Үкімет Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті
Үкімет Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті
Президенттің Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құруды көздейтін «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді , – деп хабарлады primeminister.kz.  Іс-шаралар жоспары мынадай шараларды қамтиды:
  • жаңа облыстардың шекараларын белгілеу;
  • орталық мемлекеттік органдардың аумақтық органдарын құру;
  • орталық және жергілікті атқарушы органдардың штат санының лимиттерін бекіту;
  • жаңадан құрылған облыстар арасында бюджет бөлу балансын қабылдау;
  • облыстарды құру шеңберіндегі шығыстарды республикалық бюджетті қалыптастыру мен нақтылау үшін қарауға енгізу және басқалар кіреді.
Жоспардың қабылдануы жаңадан құрылған және қайта ұйымдастырылған облыстарда мемлекеттік органдардың жұмыс істеуі үшін қажетті іс-шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаржылық шығындарды қажет етпейді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа облыс орталықтарында бірқатар көшпелі кеңес өткізді, олардың барысында өңірлердің қажетті әкімшілік ғимараттарды сатып алуға, жалға алуға және жөндеу жүргізуге дайындығы мен қажеттіліктері бағаланды. Жалпы, жүргізілген талдау жұмыстары жаңа облыс орталықтарында мемлекеттік органдар мен қызметкерлерді орналастыру және олардың жұмыс істеуі үшін қажетті әкімшілік ғимараттар дайын екенін көрсетті. Естеріңізге сала кетейік, биыл 16 наурызда Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанда үш жаңа облыс құрылатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында үкіметтік комиссия құрылды, ол аудандық және облыстық мәслихаттар деңгейінде жария тыңдаулар ұйымдастыруды, тұрғындардың жергілікті өкілді органдармен кездесулерін, сондай-ақ республикалық ономастикалық комиссияның отырысы секілді ауқымды жұмыс жүргізді.