Нұрлан Әбдіров референдумда Конституциялық түзетулерге қанша адам қарсы дауыс бергенін айтты

Нұрлан Әбдіров референдумда Конституциялық түзетулерге қанша адам қарсы дауыс бергенін айтты 1
Фото: parlam.kz

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумның алдын ала қорытындысын жариялады.

Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жалпы саны 11 734 642 адам болды. Дауыс беруге қатысқандар  саны –  7 986 293 адам, яғни 68,06 пайызы қатысты.

Референдумда қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – барлық өңірде дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызы, яғни 6 163 863 адам. Бұл – 17 өңірдің әрқайсысында абсолютті көрсеткіш.

Осылайша, өңірлердің кемінде үштен екісінде қолдау қажеттігі туралы Конституциялық заң талабы сақталды. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың жалпы саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы немесе 1 490 475 адам болды.

Жарамсыз деп танылған белгіленбеген үлгідегі бюллетеньдер саны 2,58% немесе 206  096 бюллетень болды.

Республикалық референдумның қорытындысы Орталық референдум комиссиясының отырысында белгілі болады.

 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.