Маңғыстау облысында 19 жастағы сарбаз көз жұмды
Маңғыстау облысында 19 жастағы сарбаз көз жұмды
Маңғыстау облысының Бейнеу шекара қызметінде мерзімді әскери  қызмет атқарған тағы бір сарбаз көз жұмды. Бұл туралы Бегабат Узаков есімді желі қолданушы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. “Бүгін таңғы сағат 5-тер шамасында Маңғыстау облысы Бейнеу шекара қызметінде мерзімді әскери борышын өтеп жүрген Тешебаев Еділ Бақытұлы (20.03.2003) "асылып қалған". Әскери бөлімдегілер марқұмның Түркістан облысы Сарыағаш ауданында тұратын отбасына екі түрлі хабар айтқан: алғашында "аяқкиімінің бауына асылып қалған" десе, кейін " белбеуіне асылып қалған" деген.  Тағы бір таңданарлық жайт,  әскери бөлімдегілер марқұм жазып кеткен деп түрлі жазбалар жіберіп жатыр екен. Жазбаларда көрсетілген уақыт дұрыс көрсетілмеген. Жазу да марқұмға тиесілі емес көрінеді. Марқұм кеше кешке таныстарынан, туыстарынан ақша сұраған. Айдың-күннің аманында тағы бір боздақ қыршын кетті, тағы бір отбасы қара жамылды. Қазақстан әскеріндегі қайғылы жағдайлар қашан тоқтайды?  Жоғары шенді әскерилер армияны бақылаудың орнына жалған құжат жасап, айыбын жуып-шаюмен айналысып кеткен бе? Бұл оқиғаның ақиқатын кім анықтайды?” – деп жазылған жарияланымда. ҰҚК баспасөз қызметі 4 маусымда Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінде мерзімді қызмет әскери қызметшісі өзіне қол жұмсағанын растады. Құқық қорғау органдары қажет тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Өкінішке қарай, кейінгі кезде елімізде әскерге кетіп, отбасына табытпен қайтқан сарбаздар көбейді. Жақында ғана Отарда Әлібек Қалбай  есімді жас жігіт жұмбақ жағдайда көз жұмған еді.  width=