Халықаралық ақпарат орталығында өткен брифингте Ресей Федерациясы өкілі Олег Цепкин референдумның өту барысы бойынша пікір білдірді. Оның айтуынша, ел тұрғындары тұрақты даму мен жарқын болашақ үшін белсенді түрде дауыс беріп жатыр. ТМД Парламентарлық Ассамблеясының мүшесі Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлау учаскелерінде адам қарасы көп болғанын айтты. Сонымен қатар учаскелердің дайындығы мен комиссия мүшелерінің біліктілігіне жоғары баға берді.
«Нұр-Сұлтан қаласында учаскелердің ашылу салтанаты өте керемет ұйымдастырылған. Сайлау комиссиялары сайлаушыларды қабылдауға толықтай дайын болды. Өзіміз болған барлық учаскелерде дауыс берушілердің кезекте тұрғанын көрдік. Тіпті, учаскелер ашылмай тұрып келіп алғандар да болды. Сайлауға келген азматтардың көңіл күйі де жақсы», – деді Олег Цепкин өз сөзінде.Сондай-ақ сайлаушылардан алған пікірінің нәтижесін де бөлісті. Оның айтуынша, ел тұрғындарының басым бөлігі өзгерістерге позитив көзқараста.
«Тұрғындардың өзгеріске қатысты ойларын, пікірлерін тыңдадық. Олар тұрақты дамуды қалайды. Халық пікірінен референдумнан кейін әлеуметтік-саяси өмірдің жақсаруын күтетінін байқадық. Азаматтардың жауабынан бәрі де елдегі өзгеріске атсалысуға келгенін түсіндік» – деп нақтылады ТМД Парламентарлық Ассамблеясының мүшесі.Одан бөлек мемлекет тарапынан референдум жайлы ақпарат тарату, түсіндіру жұмыстарының дұрыс бағытта жүргізілгеніне де тоқталды. Сонымен қатар Ресей Федерациясында өткен референдум тәжірибесіне сүйене отырып, билік органдарының ұйымдастыру жұмыстарын жоғары бағалайтынын жеткізді.