Мемлекеттік Туды көтеру – абыройлы міндет – Ұлан Нұрланов
Мемлекеттік Туды көтеру – абыройлы міндет – Ұлан Нұрланов
398
оқылды
Мемлекеттік салтанатты шараларда ме­рекелік әскери формамен сымдай тартылып, мемлекеттік Ту көтеріп, Ел­таңба мен Конс­титуцияны, Президенттік штандарттарды алып жүретін жауынгер жігіттерді сырттай көргенде тамсана да риза болып қарайтынымыз рас. Тіпті, тірі ескерткіш секілді бір орында тап­жыл­май, еш қимылсыз сағаттап тұратын қа­жырлы шыдамдылығына қарап таң­даны­сымызды да жасыра алмаймыз. Ендеше, бүгін осы құрмет қарауылы мектебінен өтіп, бүгінде өзі де жеке құрамдағы ізбасар інілерін әскери іске, оның ішінде рәсімдік шараларды атқару шеберлігіне баулып жүрген замандасымыз, Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсат­тағы күштерінің 0112 әскери бөлімі басқарма бастығының орынбасары, подполковник Ұлан Нұрлановпен таныс болыңыздар. Ке­йіпкері­міз – мемлекеттік Ту ұстаушылардың бірі. 2006 жылғы Президент инаугурациясында, 2017, 2018 жылдары әскери шерулерде мемлекеттік Туды ұстаған жан. – Ұлан мырза, мемлекеттік рәміздердің 30 ­жыл­дық мерекесі құтты болсын! Ендеше, ел айбыны мен абыройын асқақ ұстап, мем­ле­кеттік рәміз­дерді қорғау, алып жүру, қарауылға тұру екінің біріне сеніп тапсырыла бермейді. Көп алдында болсаңыздар да, көп қолға түсе бермейсіздер. Ендеше, өзіңізді таныстырып өтіңізші? – 1980 жылғы 31 қаңтарда Алматы облысы, Алакөл ауданы Үшарал қаласында дүниеге келгем. 1999 жылы мерзімді әскери қызмет атқаруға шақырылғаннан бастап осы 0112 әскери бөлімінде әскери қызметтемін. Қатар­дағы сарбаздан бастап, келісімшарт бойынша әскери қызметші, содан кейін офицер, қазір басқарма бастығының орынбасары болып қызмет етемін. 2008 жылы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бітіргенмін. Отбасым, екі ұлым бар. Мемлекеттік Туды көтеру мәртебесіне ең алғаш 2000 жылы ие болдым. 1999 жылы Рес­публикалық ұланға әскер қатарына шақыр­тылған едім. Сол кезде мені құрмет қарауылы ротасына іріктеп алды. Мен секілді 100 бала­ның арасынан бес баланы ту тобына таңдады. Солардың арасында мен де болдым. Сол жылы Түркістан қаласының 1500 жыл­дығына орай Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің ал­дында салтанатты шара өтті. Шеру кезінде мемлекеттік Ту ұстап шықтым. Содан бері әскер мекте­бінен өтіп, көптеген шараларда мемлекеттік рәміздерді алып жүрміз. Сондай шараның бірі – 2005 жылы Ақорда салынып, аста­надағы ескі рези­ден­циядан мемлекеттік рә­міздерді көшіру сал­танатында да мемле­кет­тік Туды мен ұстадым. – Мемлекеттік рәміздер ел тәуелсіздігінің ажырамас бөлшегі. Олардың айшықты көрінетін ең бір салтанатты сәті – Президентті ұлықтау рәсімі. Өзіңіз сондай бір маңызды шарада мемлекеттік Туды көтеріп алып шыққан екенсіз. Сол туралы айтып беріңізші? – 2006 жылы Елбасын ұлықтау рәсімі өтті. Сол кезде мемлекеттік Туды өзім алып шық­тым. Ол кезде 26 жаста едім. Туды алып шық­қан деген үлкен мәртебе ғой. Ал оны алып шығу маған бұйырғанына қатты қуандым. Расын айтсам, «тұра аламын ба, тұра алмай­мын ба?» деген кішігірім қобалжудың болғаны рас. Хаттама басшылығы «жиын 1,5 сағатқа со­зылады, соны алып шығуың керек, ешқан­дай да ауысу болмайды» деген кезде, ол қобалжуды жауапкершілігім жеңді де, бо­йымды дереу жинап алдым. Осылайша, сол кездегі жанымдағы әріптес жолдастарым бар, бәріміз бірге мерекелік нысанды киімде салтанатты ұлықтау кешінің сәнін аспандатып, Елбасының айбынды абырой биігін одан сайын асқақтатып, Қазақстан тәуелсіздігінің мызғымастығының атрибутындай тапжыл­мас­тан құрмет қарауылының беделін түсірмей, еңселі алып шықтық. Бұл тіпті мен үшін үлкен құрмет болды десем болады. Өйткені бас­шылықтың маған артқан сенімі еді. Осы уақытқа дейінгі әскери қызметке жан-тәніммен берілгенімнің, қажырлы еңбегімнің бағасы еді. Тіпті, өмірімнің ең бір биік белес­терінің бірі болды деп санаймын. – Бұл сіздің өміріңіздегі ең бір жауапты міндет болған екен. Одан да басқа еске алуға тұратындай қандай оқиғалар болып еді? – Иә, жалпы менің өмірімдегі сынға шыдап, сынақта шыңдалған уақыт осы 2006 жыл деп айтуға болады. Бұл жылы Президент пен Туға қатысты тағы бір оқиға туралы айтып берейін. Қазіргі «Атамекен» этно-мемориалды кешенінде салтанатты жиын өтіп, Тұңғыш Пре­зидент Туды өзі көтеретін болды. Бүгінгі республикамыздағы ең үлкен Ту ол кезде жоқ. Түймені басып қалып, өзі көтеретін электрлі механизмі де жоқ. Оның орнында темір сырыққа ілінген, тұтқасы бар шығыршықпен шыр айналдыра бұрап көтеретін Ту бар. Да­йындық кезінде Хаттама басшылығы Прези­дентке оны қалай көтеру керегін түсіндіруді және көмектесуді маған тапсырды. Мен «қалай айтам» деп жүрексініп едім, еш­қандай да қиын­дығы жоқ екенін, Президенттің кіші­пе­йіл, тез түсініп алатынын жеткізді. Осылайша, дайындала бастадым. Елбасы келді, қолымды шекеме алып барып мәртебе көрсетіп, аман­дасып едім, өзі қолын ұсынып, қолымды алып амандасты. Бұған дейін толқып тұрғаным сап басылды. Содан қалай өтетінін түсіндіріп, Әнұ­ран басталған кезде Туды көтеретінін, шы­ғыр­шықты қалай бұрау керек екенін айтып бердім. Әнұран бастал­ғанда ол шығыршықты бұрап көтерді. Әнұран­нан соң Елбасы сөз сөйлеуі тиіс. Сондықтан да Туды ең жоғарысына дейін көтеріп үлгеру керек. Мен көмекке дайын тұрмын. Ол да соны түсінген болу керек, Әнұран соңғы жағына жеткенде, маған көзінің қиығымен қарағандай болды. Мен бірден рұқсат сұрап дайын екенімді білдірдім, ол «Мемлекеттік Туды көтеру – азаматтың абы­ройы» деп маған тұтқаны ұстауға рұқсат етті. Өзі сөз сөйлеу үшін мінбеге қарай баспалдақпен түсіп кетті. Сол бір ауыз сөз бен Туды маған тапсырғаны мен үшін үлкен мәртебе болды. Кеудемді мақтаныш пен қуаныш кернеді. Елбасы сөй­леп бастағанға дейін Туды тұғырына орнатуым керек дедім де, шығыршықты тездетіп айналдырып, дәл уақытында үлгердім. Сол бір жарқын сәттерді мен әлі күнге дейін ыстық құрметпен есіме алып жүремін. Соның әсерімен қызмет барысында да өзіме деген жауапкершілік жүгін еш жеңілдеткен емеспін. – Сайдың тасындай жігіттерді іріктеп алатын Мемлекеттік күзет қызметінің жауын­герлеріне қойылар талап қандай? – Талаптар әрине қатаң. Бойы 1,85-1,95 метр аралығында, түр-келбеті келіскен болуы керек. Ұстамды, сабырлы болғаны жөн. Білімі ортадан бастап жоғары білімге дейін қабыл­данады. Физикалық жағдайы, денсаулығы өте мықты болуы қажет. Психологиялық жағдайы да мінсіз болуы қажет. Өйткені біздің қызмет – өте жауапты міндет. Бір орында сағаттап тұруға тура келеді. Сол кезде дене дайындығы, денсаулығы мықты болмаса шыдау қиын. Ал сағаттап бір нүктеге қарап тұру үшін пси­хо­логиялық үлкен дайындық керек. Сол себепті де бұл талаптар – мемлекеттік рәміздерге, тәуелсіздікке көрсетілген құрмет деп айтуға болады. – Әңгімеңізге рахмет! Қызметіңізге абырой тілейміз!