Ақтауда миллион теңгесін ұмытып кеткен азамат бірнеше сағаттан соң тауып алды
Ақтауда миллион теңгесін ұмытып кеткен азамат бірнеше сағаттан соң тауып алды
Ақтауға келген қарағандылық азамат теңіз жағалауындағы адам көп жүретін жерде 1 миллион теңгеcін ұмытып кетіп, бірнеше сағаттан соң қайтадан тауып алды. Жағалауда қалдырған әмиянын іздеп келген қала қонағы ешкім тиіспеген күйі жатқанына куә болды. Ақтауда 1 миллион теңге ақша салынған әмиян теңіз жағалауында бірнеше сағат бойы жатқанда оған ешкім тиіспеген. Экспресс К сайтының тілшісінің жазуынша, Маңғыстау облысындағы Құрық порты арқылы жеткізілген көлігін алып кетуге келген қарағандылық тұрғын естен кетпес хикаяға тап болды. Шаруасын реттеген соң қаланы аралап көрмекке бекінген ол 1 миллион теңгесін 14-ықшамаудандағы теңіз жағалауы аумағында ұмытып кеткен. Бірнеше сағаттан кейін тамақтану орнында әмиянының жоғы есіне түскен бетте ғана  іздеген.
"Ақтауға жұмыспен келіп едім. Шаруаларымды реттегеннен кейін қаланы араладым. Келіп тұрып Каспийге түспей кеткенім жарамас деп 14-ықшамаудан маңында теңізге түстім. Киімдерімді қалдырған орында әмияным қалған. Кетер кезде қара басып ұмытып кетіппін. Оны бірнеше сағаттан кейін білдім", – деді қарағандылық Тұңғышбек Сапартайұлы.
Ақшасын ұмытқанын білген қонақ алып ұшып шомылған жеріне келсе, адам қарасы көп екенін байқайды. Үмітін үзсе де қарай салайын деген ниетпен барса, ақша мен құжат салынған әмияны өзі қалдырған орында тұрғанын көреді.
"Ақшамен бірге шет елден сатып алған көліктің құжаты бар еді. Егер жоғалса, көлікті кедендік рәсімдеуден өткізу мәселесі күрденеле түседі. Оны алған жағыма апарып қайтадан құжатты жасату мүмкін емес. Ал бізде шет елде тіркеудегі көлікті құжатсыз тіркемейді", - дейді Тұңғышбай Сапартайұлы.
Ақтаудағы қоғамдық орында қараусыз қалған ақша салынған әмиянды қала тұрғандары байқағанымен, ешқайсысы тиіспеген. Бірнеше сағат бойы жағалауда жатқан құжат осылайша иесіне қайта бұйырды. Қала ішін аралаған қарағандылық қонақ таксидің арзан бағасын естіп қатты таңғалыпты. Бірнеше шақырым жерге болмашы ғана қаржы сұраған таксишілердің қанағатшылдығына риза болып деп отыр. "Қала шетінен орталыққа дейін таксимен жетіп қалдым. Түсер кезде жолақысы қанша десем, 400 теңгедей болады деп қарап отыр.
"Айналайын-ау, бәлен шақырым жерден алып келіп сұрағаның осы ғана ма?" деп еңбегіне мың теңге төлесем, "Аға, артық аударып қойдыңыз" деп жатыр", – деп таңғалды қала қонағы.
Ақтауда тура бір күн болған ол қаланың қазақылығымен қатар, қараусыз жатқан затқа ешкімнің тиіспейтіндігіне қатты таңырқады.
"Мыңдаған адам жүріп, біреуінің "неғылған зат?" деп ұстап көрмеуіне қайран қалдым. Бұл ақтаулықтардың болмысын көрсетсе керек", – дейді Тұңғышбай Сапартайұлы.