Бүгін Алматыдағы ArtKöshe атты тәуелсіз театрда Sen мюзиклінің премьерасы өтеді. Қойылым медиасауат мәселесіне арналған. Жоба авторы және продюсері Әннәс Бағдат мюзикл жасауды көптен ойлаған. – Медиасауат мәселесі көбіне семинар, тренинг сияқты жиындарда талқыланады. Бұл белгілі бір аудиторияны ғана қамтиды. Ал мюзикл көпшілікке арналған әрі осы жанрдың арқасында қоғамға маңызды тақырыпты жеткізу тәжірибесі қызық болып көрінді, – дейді ол. Автордың айтуынша, Sen – сенім туралы оқиға. – Қазір ақпарат шектен тыс көп қауіпті қоғамда адам жеңілмеуі үшін медиа тұрғысынан сауатты болуы керек. Sen мюзиклінде медиасауат компоненттері музыкалық-сахналық қойылым арқылы түсіндіріледі, – деп толықтырды сөзін Әннәс Бағдат. Мюзиклде еліміздегі интернет алаяқтық, қаржы пирамидасына алданып қалған азаматтар, өмірлік серікті интернеттен табу секілді өзекті оқиғалар көтеріледі. Қойылымда басты рөлдерді Ербол Нариманұлы, Жарқынай Ханайым, Жасұлан Көпберген, Шадияр Ғалымжан, Таңшолпан Нұртілеуқызы, Темір-Сұлтан Мейірбек, Әшім Ахметов, Нұрбек Елемесов және Бексұлтан Бағытжан сомдайды.
Бота ИКРАМОВА