Өзбекстаннан контрабанда кірген
Өзбекстаннан контрабанда кірген
384
оқылды
Таяуда Өзбекстаннан өткізілген контрабандалық жүк Қазақстанға қандай схема бойынша әкелінгені анықталды. Бұл жайында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен хабарлады. Комитет мәліметі бойынша, жаз мезгілінде Өзбекстан Республика­сынан жеміс-көкөніс өнімдері мен кептірілген жемістер көптеп әкелінеді, бұған халықаралық сауда кезінде әкімшілік кедергі жасамай, кедендік бақылауды жедел жүргізуі қажет. Жыл басынан бері Қазақстан аумағына келген көлік құралдарын кедендік жете тексеру нәтижелері бойынша жалпы салмағы 1 000 тоннадан асатын тауарларды декларациядан өткізбеу фактілері анықталған. «Мысалы, 2022 жылғы 29 мамырда «Сарыағаш стансасы» кеден бекетінде кедендік бақылау кезінде жалпы салмағы 57,8 тонна контрабандалық жүк анықталды (күріш – 30 тонна, итмұрын – 5,7, науат (шығыс тәттілері) – 1,8, кептірілген мейіз – 4, зығыр майы – 2, халуа – 1,8 тонна). Ал құжаттар бойынша «ассортимент­тегі кептірілген жемістер» тауар­лары көрсетілген», – делінген хабарламада. Биыл 1 маусымда «Қапланбек» кеден бекетінде кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде салма­ғын 9,7 тоннаға төмендету ар­қылы салықты көп қажет ететін тауарды (жаңа піскен тәтті шие) дұрыс емес декларациялау фактісі де анықталған. «Сонымен, «жаңа піскен тәтті шие» орнына ілеспе құжаттарда «жаңа піскен өрік» көрсетілген, оның «тәтті шие» бағасынан бірнеше есе арзан екені белгілі. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар жауап­кершілікке тартылды», – деп хабарлады комитет.

М.ХАҚНАЗАР