5 маусым – Қазақ елі үшін өте маңызды күн!
5 маусым – Қазақ елі үшін өте маңызды күн!
Бүгін мемлекетімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыхалықтық референдум өтіп жатыр. Атап айтқанда, Ата Заңға бірқатар өзгерістерді енгізу арқылы мемлекетіміздің дамуына, жаңа бағытта өркендеуіне мүмкіндік туғызатын жолды таңдайтын кезең туды. Әрине, халықтың сенімінен шығып, қалың бұқараның көңіліндегісін дөп басып, нақтылап, қажетті жұмыстарды жүзеге асыру үшін билікке үлкен жауапкершілік жүктеліп тұр. Оны орындау үшін, ең алдымен, халқымыздың қолдауы мен сенімі қажет. Сол себепті мемлекетіміздің басты құжаты болып саналатын Ата Заңымыздың 30-дан астам бабына енгізілетін 56 өзгеріске еліміздің азаматтары бей-жай қарамаса керек? Сондықтан Конституциялық реформаға қатысып, дауыс беру мемлекетімізге, өзіміз және ұрпағымыз үшін өте қажет және оған қатысып, өзінің ұстанымы мен пікірін білдіру әрбіріміздің  азаматтық парызымыз деп ойлаймын. Әрине, бұл жерде референдумға барып дауыс беру жеке адамға немесе белгілі бір ұйымға дауыс беру емес екені бесенеден белгілі. Бұл өзгерістер тұтас мемлекеттің даму бағытын халықтың үніне құлақ аса отырып, көп жағдайда жеке мүдделерге қызмет етіп келген бағытты, ар-ожданнан аттап заң бұзушылық арқылы баю әдетке айналған және қалыптасқан үрдісті тоқтатып, мемлекетті ашық қоғам негізінде дамытуды жүзеге асыруға талпынған қадам ретінде қабылдауға негіз бар. Әрісін айтпағанда, берісі қаншама жылдар бойы сайлауға түсерде немесе тағайындалар сәтте уәдені үйіп-төгіп беріп, артынан жалтарып кететін адамдар мен топтардың ендігі жерде мақсаты мен пиғылының жүзеге аспауына жол берілмейтін, тіптен әлде де соның арқасында тайраңдап жүргендерге шектеу, тосқауыл қойылатын кез келді деп және референдумды қолдау үшін Түркістан қаласындағы тұрғылықты мекен-жайым бойынша тіркелген №136 референдум учаскесіне дауысымды бергелі келіп отырмын. Дауыс беру барысында байқағаным, ертеңгі күнге деген сенімін арқалап келген дауыс берушілердің көңіл күйі жақсы, белсенді қатысып жатыр. Естуімше, түске дейін дауыс беруге құқы бар 3 мыңға жуық адамның 50 пайыздан астамы қатысқан. Әрине, референдум аяқталған соң да Ата Заңға енетін өзгерістер одан ары жалғасын тауып, қажеттілігіне қарай тағы да 20 шақты заңға тиісті өзгерістер енгізе отырып, халық тарапынан «әлде де мыналар қамтылуы керек еді, әттеген-ай» дейтін дүниелерді толықтыруға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Референдумнан мен не күтем және қандай дүниелер қолға алынса деген ойларымның бәрін тізіп шықпай-ақ, бірер тұстарына ғана тоқталып өтер болсам: Айталық, референдумда Ата Заңға енгізілетін өзгерістер халықтың қолдауына ие болып, жоғарыда аталғандар қолға алынса, алдымен халықпен санасатын Үкімет және  мемлекеттің жоғары құрылымдары халықтың үніне етене құлақ асып, мемлекет дамуына, тұрғындардың талап-тілектерін орындауға міндеттелуі еселене түседі. Сонымен қатар, белгілі бір тұлғалар мен ірі және орта шенділер лауазымдарын жеке мүддесіне пайдаланатындар немесе ірі кәсіпке иелік етушілердің бұрынғыдай мемлекеттік бағдарламаларға бағытталған қомақты қаржыны түрлі құйтырқы жолмен иемденуіне, кәсібін заңды белден баса отырып жүргізуіне, рейдерлік жасауына тоқтам салынып, керісінше адамдардың еңбегі шынайы бағаланып, таза жол, адал, маңдай термен еңбек етуіне тіптен баюына жол ашылады деп сенемін. Яғни, қалталылар бұрынғыдай байлығын тықыр таянғанда электронды қалтаға тығып, шетел асыруға ыңғайлап қоятындардың құйтырқы әрекеті жүзеге аспайды деп сенім артамын. Ата Заңның бірінші бабындағы «...Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары...» деп атап көрсеткеніндей, елімізде халықтың жағдайын жақсарту, әлеуметтік саланы реттеу әсіресе күннен күнге шарықтап бара жатқан бағаны тұрақтандыруға күш салу қажет. Халықтың жағдайын жақсартуды, ең алдымен, тауарлардың бағасын тұрақтандырудан бастау қажет деп санаймын. Айталық, бағаны тұрақтандыру үшін тұтынатын азық-түлік және басқа да қажетті барлық тауарлар мәселесінде өзге мемлекеттерге тәуелділікті тоқтату керек. Ол үшін алдымен жемқорлықты тоқтатып және өзіміздің отандық өнімдерімізді толыққанды өндірмей болмайды. Қымбатшылықтан құтылудың жолы деп қызметкерлердің жалақысын немесе зейнеткерлер мен әлеуметтік қолдауға берілетін қаржыны халық шулағанда аз ғана көтеріп, керісінше, қымбаттаудың одан ары өршуіне жол беруді тоқтату қажет. Керісінше ірі өндіріс ошақтары, жеңіл өнеркәсіп, ауылшаруашылық, т.б салаларды (ғылым, мәдениет, иделогия бар) қолға алу керек. Әрине мұны реттеу 1-2 жыл төңірегінде шешілмесі анық. Оған белгілі бір уақыт (кемі 4-5 жыл) керек. Мемлекеттік бағдарламаға бөлінетін қыруар қаржыны пайдалана отырып кәсібін дөңгелететін қалталы азаматтарға Қазақстан жерінде жылжымайтын мүлік негізінде жоғарыда атап өткендей, ірі зауыттар, кәсіпорындар, өндіріс ошақтарын салу міндеттелсе. Бұл қалталы адамдардың мол қаржысын шетелде ұстауына немесе белгілі бір жағдайда бар байлығы жылжымайтын мүлік ретінде елімізде тіркелгендіктен шетел асып тайып тұратындардың әрекетіне едәуір тосқауыл болары сөзсіз. Яғни, «қаржыны ал да кәсіппен айналыс, бірақ тауарды көз алдымызда елімізде өндіресің» дегендей қатаң талап керек. Тізе берсең әрине айтатын дүние өте көп.... Жалпы, референдумға барып дауыс беру-бермеу әркімнің өз құқығы. Бірақ мен ертеңгі жарқын болашағым үшін учаскеге келіп, дауысымды бердім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдаймын.

Тельман БЕЙСЕНОВ, журналист, тарих ғылымдарының магистрі