«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ақмола облысының жұртшылығымен кездесті
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ақмола облысының жұртшылығымен кездесті
208
оқылды
Бір айға жуық  Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері  Асқарбек Үйсімбаев,  Юлия Кучинская, Мәди Елубаев пен Марат Құсайынов Ақмола облысының аудан-аудандағы 120 ауылды елді мекенде халықпен 200-ден аса кездесу өткізді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен 6 мыңға жуық тұрғын қамтылды. Мәжілісмендер қажетті ақпаратпен халықтың әр санатын қамтуға тырысты. Сөйтіп, қарапайым ауыл халқынан бастап, зауыт-фабрикалардың жұмысшылары, медицина, педагогика, мәдениет, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі сала қызметкерлері мәлімет алып, тарихи маңызы зор шараға қатысудың қажеттілігіне көздерін жеткізуде. AMANAT Бүгін халық қалаулылары «Көкшетау минералды сулары» зауытының ұжымымен кездесті. Айта кетейік, 100-ге тарта өнім түрлерін шығаратын кәсіпорын жыл сайын өнім түрлерін көбейтуге, сапалық көрсеткіштерді жақсартуға ұмтылып келеді. Зауыт шығарған табиғи таза сусындарды еліміздің барлық өңірінен кездестіруге болады. Тәуелсіздіктің құрдасы саналатын кәсіпорында бүгінде 300-ге тарта жұмысшы еңбек етеді. Халық қалаулылары зауыт қызметкерлері мен жұмысшыларына Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың маңызын түсіндіріп, алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Зауыт қызметкерлері тарапынан  сөз сөйлеген Алма Ералина референдумда зейнет жасын төмендету мәселесі неге қаралмайтыны туралы сауалын қойды. Оның айтуынша, «әйел – ана, әйел – жар, әйел –әже. Сондықтан  оны егде жасқа дейін белін бүгіп, ауыр  жұмысқа салып қою дұрыс емес» екенін алға тартты. Осы ретте халық қалаулылары референдумда Ата Заңға енгізілетін негізгі өзгертулер ғана дауысқа салынатынын, ал зейнет жасын төмендету мәселесі  әлі де қаралып жатқанын айтып түсіндірді. Мәди Елюбаев Конституцияға енгізілетін нақты баптар туралы айтып, халыққа сол өзгертулердің не беретініне тоқталды. AMANAT Ал мәжілісмен Асқарбек Үйсімбаев Ақмола облысына жасаған сапарларын қорытындылай келе, жалпы ақмолалық тұрғындардың референдумды қолдайтынын алға тартты.  «Осы уақытқа дейін қаншама елді мекенде болып,  халықпен кездесулер өткізіп жатырмыз. Түсіндіру жұмыстарынан кейін ақмолалықтар референдумға қатысамыз, Президенттің реформаларын қолдаймыз деп айтып жатыр. Халыққа суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшу туралы бастама ұнап жатыр», – деді Асқарбек Съезбекұлы. Жалпы, депутаттардың облысқа сапары барысында ақмолалық тұрғындар тарапынан 800-ге тарта ұсыныс пен өтініш-тілек түскен.  Әлеуметтік мәселелерге қоса, халық референдумға қатысты да ұсыныстар жасаған. Оның ішінде сыбайлас жемқорлықты түбірімен жою қажет деген сияқты бағытта тілектері де бар.