Халық өз таңдауын жасап жатыр
Халық өз таңдауын жасап жатыр
184
оқылды
Бүгін Сыр өңірінің жұртшылығы да жалпыхалықтық референдумға бір кісідей үн қосуда. Таң атқаннан сайлау учаскелерінде лек-легімен ағылған халық Ата Заңымызға 56 өзгеріс енгізу бойынша өз таңдауын жасап жатыр. Қызылорда қаласындағы М.Ералиева атындағы мәдениет үйінде жұмысын бастаған №174 референдум учаскесіне таңғы сағат 7:00-ден бастап дауыс беру шарасы басталып кетті. Бұл сайлау учаскесінде 1026 азамат таңдау жасау құқығына ие. Қазірдің өзінде келушілердің белсенділігі жоғары. «Референдум учаскесі жұмысын өз уақытында бастады. Жауапты адамдар халықтың әділетті таңдау жасауына барлық мүмкіндіктерді қарастырды. Ахуал тұрақты. Саяси шара бірқалыпты өтуде. Ешқандай заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Дауыс беруге жастар да, қазыналы қарияларымыз да өз үлестері қосып жатыр. Қарттарымыз ел болашағына серпін беретін саяси шараның маңызын жоғары бағалап, батасын беруде. Өзім де ел қатарлы өз таңдауымды жасадым. Бүгінгі референдум әділ және ашық өтетініне сенемін» – дейді 174 референдум учаскесінің «AMANAT» партиясы атынан қатысқан  өкілі Қалдан Тұяқбаева. Жалпы қазіргі уақытта аймақта 373 дауыс беру учаскесі қалыпты жұмыс жасап тұр. Ел болашағы үшін өтіп жатқан маңызды шараға өңір жұртшылығы жоғары деңгейде белсенділік танытуда.

Ербақыт Жалғасбаев,

Қызылорда облысы