Ер болса, Есімжандай болсын!
Ер болса, Есімжандай болсын!
422
оқылды
Мемлекеттік рәміздер – елі­міздің мызғымас негіздерінің бірі. Сон­дықтан әрбір Қазақстан аза­ма­ты үшін көк Ту мен Елтаңба – аса қас­терлі! Әр азаматтың мем­ле­кет­тік атрибуттарды құрметтеуі – өз-өзі­не көрсеткен құрметінің, бола­шағына де­ген сенімінің, өлшеусіз мақтаныш сезі­мінің көрінісі екені даусыз. Ал көк байра­ғымызды көк­ке көтеру – елге деген сүйіс­пен­ші­ліктің көрінісі. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Ө­з­бек­станның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан көр­ші орна­ласқан Қазақ­станның Мақ­таарал ауда­нын­дағы бір­не­ше ауылды су алды. Тасыған су Түр­кістан облысы Мақ­таарал ау­да­нын­­да­ғы Жа­ңатұрмыс, Жеңіс, Фир­доу­си, Өр­ге­бас және Достық ауыл­дарын басып, жеті мың­нан аса гектар егін­дікті шайып кетті. Судан үркіп, үдере көш­кен елдің саны отыз бір мыңнан асты. Осы кезде Фирдоуси ауы­лындағы су басып қал­ған мектеп маңы­нан судың астында қалған көк Туды алып шық­қан жігіт­тің әрекеті көпшіліктің бойына отан­сүйгіштік се­зім ұялатып, барша қазақ­стан­дық­тарды қуант­қан болатын. Ол Түркістан облысының Жетісай ауданын­дағы полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Есімжан Надиров екен. «Көк туымыз екі жерде ғана көкте желбіреп, бойымызға ерекше сезім ұялатады. Мемлекетіміздің басшысы өзге елге барғанда және азаматы әлем чемпионы болғанда көтеріледі. Білсеңіз, бауырларымыз шетелде әлем чемпионы болып, әнұранымыз шыр­қалып, көк байрағымыз аспанда желбіреген­дегі сезімнің қандай болатынын тілмен жеткізе алмаймын. Оның әсері ерек­ше. Әлем сол кезде қа­зақ деген елдің бар екенін біліп, мойындайды. Мен өзім бокс мектебінде оқып, спортпен ай­на­лыс­қан жанмын. Олимпиада чемпионы болып, көк Туымызды алып шықсам деген арманым болатын», – дейді Есімжан Үсенбекұлы. Есімжан ту Мақтаарал ауданы ауылдарын су бас­қанда Же­тісай полиция бөлімі басшысының орын­ба­сары, полиция майоры Есімжан Надировты бас­шылық Фирдоуси ауылына бекітіпті. Қарауына 100 қызметкерді алып, су басқан елді мекендегі үйлерді бақылаған. Су астында адам немесе мал қал­ды ма деп, үйді-үйді қарап шығуға көмекке ке­леді. «Су астында қалған талай малды құтқар­дық, ондағы үйлердің барлығы да қам кірпіштен са­лынған», – дейді ол. Осындай бақылау кез­дері­нің бірінде Фирдоуси мектебінің жанынан өтіп бара жатып, суда қалқып бара жатқан туды көріп қалады. «Ту жерде жатпауы керек. Туымыз судың ас­тын­да қалмасын деп алып шықтым. Менде бас­қа ой болған жоқ», – дейді ол. Есімжан ел тыныштығын күзету қызме­тіне 2003 жылдары келіпті. «Әкем полиция қызметінде 35 жыл еңбек етіп, 2001 жылы зейнеткерлікке шық­ты. Анам марқұм «Ба­лам, әкеңнің киімі жер­де жатпасын, әкеңнің жолын қусайшы» деді. Өзім де қызығып жүрген едім. Шымкенттегі Бекзат Сат­тар­ханов атындағы Спорт мектебін аяқтап, спортпен айналысып жүрген едім, анамның сө­зінен кейін полиция дайындайтын мек­тепте білім алдым. Содан бері осы қызметте келемін», – дейді полиция майоры Есімжан Надиров.

 Түркістан облысы