Референдум әділ әрі демократиялық негіздерге сай өтті - ШЫҰ Бас хатшысы
Референдум әділ әрі демократиялық негіздерге сай өтті - ШЫҰ Бас хатшысы
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин Халықаралық ақпарат орталығында өткен брифингте Қазақстанда референдум демократиялық сипатта өткенін айтты.
«3-5 маусым аралығында ШЫҰ миссиясы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің шақыртуымен референдумда байқаушы функциясын атқарды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясы құрамында 17 адам болды. Оған мүше елдердің атқарушы және заңнамалық органдардың өкілдері, ШЫҰ лауазымды тұлғалары кіреді. Мен Бас хатшы ретінде миссияны басқардым. Миссия мүшелері Орталық референдум комиссияларының құрамымен тығыз байланыста жұмыс істеді. Халықаралық ұйымдар және шетелдік байқаушылармен бірлесе жұмыс істеп, Орталық референдум комиссиясының айтулы іс-шараға дайындығы мен өткізуге қатысты жұмысын бақылады. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының референдумға қатысу процесіне байқау жүргізілді», – деді Чжан Мин брифинг барысында.
Бас хатшының мәлімдеуінше, референдум барысында сайлаушылар мен басқа байқаушылар тарапынан ережелердің бұзылуына қатысты шағым түскен жоқ.
«Миссия Орталық референдум комиссиясы мен қоғамдық ұйымдардың тәжірибелік материалдары негізінде ортақ шешімге келді. Сондай-ақ Қазақстан тарапы өзінің талаптарын толық орындады деп есептейміз. Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум халықаралық стандарттар мен Қазақстанның сайлау заңнамасына сай өтті. Референдум барысында ешқандай заң бұзу анықталмады. Біздің миссия Қазақстандағы референдумды ашық әрі әділ, демократиялық түрде өтті деп есептейді. Осы орайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ШЫҰ миссиясының байқаушы ретінде жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасағаны үшін алғыс айтқым келеді, – деп қорытындылады ШЫҰ Бас хатшысы.