Үрей туғызған індет
Үрей туғызған індет
233
оқылды
Ақмолада мал індеті өршіп, құтырып барады. Алайда күні бүгінге дейін аурудың аусыл ма әлде басқасы ма, әлі анықталмаған. Ветеринар мамандар аурудың әлі де зертханалық тұрғыдан расталмағанын айтады. Ал күн сайын теңкейіп құлап жатқан малынан айырылған халық ащы зарының биліктің құлағына жетпегеніне алаңдаулы... 159 кәсіпкер миллиондап несие алған... Еркіншілік ауылында күні бүгінге дейін 200-ден артық мал өлген. Бұған қоса ауырған бұзаулардың санында есеп болмапты. Өйткені, індетпен ауырған ұсақ мал бірден өліп тынады. Қынадай қырылған малымен басы қатқан шаруалар да жағдайы шатқаяқтап кеткенін алға тартады. Өйткені ауылдағы 159 кәсіпкер індетке дейін миллиондап несие алып, мал басын көбейтпек болған. Алайда жығылған үстіне жұдырық болып, мал індеті алған түлігінің талайын тырапай асырған. «Ауылдағы қазіргі ахуалымыз аса алаңдатарлық. Малымыз індеттен қырылып жатыр. Ал бізге осыдан екі апта бұрын келген облыс әкімінің орынбасары, Ветеринария басқармасының орынбасар­лары жиын ашып, мәселеміздің шешілеті­нін мәлімдеген. Бірақ уәде еткен екі ап­тасы өтіп кетсе де, ауылға ат ізін салған билік өкілі болмады. Ал өлген малымыз үшін өтемақы да ала алмай отырмыз. Өйткені ветеринарлар малдың өлгенінің видеоматериалын түсіріп апарсақ та анықтама бермей отыр. Барып көрсетейік десек, оған көнбейді. Бұдан артық оларға қандай дәлел керек? Ал қазір миллион­даған қарызға батқан біздердің зарымызды ешкім елең қылмайтын сияқты. Біз сол малдың төлін өсіріп, одан кейін несиемізді қайтарамыз деген ниетпен алдық қой. Бірақ осындай алапат ауруға тап болып, қайтерімізді білмей дал болдық», – дейді Еркіншілік ауылының тұрғыны Бекзат Серікпай. Балалар жаппай ауруға шалдықты «Ауылдағы мал індеті бәрімізді қатты алаңдатып отыр. Мал індеті адамға жұқты ма деген қаупіміз де бар. Өйткені, осы індеттен кейін кенеттен балаларымыз ауыра бастады. Ішкен-жегені тоқтамай, бірден іші өтіп жатыр. Онымен қоса дене қызуы көтеріліп, құсады. Тіпті, жаппай ауыл балалары ауырып жатыр десем артық айтпаймын. Қазір шамамен кемінде 400 бала ауырып жатыр. Мәселен, жаңадан ашылған «Әмина» балабақшасындағы 200 баланың барлығы түгелдей ауырды. Аудандық ауруханаға жіберсек соңғы­ларын тіпті қабылдамай да қойыпты. Өйткені инфекциялық бөлімінде балалар­ға орын қалмай толып қалғанын айтты. Бұл дегеніңіз нағыз сұмдық емес пе? Адамның денсаулығынан артық не бар? Жергілікті биліктен, ветеринарлардан қайыр болмай тұр. Өлген малға анық­тамасын да бермейді. Барып көріңіз десек, «Уақытым жоқ», – дейді. Ал аудандық аурухана ауырған балалардың қандай диагнозбен ауырғанын да ашып айтпады. Кешігіп келген вакцинасынан не қайыр? Тұтас ел алды, бір миллион теңгеге дейін, кемі 100-150 мыңға дейін дәрілер мен вакцинаны өз қаражатына сатып алды», – дейді Еркіншілік ауылының фельдшері Серікбол Кенжебекұлы. Әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ «Соңғы мамыр айында жұқпалы аурулар бөліміне 11 адам түсті. Оның ішінде бесеуі – Еркіншілік ауылынан. Балалардың бесеуі ішек инфекциясымен түскен. Бірақ аурухана түгелдей толып жатқан жоқ. Қазір инфекциялық ауруханада орын бар. Науқастар бір рет іші өтсе болды, жатқызыңыз деп келеді. Оның бәрін қабылдай алмаймыз. Сондықтан бірнеше баланы қабылдама­ғанымыз рас. Қазір аурудың нақты­ланбаған ішек аурулары екені анықталып отыр. Сондай әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ», – дейді Ерейментау аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Сарқытұлы. Мәселе бойынша облыстық Вете­ринарлық басқарманың да түсініктеме беруін сұрадық. Олар көптен күткен вакцинаның өткен аптаның жұмасында ғана жеткенін айтты. Індет облыстың тоғыз ауданын тұтастай шарпыған. Ал ең ушыққан ошағы Еркіншілікте болып тұр. «Аурудың аусыл ма әлде басқа ма, ол әлі зертханалық түрде расталған жоқ. Індет жұққан мал 4-6 күн ішінде сауығып кеткен еді. Бір ауырған мал қайтадан ауырмайды. Өткен аптаның соңында тегін вакцина да жетті. Қазір 90 пайыз мал емделді. Вакцинаны тегін береміз. Қазір қолымызда 324 мың доза қара мал және 114 мыңға жуық шошқа вакцинасы бар. Қазір ауру облыстың тоғыз ауданында таралып жатыр. Ерейментау ауданына тағы 6 ветеринар жібердік. Олар барлығын толықтай бақылап тексеретін болады. Аудандық бас ветеринарға жағдайды толықтай тексеріп қайтуын тапсырдым. Малдың өлгені туралы анықтама береді. Бірақ оның осы аусылмен ауырғаны туралы расталмағандықтан бере алмайды. Бұл жағдайды қазір тағы аудандағы ветеринарларға айтамын. Тексерілетін болады», – дейді Ақмола облыстық Ветеринарлық басқармасы басшысының орынбасары Ағыбай Қоқышұлы.  
P.S. Сонымен, мал індетінен арыла алмай жатқанда, ол адамға жұқты ма деген сауал көпті алаңдатады. Ал тиісті органдар оны жоққа шығарғысы келетін сияқты. Өйткені арада бірнеше айлар өтсе де, індеттің аусыл я басқа екені әлі зертханалық тұрғыда расталмаған. Ал вакцина «жау кеткен соң» жеткен. Еркіншіліктер оның енді қажет те болмайтынын айтады. Мәселенің түйіні облыстық деңгейде шешілмейтіні айдан анық. Сондықтан, тиісті министрліктер мен Парламент аталған жағдайды дереу бақы­лау­ға алар деген үміттеміз...

Ақмола облысы