Халықаралық байқаушы сайлау учаскелеріндегі қызметкерлердің жұмысына жоғары баға берді

Баротзода Файзулло

Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы Парламенттік Ассамблеясының жұмыс тобы елімізде өтіп жатқан референдумға байқаушы ретінде қатысты. Жұмыс тобының өкілі Баротзода Файзулло дауыс беру учаскелеріндегі қызметкерлердің кәсіби деңгейін жоғары бағалады.

Баротзода Файзуло алдымен қазақстандықтардың референдумға қатысу белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ елімізде өтіп жатқан саяси процестің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Осы ретте сайлау учаскелеріндегі қызметкерлердің кәсіби деңгейіне ерекше тоқталды.

«Таңертеңнен бері  10 сайлау учаскесіне болдық. Ешқандай құқық бұзушылық байқалған жоқ. Халықтың белсенділігі де жоғары. Жалпы референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жастардың осы саяси шараны жақсы түсінетіні байқалды. Бақылау кезінде барлық сайлау учаскелерінде өте тәжірибелі мамандар тағайындалғанын байқадық. Олардың бірнеше рет сайлау процесіне қатысқан тәжірибелі мамандар екені көрініп тұр. Шетелдік байқаушыларға өз қызметін жүзеге асыру үшін де барлық қолайлы жағдай жасалған. Осы ретте ел Президентіне,  Орталық сайлау комиссиясына, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне, Парламенттің екі палатасы мүшелеріне алғыс білдіреміз», – деді Баротзода Барот Файзулло.

Сондай-ақ жұмыс тобының координаторы, Тәжікстан парламентінің депутаты Баротзода Файзулло саяси процеске қатысудағы жастардың белсенділігіне де баға берді. Оның айтуынша, қазақстандық жастардың бойынан жоғары саяси белсенділік пен ел өзгерісіне атсалысуға деген  жауапкершілік байқалады.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.