Абай Мырзағали: «Қазақ» газеті төрт-бес институттың жұмысын атқарды
Абай Мырзағали: «Қазақ» газеті төрт-бес институттың жұмысын атқарды
489
оқылды
Қазір оқырмандар рухани азық болатын тарихи-танымдық материал оқуға асығады. Алайда әлеуметтік желілерде көпшіліктің сұранысынан шығатын сапалы контент аз. Біз бүгін бір ғасырға шегініс жасап, осыдан жүз жыл бұрын жарияланған қазақ баспасөзін ақтарып, іліп алар тартымды ойларын оқырманға ұсынып жүрген тарих пәнінің мұғалімі Абай Мырзағалимен сұхбаттастық. – Facebook-тағы жазбаларыңыз оқыр­мандар арасында сұранысқа ие. Жалпы, архивпен жұмыс істеудің машақаты қандай? Бұл сіздің жұмысыңыз ба, әлде хоббиіңіз бе? – Иә, қазір адамдардың барлығы ақпа­ратты ең бірінші желіден алады. Менің негізгі мамандығым тарихшы болған­дық­тан, кездескен тың деректерді оқырман­дарыммен бөлісіп отырамын. Қысқа да нұсқа түсіндірме жазып, газеттердің түп­нұсқа суреттерін жариялаймын. Көп зерттеуші қолжазбалармен жұмыс істесе де, оны жарияламайды. Өйткені олар басқа адамдар пайдаланып кетеді деп қорқады. Менде ондай позиция жоқ. Қоғамға қызық деген тақырыпты бөлісіп отыруға тыры­самын. Сондықтан да желіде пікір білдіретін оқырман саны көп. Ал архивпен, қолжаз­балармен жұмыс істеу – менің хоббиім. Өйткені мұндай ізденістеріме қаржы жа­ғынан қолдау білдіріп отырған ешкім жоқ. Жеке өзім ізденіп жүрмін. Кейбір жазба­ларыма қызығушылық танытып, тақырып­тарға тапсырыс беретін адамдар да бар. Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорымен, ескі журналдармен жұмыс істеймін. Архив ақтару оңай деп айта алмаймын. Бізде қаншама мұрағат бар, оның ішінен өз тақырыбыңды табу өте қиын. Бірақ мен көп жағдайда баспасөз бет­теріне жарияланған құжаттарды зерт­теймін. Бұл жеке архивтерді тақырыптық деңгейде қараудан жеңіл. Кейбір мәліметті бір апта, кейде бір ай іздеуім мүмкін. Ал кейде бірнеше ай іздеген деректерім бір папкадан табылып жатады. Сондықтан қолжазбамен жұмыс істеу табандылықты, тиянақтылық пен мұқияттылықты талап етеді. Кейде салғырттық танытып бірнеше бетін оқымай кетсеңіз, ішінде ең құнды ақпараттар қалып кетуі мүмкін. Сол себепті қолжазбамен екінің бірі айналыспайды. Жұмыстың қиындығына көнген, өзіне сенген адамдар ғана ұзақ уақыт ізденудің нәтижесінде тың ақпараттар табады. Тек деректерді тауып қана қоймау керек. Оны ары қарай басқа мәліметтермен салысты­рып, деректік маңызын беру қажет. Сонда ғана ізденген жұмыс ғылыми айналымға енеді. – Көптің қолына түспейтін тың дерек­терді қайдан табасыз? – Тың деректер көп кездеспейді. Егер іздену барысында кездесіп жатса, оқыр­ман­дарыммен бөлісуге тырысамын. Себебі көп адам ХІХ-ХХ ғасырлардағы деректерді, Алашорда жайлы ақпараттарды біле бер­мейді. Себебі ағарту саласында жұмыс істеген, алашордашылардың айналасында жүрген кейбір азаматтардың іздейтін ұрпағы жоқ. Уақыт өткен сайын олардың да ең­бектері ұмыт қалып жатыр. Олардың сол кездегі баспасөзге жазған мақалаларын жарияласам, халыққа тың дерек сияқты көрінеді. Шын мәнінде, бұл ақпараттар тың деректер емес. Неге? Себебі Алаш зиялы­лары қуғын-сүргінге ұшырағанда олардың өздерімен бірге қалдырған мұрасы, жазған кітаптары мен мақалалары да жойылып кетті. Қоғамда олардың көтерген мәселелері айтылмады да, зерттелмеді де. Араға ғасыр салып сол азаматтардың мақалаларын қай­та ұсынған кезде олар көтерген мәселелердің әлі де өзекті екенін байқадық. Өйткені уа­қыт таразысы олардың жазған еңбекте­ріне енді баға беріп жатыр. Ұлттық кітап­ханада ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ» газеті, «Айқап» журналымен бірге әр об­лыста шыққан қазақ баспасөздері сақталған. – Халықтың қай тақырыптарға қы­зығушылығы басым? – Оқырмандардың қызығушылығы әр­түрлі. Бірақ барлығына біртұтас ұлттық идея­ның қалай жүзеге асқаны, Алаш қоз­ғалысының қалай пайда болғаны, құрамына кімдердің кіргені, кімдердің қарсы тұрғаны, ұлттық мектептердің негізі қалай қалан­ғаны, ашаршылық жылдары жайлы дерек­тер қызық. Айталық, алғашқы аштықта халықтың басым бөлігі отбасын асырай алмай, балаларын үкімет қарауына, яғни балалар үйіне өткізіп жіберген. Бірнеше жылдан кейін ата-аналар жаппай баспасөз бетіне жазып, балаларын іздейді. Оқыр­мандар арасында қазақ халқының тари­хындағы қайғылы оқиғалар мен қызықты дерек көп оқылады. Сол кездегі халықтың қызға қанша қалыңмал бергені де қазіргі оқырманға қызық. Олар бұрынғы қазақ пен қазіргі қазақтың тұрмыс деңгейін, таным-түсінігін оқып қана қоймай, салыстырады. – Алаш туралы жиі жазасыз. Сол кездегі баспасөзде көтерілген кей мәселелер арада жүз жыл өтсе де, өзектілігін жоймапты. Не себепті? – Алашордалықтардың ұлттық мемле­кет құру идеясы, оқулықтарды дайындау, тіл және терминология, жер мәселелері де қазір өзектілігін жойған жоқ. Телжан Шонанұлы мен Мырзағазы Есболұлы Түр­кістан аумағындағы жер мәселесін шешу жолдарын ұсынды. Шаруашылықты да сол кездегі баспасөз барынша дәріптеді. Мы­салы, авторлар: «Біздің үш сиырымыз беретін сүтті Бельгияның бір сиыры береді. Сондықтан өсіріп отырған малымыздың тұқымын асылдандыруымыз керек»,– деп жазды. Яғни, алаштықтар жазған барлық саладағы мәселелер арада ғасыр өтсе де әлі өзектілігін жойған жоқ. Әйел теңдігі де ең бірінші «Қазақ» газетінде жазылған. – Алашорданың АҚШ-пен, Жапония­мен байланысы болғаны рас па? – 1918 жылдардың соңына қарай Се­мейдегі Алашорда үкіметі Владивостокқа өз өкілдерін жібереді. Сол кезде олар аме­рикалықтармен кездесіп, қажетті шикізат алатын кәсіпкерлермен келісімге келген. Сонымен қатар Жапонияның кәсіпкер­лерімен де жолығып, киім тігетін маталарға тапсырыс береді. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі 75-санында жазылған. Райымжан Мәрсековтің келі­сімге 2 рет барып келіссөз жүргізіп, аман қайтып келгені туралы хабар жарияланған. «Владивостокқа земства мен алаш ша­руа­сын ұлғайтып көркейтетін ұйымның аты­нан уәкіл болып кеткен Райымжан мырза Мәрсеков жақында саламат қайтты. Өзі­мізде бар шикізатты өңдеу үшін америкалық кәсіпкерлермен келісімге келдік. Енді олар Семейге келмекші» деп жазылған «Са­рыарқа» газетінде. Демек, Алашорда үкіметі қазақ даласында тері өңдеу, киім шығару өндірісін дамыту үшін екі алпауыт елмен келісімге келген. Жақында ғана жапондық ғалымдар мұны растады. Жапон тарих­шы­лары Рёсукэ Оно мен Уяма Томохико Райымжан Мәрсековтің 1919 жылдың қаңтарында Жапония үкіметіне жолдаған үндеуіне талдау жүргізген екен. Ол үндеуде алаш қайраткері Жапониядан Алашорданы мойындап, көмек көрсетуін сұраған. Ға­лымның айтуынша, Жапония сыртқы істер министрлігінің архивінде осы үндеумен байланысты өзге де құжаттар бар. Ол құжат­тарда Мәрсеков қазақтардың келешекте іргелес мұсылман халықтарымен бірге тә­уелсіз мемлекет құруға ниетті екенін айтып, Алашорданың Париж бейбітшілік конфе­ренциясына қатысу жоспары бар екенін жеткізген. Зерттеушінің пайымынша, Алаш­орданың сол кездегі ресми ұстанымы Ресей федералдық мемлекетінің құрамында бола жүріп, елдегі өзге де саяси күштермен бірге автономия құру болған. Сөйте тұрып, Жапония арқылы өздерін халықаралық деңгейде мойындауды сұрап, келешекте тәуелсіз ел құрудан үмітті екенін білдіргенін дәлелдейтін құжаттардың табылуы Алаш­ор­да тарихының принципиалды тұрғыда жаңа қыры болмақ. – «Мамания» мектебі Мысырда оқыған жігіттерді жұмысқа шақырған. Қазіргі Назарбаев университетінің моделі сол кезде болған ғой...» деп жазыпсыз. Нақты кімдер болды арасында? – «Мамания» мектебі – Жетісудағы ал­ғашқы Жәдиттік мектептердің бірі. Мек­тептің негізін қалаушы Сейітбаттал қажы Ыстанбұл арқылы Меккеге барады. Сол Ыстанбұлда мысырда оқыған Файзрахман Жаһандаровпен кездесіп, ауылына алып келеді. Мысырда білім алып, Оралда жүр­ген Ғабдолғазиз Мұсағалиевты да Жетісуға шақырады. Осылайша, шетелде білім алған ғалымдарды «Мамания» мектебіне оқыту­шы ретінде шақырып, мектептің іргелі оқу орнына айналуына алғышарт жасайды. Қа­зір Назарбаев университеті шетелдік ға­лым­дар мен профессорларды шақырып жа­­тыр. Бұл модельді сол кезде Мамания мек­тебі өте жақсы қолданған. Алайда бас­пасөзде олар­ды мақтап немесе жарнамалап жазылған бір­де-бір материал кездеспеді. Тек татар баспасөзінде, «Уақыт» газетінде Ма­ма­ния мектебін қазақ-қырғыз ішіндегі жа­ңа­ша білім беретін мектеп деп арнайы жазған. – Қазіргі баспасөз бен осыдан жүз жыл бұрынғы баспасөзді салыстыруға бола ма? – Ол кезде бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын тек газет пен журнал ғана атқарған. Сол себепті Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейді. Ал қазір халықтың көзі – телевизия, құлағы – радио, тілі әлеуметтік желі мен сайттар. Ол заманда барлық миссияны бір ғана газет орындады. Халыққа ақпарат жеткізіп қана қоймай, талқыға салған. Патша үкіметі берген құзыретті пайдалана отырып ұлттың тілі, жері, ағарту мәселесі мен тарихын көтеріп, шешімін халықтан сұраған. Қазақ оқыған­дары мен зиялыларын газет төңірегіне жи­­наған. Осылайша, «Қазақ» газеті ұйыс­қан ортаға айналды. Ал қазір газеттер әр­түрлі бағытта шығып жатыр. Бірі діни бағытта, бірі оппозициялық, енді бірі тек мемлекеттік тапсырыстарды ғана жазып жүр. Шын мәнінде, қазір оқырман талғ­а­мы­нан шығатын газет аз. Сол себепті де қазір газет ұлтты ұйыстыратын, ортақ қа­зы­наға айнала алмай отыр. Ал кезінде бір ғана «Қазақ» газеті баспасөздің барлық жүгін көтеріп, тілді де бір жүйеге келтіріп, өз миссиясын жоғары дәрежеде орындаған. Зерттеп қарасақ, «Қазақ» газеті бүгінгі 2-3 министрліктің, 4-5 институттың жұмысын атқарған. – Сіз жазып жүрген тақырыптарды бұ­рын зерттеп, баспасөзге жазғандар болған ба? – Әрине, болды. Бірақ ұрпақтар сабақ­тастығы аштық, репрессия кездерінде үзі­ліп қалып, Алаш зиялылары жазған ең­бек­тер де ескерусіз қалды. Әдебиетшілер қазақ баспасөзін әдеби тұрғыдан сараптаса, та­рихшылар тарихи жағынан, журналистер журналистік қырынан сараптайды. Сон­дықтан «мен ғана жарияладым» деп айта алмаймын. Әркім өз деңгейінде ізденіп жүр. Болашақта да зерттей береміз. Өйткені өткенге деген қызығушылық, ұлттың өз бол­мысын іздеуі уақыт өткен сайын арта тү­седі. Мысалы, өткенде медресе салған қа­зақтар, алғашқы шетелде оқыған шәкірт­тер, 20-жылдардың соңында құрыл­ған «Құдайсыздар одағының» қазақша кітап­тары, Қажымұқанның «Қазақ» газетіне көмегі жайлы жазбалар жарияладым. Ұсынған тақырыптарымның барлығы өз оқырманын тауып жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!