Өзгерістер өркениетке бастайды
Өзгерістер өркениетке бастайды
194
оқылды
Алматы қаласының іргесіндегі Қарасай ауданына халық тығыз қоныстанған. Облыс экономикасына қосар үлесі қомақты аймақтың  халқы өздерінің саяси белсенділігімен де ерекшеленеді. Қоғам өмірінен тысқары қалмайды. Бұл жолғы референдумның бұған дейінгі дауыс беру шараларынан өзгеше екенін жете сезінгендіктен болар, тұрғындар ешкімнің үгіт-насихатынсыз-ақ, таң атысымен сайлау учаскелеріне дауыс беруге ағылды. Солардың бірі, сайлау учаскесіндегі бақылаушылық міндетін атқара жүріп, өзінің таңдауын білдірген ұстазды сөзге тартқан едік. ­ – Мен де өзім мұғалім болып қызмет істейтін Қарасай ауданының Жібек жолы ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепте орналасқан №478 дауыс беру учаскесіне жерлестіріммен, көршілеріммен, отбасыммен бірге келіп, Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістерді қолдап, дауысымды бердім. Қозғаусыз тұрған дүние ешқашан алға қадам баспайды. Мұны елдің дамуына қатысты да айтуға болады. Ал кез келген мемлекеттің өркениет көшіне ілесуіне, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуына, бірінші кезекте сол заманның сұранысына лайық, талабына сай келетін заңның қызмет ететінін ешкім жоққа шығара алмайды. Соған сай Конституцияға өркендеуге қатысты өзекті тұстарға қызмет етуге тиісті баптар бойынша өзгерістер енгізілуі керек деп ойлаймын. өркениет «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген, бұл жолғы қадам қалың бұқараның көкейінде жүрген талай түйіткілді тұстардың түйінін тарқатуға септігін тигізуге тиісті. Мемлекеттің жоғары билігіне байланысты өзгерістер, жерге және жер қойнауына меншіктілікке  қатысты жаңалықтар және тағы басқа да жұрттың жүрегіне жылы тиіп, көңілінен шыққан ұсыныстар көпшіліктің қолдауына ие болары анық. Солардың бірі ретінде мен де рефрендумға елмен бірге келіп, өз таңдауымды жасадым. Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз екені сөзсіз.  Дана халқымыз айтқандай, қазіргі уақытта тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. Осы тұрғыда біздер Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына өзіміздің лайықты үлесімізді қосатын боламыз. «Өзгерістер өркениетке бастайды» деген сенім барлығымызды болашаққа батыл қадам басуға ынталандырады.  Болашақ ұрпақ тәрбиелеп отырған  білім саласындағы  әріптестерім, ел ертеңі үшін еңбек етіп жүрген «AMANAT»  партиясындағы  саяси серіктестерім де мені құптайды және өз таңдауларын білдіреді деп ойлаймын, – дейді  Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің мұғалімі Ақнұр Мыңжасарова. Бүгінгі референдумда Алматы облысы бойынша 1 053 дауыс беру учаскесі  жұмыс істеуде. Дауыс беретіндердің саны 1 392 237 адам.  Облыс әкімі Қанат Бозымбаев таңертең елмен бірге Талдықорғандағы Мәдениет сарайына орналасқан № 974 уаскеге келіп, өз қалауын білдірді.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы