Бүгін – Мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдық мерейтойы. Осыған орай елорда төрінде Патриоттар форумы ұйымдастырылып, көк Туымыздың, еңселі Елтаңбамыздың, асқақ Әнұранымыздың биік белесі ерекше салтанатпен аталып өтті.
Іс-шарада Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев еліміздегі әр салада өзінің кәсіби жетістігімен ерекшеленген отандастарды «Жыл патриоты» аталымымен марапаттады. Сонымен қатар салтанатты іс-шараға Елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібеков ағамыз бастаған құрметті қонақтар, мәдениет өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар қатысты.
«Біз осындай іс-шаралар арқылы жастардың бойындағы патриоттық сезімге серпін береміз, жарқын болашаққа жалындаған жігермен жол аламыз. Дербестігіміздің дәлелі, Тәуелсіздігіміздің символы – Көк туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз мәңгі жасасын!» – деді Дәурен Абаев.
«Жыл патриоты» номинациясының жеңімпаздары:
«Ғылым және білім»: Асхат Жұмабеков – білім беру зерттеулерінің Еуропалық Ассоциациясының еуропалық байқауының жеңімпазы;
Максим Здоровец – физик, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тректік мембраналық технологияларды дамыту жөніндегі инженерлік бейіндегі зертхананың жетекшісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты.
«Мәдениет және спорт»: 2022 жылғы Бейжіңдегі қысқы Паралимпиадасының қола жүлдегері – Александр Герлиц;
Гүлнұр Мамасарипова – телепродюсер, сценарист.
«Медицина және волонтерлік»: QazCovid-in (QazVac) коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеуші – Күнсұлу Закария;
Ерікті – Абылайхан Әбдіраш. Нұр-Сұлтан қаласында пандемия кезінде кәсіби медициналық көмек көрсеткен. Сондай-ақ халыққа медициналық көмек көрсету үшін «Қазақстанның Медицина Жастары» РҚБ құрған.
«Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы»: Өз қаражатына туған ауылында (Погадаев ауылы, БҚО) спорт кешенін салған кәсіпкер Бейбіт Асанов. Қазіргі уақытта онда ауыл тұрғындары жаттығып, мәдени іс-шаралар өткізуде;
Аманжол Арипов – «БАХА SОHNE» ЖШС директоры, Ақмола облысы Атбасар ауданы Покровка ауылында сұлы үлпегін өндіретін зауыт салған. Компанияның 1000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы бар.
«Технология және бизнес»: Өркен Мамырбаев – Phillips компаниясымен бірге қазақ тіліндегі сөздерді мәтінге айналдыратын бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеген. Бұл технология қазақ тілін ақпараттық кеңістікке интеграциялау және дамыту үшін тұңғыш рет әзірленген;
Сабыржан Акбаров – кәсіпкер және меценат, 2021 жылы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуынан пайда болған апат кезінде Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына көмек көрсеткен. Сондай-ақ өткен жылы қуаңшылыққа байланысты жем-шөп тапшылығы кезеңінде Маңғыстау облысының тұрғындары үшін шөп жинауға көмек көрсеткен.
«Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар»: Ұлан Мырзабай – гвардияшы. Ақтөбе қаласындағы қаңтар оқиғасы кезінде Отан алдындағы борышын абыроймен орындап, ерлік көрсеткен;
Сәбит Шонтақбаев – сегізінші қабаттан үш жасар қызды өз өмірін қатерге тігіп құтқарған.