ҰҚШҰ-ға мүше елдердің Парламент өкілдері ұйымның бітімгершілік әлеуетін күшейту мәселелерін қарастырды

ҰҚШҰ
©Ж.Жұмабеков

 Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Еревандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Парламенттік ассамблеясының іс-шарасына қатысты.

Отырыста Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей және Тәжікстан парламент жетекшілері осы Ұйым қызметінің өзекті мәселелерін, өңірлік  қауіпсіздік саласындағы ахуалын талқылап, алдағы жоспарларды айқындады.

ҰҚШҰ ПА Кеңесінің отырысына қатысушылар Қазақстанды еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның сәтті өтуімен құттықтады.

ҰҚШҰ

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жиналғандарды жалпыұлттық референдумның алдын ала қорытындылары туралы хабардар етіп, ҰҚШҰ ПА миссиясының құрамында референдумды бақылау мақсатымен Қазақстанға өз өкілдерін жібергені үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің парламент жетекшілеріне алғысын айтты.

«Алдын ала мәлімет бойынша 77,2 пайыз қазақстандықтардың конституциялық өзгерістерге дауыс беруі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағытын қоғамның кең қолдауының айқын дәлелі деуге болады. Мен Қазақстандағы ҰҚШҰ ПА миссиясының байқаушыларымен кездестім. Олардың белсене қатысқаны және шынайы баға бергені үшін ризашылығымды білдіремін», – деді Мәжіліс Төрағасы.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов жиналғандарға Қазақстанда жүріп жатқан конституциялық реформаның маңыздылығы туралы айтып берді.

«Референдум – бұл елімізде өзгерістерге деген қоғам сұранысына нақты жауап. Конституциялық өзгерістерде белгіленген Президент реформалары негізгі үш бағытты қамтиды. Бұл – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту, азаматтардың мемлекеттілікті басқару ісіне қатысуын арттыру, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру», – деді Ерлан Қошанов.

ҰҚШҰ

Мәжіліс Төрағасы армениялық әріптестеріне қонақжайлылығы мен іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айта отырып, кездесуді Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойылғанына 30 жыл толуымен және ҰҚШҰ-ның 20 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін айтты.

«Өткен жылдар ішінде ҰҚШҰ өзін тиімді халықаралық ұйым ретінде көрсете білді. ҰҚШҰ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – парламентаралық байланыс. Бұл ұйымның басымдықтарын ескере отырып, ұлттық заңнаманы жүйелі түрде үйлестіруге және парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді», – деді палата Төрағасы.

Мәжіліс Төрағасы Ұйымның халықаралық және өңірлік деңгейде қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бітімгершілік қызметінің әлеуеті жоғары екеніне назар аударды.

Өткен жылы мерейтойлық саммитте Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қосу туралы ұсынысты жүзеге асыру үшін қазір барлық жағдай жасалғанын ерекше атап өтті. Бұл қадам ұйымға БҰҰ аясында бейбітшілікті қолдауға бағытталған халықаралық операцияларға қатысуға мүмкіндік береді.

Бұл  әсіресе, Ауғанстандағы күрделі жағдайдың жалғасуына байланысты өзекті болып отыр . Осыны ескере отырып, Ерлан Қошанов ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу, содырлар мен радикалды діни ағымдарды ұстанушылардың ҰҚШҰ елдерінің аумағына кіруіне жол бермеу үшін оңтүстік шекараларда Ұйымның жауапкершілік аймағын күшейту маңызды екенін атап өтті.

Кеңес отырысында Парламент өкілдері ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің өткен жылғы қыркүйектегі  сессиясының шешімдерін іске асыру қорытындыларын және Ұйымның сессияаралық кезеңдегі қызметін талқылады.

ҰҚШҰ

Сапар аясында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Армения Республикасы Ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонянмен кездесті. Онда барлық салалардағы, соның ішінде екі елдің парламенттері деңгейіндегі екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі талқыланды.

Сонымен қатар  Ерлан Қошановтың Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володинмен кездесу барысында Қазақстан-Ресей парламентаралық ынтымақтастығының өзекті мәселелері қаралды. Тараптар тиісті комитеттер мен ынтымақтастық топтары арқылы бірлескен жұмысты күшейтуді, сондай-ақ заң шығару қызметі бойынша тәжірибе алмасуды қолдады. Сонымен бірге  ҰҚШҰ елдері парламенттерінің басшылары Армения Премьер-Министрі Никол Пашинянмен де кездесті.

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың делегация басшылары Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы өкілдер палатасының төрағасы Владимир Андрейченкомен, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Талант Мамытовпен және Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен екіжақты кездесулері барысында парламентаралық диалогті нығайту мәселелері талқыланды.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.