» базары маңында қалың топпен бірге елдегі «қос билікке» құрылған жүйені жойып, Парламентті күшейтуді талап еткен, «Шал кет!» деп айғайлаған азаматтардың бірі. – Ризасыз ба? Билік талаптарыңызды орындады ғой. 5 маусымда референдумға баратын шығарсыз? – деймін. – Жоқ, бармаймын... – Оу, неге? – Біз қаңтарда көшеге шықтық, талап қойдық. Тоқаев еститін есті азамат екенін көрсетті. Енді ары қарай Жаңа Қазақстанды өзі бірдеңе қылып, құрып алар. Ақылы жетер. Мен бақылай тұрайын, – демесі бар ма?! Мына сұмдықты өз құлағыммен естіп, жағамды ұстадым. – Жоқ, Бәке. Сіз мынаны түсініп алыңыз. Егер Сіз және басқалар жексенбі күні бармаса, дауыс бермесе, Жаңа Қазақстанды Президент өзі жалғыз құра алмайды. Өйткені референдумға сайлаушылардың жартысы келмесе, ол өтпеді деп есептеледі. Тиісінше, Ата заңға өзгерістер қабылданбайды. Сіз бен біз сөйтіп, ескі жүйеде қаламыз! Болат ойланып қалды. Таяудағы бір кездесуде сарапшылар мен саясаттанушылар Конституцияға түзетулерді референдумға шығару арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуекелге барып отырғанын әңгіме еткен еді. Себебі, «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 31-бабына сәйкес, «Егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса ғана референдум өткiзiлген деп саналады». Халықтың басым көпшілігі қолдамайтын мәселелер референдум арқылы қабылданып кетпеуі үшін кезінде осындай сүзгі-фильтр қойылды. Сайлаушылардың 50%-ынан азы келсе, Ата заңға өзгерістер қабылданбайды. Онда ел конституциялық реформаны жүргізе алмайды. Ондай реформасыз Қазақстан жаңғырмайды. Референдумға бей-жай қарасақ, Жаңа Қазақстанды тәй-тәй бастырмай, адымын аштырмай, өз қолымызбен жөргегінде тұншықтырған болып шықпаймыз ба? Міне, сол себепті де алдағы жексенбіде референдумға қатысу – әрбір қазақстандықтың, бірінші кезекте ордалы елдің, ұлан-байтақ жердің иесі қазақтың азаматтық парызы. Қарапайым тілмен айтсақ, ел Президенті «өзімбілемдікке» салынбай, тарихи бетбұрысқа халқынан ақ бата сұрап, жүгініп отыр. Қазақ бата сұрап жүгінген азаматтан теріс айналмайтын болар. Аталы сөзге тоқтайтын, ақылды кесімді құптайтын қазақылығымыз қайда? Бұл конституциялық түзетулер қаңтардағы бейбіт шерулерде басын бәйгеге тіге жүріп, шаршы топ алдында әділдікті талап еткен, халық ойын ашық жеткізген ер-азаматтардың сұраныс-тілегінен туындап отыр. Еститін мемлекет бұқараның даусына құлақ түріп, бар сұрағанын ұсынып отыр. Оны қолдамау ескілікті көксеу емес пе? Әбіш Кекілбай айтқандай, кеше бөркін аспанға атқандар неге бүгін бүгежектеп, кері тарта береді. Кеше даурығып, кеудесін соққандар неге бүгін сарыуайымды судай сапырады. Қазақтай жастары басым, жасампаз ұлтқа мұндай батылсыздық жараспайды. «Ау, сонда бұдан да қолайлы, бұдан да артықша жағдай талап ететіндей, біздің қазақ немене, Құдайдың құдасы ма еді, әлде қарын бөлесі ме еді? Жұрттың тәуекелі тұрғанда, оның тәуекелі неге тұрмайды? Қалған жұрттың қолынан келіп жатқаны оның қолынан неге келмейді? Біреуіміз ұрыншақ, біреуіміз сұраншақ, біреуіміз жыламсақ бола бермей, ұлт болып ұйып, тарихтың өзі қолымызға әкеп беріп отырған мүмкіндігін іс қылып шығару жолында белді неге бекем бумаймыз? Бұдан жаманымызда да тойға барған ел емес пе едік?!» – Әбіш абыздың сонау 1993 жылы, тәуелсіздік таңында айтқан осы сөздері қазір де көкейкесті. Айтқандай, қаңтарда көшеге шыққан ағайыннан 1993 жылғы Ата заңды қайтару туралы талапты естідік. Біле білсек, Қ.Тоқаев ұсынған конституциялық реформа осы талапты да орындайды. Біріншіден, Қазақстан 1995 жылы енгізілген суперпрезиденттік биліктен бас тартып, азаттықтың ақ бастауындағы ықпалды Парламенті, есепті Үкіметі бар президенттік басқару моделін жаңа, заманауи сипатта құратын болады. Екіншіден, 1993-1995 жылдары жұмыс істеген, халыққа мейлінше жақын болған Конституциялық сот қайта құрылады. Үшіншіден, сол кезде қызмет еткен, қажет кезде Президенттің өзін тежеген Жоғарғы кеңес сипатында енді тікелей халық сайлайтын Мәжіліс те кең өкілеттіліктерге ие болады. Оның депутаттарының 70%-ы партиялық тізіммен, 30%-ы бір мандатты округтерден өзін-өзі ұсыну жолымен сайланады. Заңды Сенат емес, Мәжіліс қабылдайтын болады. Халық тікелей сайламайтын сенаторлар қарсылық танытқанның өзінде мәжілісмендер олардың наразылығын еңсеріп, тіпті Сенатсыз-ақ заң қабылдай алатын болады. Төртіншіден, Үкіметтің дербестігі күшейтіледі, ол төтенше жағдай, дағдарысты кезеңдерде қол қусырып қарап отырмай, өз мойнына жауапкершілік алып, заң күші бар актілерді қабылдай алады. Әйтпесе, «қасіретті қаңтар» күндері Үкімет халықтың сұрағанын беруден тайсақтап, жоғарғы жаққа жалтақтап, уақыт созып алғаны жасырын емес. Ендеше Президентіміз референдумға шығарып отырған Ата заңға түзетулер бір жағынан, «қаралы қаңтарлардың», төтенше жағдайлардың қайталанбауына да септесуге тиіс. Бесіншіден, ауыл, аудан, қала ғана емес, облыс әкімдері де сайланбалы болады. Қолданыстағы ескі жүйеде Президент аймақ басшысы кім болатынын бірнеше кандидат арасынан өзі таңдайды да, оны облыстық мәслихат депутаттарына таныстырады. Конституциялық түзетулерге сай, керісінше: облыстың жаңа әкімін бірнеше кандидаттың арасынан жергілікті мәслихат депутаттары таңдайды. Президент тек келіседі. Референдумға басқа да өте татымды түзетулер, тарихи шешімдер шығарылды. Оларға біз түгіл, шетелдік сарапшылар тамсануда. Батыс әлеміне кең тарайтын Тhe Diplomat басылымы «Қазақстандағы конституциялық референдум жайы не болды?» (What’s in Kazakhstan’s Constitutional Referendum? Коллин Вуд) сараптамасында конституциялық реформа нәтижесінде Ата заңнан Елбасыға қатысты барлық нормалар алып тасталатынына назар аудартады. «Назарбаевты ел басқарудан алыстату сыртында, Тоқаевтың бірнеше ұсынысы Президенттің билігін шектеуге де бағытталған» дей келе, басылып мұны «Президенттің ең батыл қадамы» деп жоғары бағалады. Дәл осындай жоғарғы баға батыстағы ең беделді Reuters агенттігінің сараптамасында да айтылған. Олай болса, жаһан жұртшылығы мақтаған реформаны неге қазақтың өзіне жақтамасқа? Бұл конституциялық реформа кешегі қаңтардағы күркіреген күндер қайталанып, қазақ үшін күрсіністі заманға айналмауы үшін керек. «Біз қасіретті қаңтардан мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды», – деді биылғы Жолдауында Президент Қ.Тоқаев. Сөйтті де, өзінің де, болашақ президенттердің де жақын-жуықтарына, жұбайының туыстарына билік пен мемлекеттік бизнес өрісіне аяқ бастырмайтындай қатаң шектеулерді ұсынды. Алдағы референдумда Ата заңға түзетулер қолдау таппаса, бұл шектеулер де күшіне енбеуі мүмкін. Кейінгі күндері ғаламторда, әлеуметтік желіде «референдумға бармайық, бойкот жариялайық!» деген сөздер естіле бастады. Ондай белсенділердің алға тартатыны: «халық референдумға не шығарылып отырғанын түсінбейді, онда несіне дауыс береді?» екен. Шынында, мұнысы – қиянат. Ана тілімізде, мемлекеттік тілде кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оған мемлекет, партиялар, әкімдер, Парламент пен мәслихат депутаттары, республикалық және өңірлік қоғамдық штабтар жұмылдырылған. Яғни, насихаты кенде емес. Демек, соны біле тұра кері тартыншақтау, Жаңа Қазақстанға бастау болатын референдумға барудан жалтару – Қазақ дейтін қайсар елдің жанына жат, жағымсыз қылық. Украина, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Тәжікстан – бұрынғы кеңестік елдердің біразы бүлініп, бірін-бірі қырып, әлемнің есін шығарған аумалы-төкпелі заманда қазақ төл бірлігін, бірауыздылығын жаһанға паш еткені жөн. Оны паш етудің ең ізгілікті жолы – алдағы жексенбіде референдумға қатысып, қолдау болмақ. Өсек пен бос сөзге бой бермейік, ұлтымыздың абыройын көтерейік, көнерген сүрлеулерге кері тартпай, Жаңа Қазақстанымыздың жолын ашайық, ағайын!