Ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ұйым
Ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ұйым
283
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның Бас хатшысы Чжан Минді қабылдады. Мемлекет басшысы Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минді қабылдады. Кездесуде аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитар­лық байланыстарды нығайту сияқты басым бағыт­тар бойынша Қазақстанның Шанхай ынтымақтас­тық ұйымымен арадағы ықпалдастығына қатысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ қазіргі геосаяси жағдайдағы ұйым қызметінің негізгі аспектілері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Чжан Минге ілтипат біл­діре отырып, оның ШЫҰ-ның Бас хатшысы қызметіне геосаяси ахуалдың күрделі жағдайында, яғни ұйымның ерекше рөл атқаратын кезінде кіріс­кенін атап өтті. – Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының белсенді мүшесі. ШЫҰ-ның Бішкекте өт­кен саммитінде сөйлеген сөзімде оның халықаралық аренадағы ұйымдардың ішіндегі ең табыстысы екенін атап өттім, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның кең ауқымды проблемаларды қамтитын күн тәртібінің бірегейлігіне баса мән берді. – ШЫҰ, шын мәнінде, қайшылық туғызатын ұйым емес. Оның қызметі конструктивтілікке, мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сонымен қатар бұл Ұйым халықаралық жағдайды жақсартуға зор үлес қосуды көздейді. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның жұмы­сына белсенді қатыса береді және оның әлеуетін нығайтуға өзінің елеулі үлесін қосады, – деді Қазақстан көшбасшысы. Өз кезегінде Чжан Мин ШЫҰ-ға мүше басқа да мемлекеттердің көшбасшыларымен бірге өзін ұйымның Бас хатшысы лауазымына тағайындау туралы шешім қабылдау кезінде сенім білдіріп, қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол Президентке ұйымның әлеуетін және мүше мемлекеттермен арадағы ынтымақтас­тық­ты одан әрі нығайту үшін бар күшін салатынын жеткізді. Дипломат Қазақстанның әлеуметтік-экономи­калық даму жолындағы жетістіктерін, Президенттің басшылығымен іске асырылып жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады. Чжан Мин ұйым­ның әлеуетін арттыруға еліміздің қосқан елеу­лі үле­сін және оны дамытуға белсенді атсалысаты­нын айтты. Әңгімелесу барысында ұйымның Бас хатшысы Президентке қыркүйек айында Самарқандта өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет­тер басшылары кеңесінің кезекті отырысына дайындық барысы туралы мәлімет берді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чжан Мин халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.