Қауіпсіздік деңгейін арттыру қажет
Қауіпсіздік деңгейін арттыру қажет
220
оқылды
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдады. Президентке еліміздегі криминогендік жағ­дайдың жай-күйі туралы есеп берілді. Қ.Тоқаевқа қарақшылық, мал ұрлығы, алаяқ­тық, оның ішінде интернет алаяқтығы, сондай-ақ бұрын сотталған­дар­дың мас күйінде, отбасылық-тұрмыстық салада және топтасып жасаған қыл­мыстарының саны айтарлықтай төмендегені туралы баяндалды. Министр Мемлекет басшысына ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді. Президент кәмелетке толмағандарға қатысты және отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстың алдын алу жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Марат Ахметжанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа ішкі істер органдарының қызметін бюрократиядан арылту, жұмыс үдерістерін цифрландыру және автоматтандыру, ішкі рәсімдерді, соның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласын оңтайландыру жөнінде баяндады. Мемлекет басшысына криминогендік жағдайға мониторинг жасайтын ІІМ Ахуалдық талдау орта­лығының мүмкіндіктерін кеңейту туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Президентке Жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзатындарды анықтауға бағытталған жаңа жүйе жұмысының алдын ала нәтижелері туралы айтылды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы ми­нистрге еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар тап­сырма берді. Осы ретте интернет алаяқтығы мен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды жандандыру қажеттігі атап өтілді.