Жарқын болашаққа батыл қадам

батыл қадам

Сонымен, Қазақстанның жаңаша тари­хындағы жар­қын беттерінің алғашқы па­­рақтары ашылды. 5 мау­сым күнгі Рефе­рен­думда хал­қымыздың 68,06 пайы­зы дауыс берді. Бұл – дауыс беру құқығына ие 18 жастан асқан 7 миллион 986 293 отан­дасы­мыз өз таң­­дауын жасады деген сөз. Олар­дың 77,18 пайызы конституция­лық өзгеріс­тер­ді қолдады. Бұл межеге жеткенше дайын­дық жұ­мыс­­тары да жоғары дең­гейде жүр­генін атап өткен абзал. Оған елімізде не­гізі­нен қос бірдей Республи­ка­лық штаб атса­лысты. Со­лар­дың бірі – «AMANAT» пар­тия­­сының референдум­ды қолдау Респуб­ликалық штабы.

Халық Президент бастамаларын қолдап отыр

Қазақстан Тәуелсіз та­ри­хын­дағы жаңа белеске қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуын саяси жаңа бағытқа бұруы оның өзге экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық саладағы екінші ты­нысын ашарына сенім мол. Ен­деше егемен мемлекетімізде екін­ші рет өткен жалпыха­лық­тық ре­ферендумға дайындық жұ­мыс­тарына тоқталмай өтуге бол­майды. Осы мақсатта ең бірінші ке­зекте «AMANAT» партиясы жа­нынан Парламент Мәжілісінің Төрағасы, партия Төрағасы Ерлан Қоша­новтың басшылығымен Рес­пуб­ликалық штаб құрылған бо­латын. Штаб құрамына Парламент де­путаттары, зиялы қауым, мәде­ниет, спорт, жастар өкілдері және тағы да басқа ел өміріндегі белсенді тұлғалар енді. Аймақтарда облыс­тық және аудандық деңгейдегі штаб­тар құрылып, республика бойынша барлығы 218 штаб жұмыс істеді.

Референдумды қолдау мақ­са­тында партия басшылығының өңір­лерге жұмыс сапары жасалды. Партия Төрағасы Ерлан Қошанов 3 өңірге барып, жергілікті тұр­ғындармен, түрлі сала өкілдерімен, аймақ белсенділерімен кездесу өткізді. Маңғыстау, Шығыс Қа­зақстан және Қарағанды облыста­рын аралау кезінде 600 адамды қамтыған 11 іс-шара өткізілді. Са­пар барысында Ерлан Қошанов алдағы референдум жайлы айтып, ел тағдырын шешетін ауқымды ре­формалардың мән-маңызын тү­сіндірді. Өзгерістердің басты мақ­саты азаматтардың Ата Заң­дағы құқығын қорғауды негізге ала­тын әділетті қоғам құру екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мем­лекет басшысы ұсынып отырған конституциялық реформалардың барлық салаға да қатысы бар.

«Жұртшылық Мемлекет бас­шысының бастамаларын жақсы қабылдап, қолдап жатыр. Ел бо­лашағын айқындайтын осындай ауқымды реформалардың тағды­рын халықтың өзі шешуі керек. Осы оймен Мемлекет басшысы ре­ферендум жариялады. Таяуда Пре­зидент Жарлығымен Ұлытау облысы қайта құрылды. Өзде­рі­ңізге белгілі, қазіргі Қарағанды – алып аймақ. Бір орталықтан мұн­дай өңірді басқарудың тиімсіз тұс­тары баршылық. Шалғай елді мекендерден облыс орталығына жету қолайсыздық тудыратын. Сондықтан бұл халық үніне құлақ асқан әділ әрі тиімді шешім деп есептеймін. Дегенмен Қарағанды облысы еліміздегі ең ірі аймақтың бірі болып қала береді», – деді Ер­лан Қошанов. Қарағанды өңі­ріне сапары барысында «AMANAT» партиясының төрағасы жеке қа­был­дау өткізіп, облыс тұрғынд­а­ры­мен сөйлесті. Теміртау қаласын­дағы 20 мың емделушіге арналған жаңадан ашылған емханаға барып, ем қабылдайтын кабинеттерді ара­лап, дәрігерлермен әңгімелесті. Одан кейін спорт дене шынық­ты­ру-сауықтыру кешеніне барып көр­ді. Сапар аясында Ленин атын­дағы шахтаға барды. Өңірдегі ірі көмір шығаратын заманауи кен ор­нының қызметімен таныс­қан­нан кейін Ерлан Қошанов 770 метр тереңдіктегі шахтаға түсіп, кен­ші­лермен референдум туралы әңгі­мелесті. Сондай-ақ Абай ауданы Көксу кентінің ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен, Шет ауда­ны С.Сейфуллин атындағы ауыл­дың жұртшылығымен кездесті.

жарқын болашақ

Ал Маңғыстау облысына сапа­ры кезінде Мәжіліс Төрағасы маң­ғыс­таулықтардың Президенттің сая­саты мен жаңа бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп жүргеніне назар аударды. Конституциялық реформа меритократия мен әділ­дікті орнату үшін қажет екенін атап өтті.

«Партияларды тіркеу талапта­рының төмендеуі – жаңа саяси бірлестіктердің пайда болуына жол ашады. Мұның бәрі елдің саяси өмірін жандандыратыны сөзсіз. Парламенттегі талқылау да қыза тү­сері анық. Мемлекет басшысы­ның «пікірталас көшеде емес, Мә­жіліс пен мәслихатта болуы керек» деген сөзі іс жүзіне асуда. Енді өз күшіне сенген адамның мажори­тарлық сайлау жүйесі арқылы депутат болуына мүмкіндігі бар. Маңғыстауда ондай азаматтар жет­кілікті деп ойлаймын. Азаматтар елдің өміріне араласып, қызметтік және әлеуметтік өрлеуге тең мүм­кіндік алуы керек. Саяси өзгерістер еліне адал, қолынан іс келетін, ақыл-ойы ұшқыр әрбір азаматтың жолын ашу үшін қолға алынды. Сон­дай-ақ бұл түзетулер моно­по­лия мен олигополияны жойып, бизнеспен еркін айналысуға мүм­кіндік береді. Жалпы алғанда, Пре­зидент реформалары елдің бас­қару моделін түбегейлі өзгер­теді, – деді палата Төрағасы.

Сапар барысында Ерлан Қо­шанов өңіріндегі бірқатар мәсе­ле­лерге тоқталып өтті. Олар – ауыз­сумен қамтамасыз ету, жұмыс­сыз­дық, жем-шөп тапшылығы және тағы басқа әлеуметтік жайттар. Сонымен қатар палата Спикері «AMANAT» партиясының облыс­тық филиалының жұмысымен танысып, Аналар кеңесінің мүше­лерімен кездесті. Ш.Есенов атын­дағы Каспий мемлекеттік техно­логиялар мен инжиниринг универ­ситетін аралады. «Қошқар ата» қалдық қоймасына барып, өңір экологиясын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысын көрді. Сапар соңында Total компаниясына барып, мұнай кен орындарындағы жұмыс­кер­лермен сөйлесіп, референдумның мән-маңызын талқылады.

Әділетті Қазақстанды бірге құру – барлығымызға ортақ міндет

– Өздеріңіз білетіндей, «AMANAT» партиясы Прези­дент­тің қоғамдық тірегі ретінде үгіт-насихат жұмысына бірінші күннен бастап белсенді түрде кірісіп кетті. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында біз санға емес, сапа­сына мән бердік. Кеше азаматтар өз таңдауын жасап, елдің болашақ даму жолына қатысты шешім қа­былдады. Осы арқылы еліміз Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, референдумға азаматтарымыздың 68,06 пайызы келіп, өз дауыстарын берген. Бұл 8 млн-ға жуық азамат. Олардың 77,18 пайызы консти­ту­циялық өзгерістерді қолдады. Жал­пы, референдум елімізде де­мо­кратиялық сана мен саяси мә­дениеттің күшейгенін дәлелдеді. Азаматтарымыз түбегейлі өзгеріс­терді талап етті. Президент ұсын­ған реформалар сол өзгерістер сұ­­ранысына нақты жауап болды. Жаңа Қазақстанның кескіні, құ­ры­лымы, бағыт-бағдары анықта­лып жатыр. Референдумда халық оны өзі айқындады. Алда көп жұ­мыс, үлкен міндеттер тұр. Енді Жа­ңа, Әділетті Қазақстанды бірге құру – барлығымызға ортақ мін­дет, – деді «AMANAT» партия­сы­ның Атқа­ру­шы хатшысы Асхат Оралов.

Жалпы, Республикалық пар­тия­лық штаб мүшелері 6 мамырдан 3 маусымға дейін үгіт-насихат жұмыстары аясында 12,7 мың іс-шара өткізді. Олар шалғай елді ме­кендердің, ауылдардың, қала­лардың тұрғындарымен, жастар­мен, мұғалімдермен, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті. Сон­дай кездесудің бірі – «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті аграрлармен, зиялы қауым өкілдерімен, БПҰ төрағаларымен және партия акти­вімен өтті. Мағжан Жұмабаев атын­дағы ауданның Полудинское ауылындағы сүт-тауар ферма­сының алаңында ол облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өнді­рушілерімен кездесіп, алдағы Конс­титуциялық реформаның маңызын талқылады. Сонымен қа­тар Асхат Оралов бастауыш пар­тия ұйымдарының төрағаларымен де кездесті. Ол партияның қозғау­шы күші – БПҰ-ның базасында жалпыұлттық референдумның мәні туралы түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Бүгінде облыста құрамына 28 мыңнан астам партия мүшесі кіретін 246 БПҰ бар. Осы ретте Республикалық партия штабының жергілікті жерлердегі жұмысын осы бастауыш ұйымдар бастаған облыстық филиал функционерлері абыроймен жоғары деңгейде атқарып шықты.

Ең белсенді өңір – Ақмола

Сонымен, Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Ел тарихындағы жарқын оқиғада өңірлер үлкен белсенділік танытты. Референ­дум­да сайлау учаскелеріне келген жұр­т­шылықтың ішінде Ақмола облысы тұрғындарының 82 пайы­зы оны жақтап дауыс берген. Осы­лайша ақмолалықтар өзге аймақ­тар арасында көш бастап тұр.

Халықтың белсенді болуы ақ­параттық-түсіндіру жұмыс­тары­ның кең көлемде жүргізілгенімен байланысты екені сөзсіз. Мемлекет басшысы Референдум жария­ла­ғалы бері «AMANAT» партия­сы­ның бекітілген желілік кестесі бо­­йынша Ақмола облысында 102 014 мың адамды тартқан 2 498 іс-шара өткізілген. Одан бөлек, партияның аймақтық және аумақтық филиал­дары, партия штабы қосымша 60 583 адамды қамтыған 1302 іс-шара өткізген. Бұл ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен облыстағы әр бір үшінші сайлаушының тартылға­нын білдіреді.

Штаб құрамына барлық дең­гейдегі мәслихаттардың 200 депу­тат­ты түгел тартылды, олардың ішін­де 20 мәслихат хатшысы да бар. Ал жалпы қоғамдық кеңестер мен түрлі салада қызмет атқаратын, қоғамдық пікір лидері боп сана­латын партияластарды қоса ал­ғанда штаб мүшелері 463 адамды құрады.

Аймақтық штаб сыртында, насихат жұмыстарын Республи­калық партия штабының мүшелері келіп күшейте түскенін де атай кеткен абзал. Осы мерзім ішінде өңірге келген Мәжіліс депутаттары 215 көшпелі жиын өткізіп, Ақмола облысының 128 елді мекенінде бо­лып 6 мың адамды қамтыған кез­десулер өткізген. Мұндай кез­де­сулер барысы тек насихат жұ­мыс­тарына ғана емес, халықты тол­ғандыратын мәселелер бо­йын­ша пікір алмасып, кері байланыс түріндегі форматта өтті. Ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстары кезеңін­де облыс бойынша тұрғындардан 800-ден астам ұсыныс пен өтініш түскен.

Нақты мысалдар келтірер бол­сақ, партияның облыстық филиа­лы­ның атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова осы уақытқа дейін өңірдің спортшыларымен, меди­цина, білім беру саласының қыз­меткерлерімен және статистика, зейнетақы төлеу жөніндегі мем­лекеттік орталық, қазынашылық жүйесінің мамандарымен, тіпті Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылының тұрғындарымен кез­десіп, референдум бойынша пікір алмасты.

Ал «AMANAT» партиясының облыстық депутаттық фракция­сының жетекшісі Ғалым Бекма­ғам­бетовтың тек бір күнде 2-3 кез­десу өткізген кездері болған екен. Мәселен, Ғалым Мәдешұлы еліміз бойынша кірпіш өндіретін Көкшетаудағы ең ірі зауыт жұ­мысшыларымен және орыс драма театрының ұжымымен тарихи ма­ңызы зор республикалық рефе­рен­думның мәні мен маңызы және оған қатысудың қажеттілігі туралы әңгіме өрбітті.

Жас депутаттар да халық ара­сында референдумды барынша түсіндіруге атсалысуда. Игорь Плюс­нин мен Сұлтанбек Бекешев кәсіпкерлермен және жалпы қала тұрғындарымен сұхбаттасу мақса­тында орталық базарда болды. Нұрлан Сейдаллин «Үстел тенни­сі» қауымдастығының ұжымымен кездескен.

Көзқарастары қалыптасқан зейнеткерлер де саяси шарадан тыс қалмады. Облыстық арда­герлер кеңесінің мүшелерімен респуб­ликалық штабтың мүшесі, белгілі жазушы, журналист Жа­бал Ерға­лиұлы сұхбаттасты. Бұл бағытта пікірлерін біліп, өз ойын бөлісті.

Ақмолалық штаб офлайн фор­­матпен қатар, креативті онлайн мүмкіндіктерді де кеңінен пайда­ланған екен. 26 мамыр күні өткен «Талқылау» диалог ала­ңын­да Facebook әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде де қатысушылар қарасы көп болды. Ал Іnstagram парақ­ша­сында «Ашық сұхбат алаңы» ай­дары ашылып, онлай режимде кә­сіби маман иелері­нің ақыл-ке­ңестері берілген. Одан бөлек, ТікТок, WhatsApp, YouТube және тағы да басқа қо­сымшаларында да түрлі контент бойынша халықпен байланыс орнатылды.

Солтүстік сабақтастықты қолдайды

«AMANAT» партиясының Сол­түстік Қазақстан облыстық штабы бір ай бойы жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарын қоры­тындылады. Өңірде партияның 15 штабы Конституцияға енгізілетін түзетулерді түсіндіру жұмыста­рымен айналысты.

Штабтың құрамына 329 адам бар. Олар – арасында барлық дең­гейдегі мәслихаттардың депутат­тары, зиялы қоғамдастық өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, мәдениет және спорт қайрат­кер­лері, жастар, Саяси кеңес мүше­ле­рі, қоғамдық пікір көшбасшылары, партияны қолдаушы жергілікті тұрғындар. Өңірде республикалық партия штабының 7 мүшесі, сон­дай-ақ «AMANAT» партиясынан Парламент Мәжілісінің 3 депутаты жұмыс істеді.

болашақ

Бір ай ішінде олар 36 мыңнан астам адамды қамтыған 1 244 кез­десу өткізді. Штаб мүшелері кәсіп­орындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдарына барып, түрлі топтар­дың өкілдерімен, көпбалалы ана­лар­­мен, өзін-өзі жұмыспен қамты­ған азаматтармен, қоныс аудару­шы­­лармен жүздесті, сондай-ақ әр­­бір сайлаушыны қамту үшін ең шал­ғайда орналасқан ауылдарға барды.

Кездесулер барысында тұр­ғын­дар өздерін толғандырған мәсе­лелерді көтерді. Олардың арасында жерді, табиғат ресурстарын пайда­лану, жұмысқа орналасу, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер, зейнет жасын төмендетуге қатысты мәселелер де бар. Тікелей кездесу­лермен қатар онлайн форматта да іс-шаралар өткізілді.

12 мамыр мен 3 маусым аралы­ғында өңірде республикалық пар­тия штабының мүшелері, ҚР Пар­ламенті Мәжілісінің депутаттары Ерлік Тайжанов және Дмитрий Ко­­лода жұмыс жүргізді. Олар об­лыстың барлық аудандары мен Петропавл қаласында 110 кездесу өткізді.

Сондай-ақ кездесулерде ха­лық­тың ұсыныс-тілектері жинал­ды. Бас-аяғы 1800-ден астам ұсы­ныс жиналып, базаға енгізілді.

24-25 мамырда өңірге «AMANAT» партиясының Атқа­рушы хатшысы Асхат Оралов келді. Ол облыс кәсіпорындарына барып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен, партия ардагер­лерімен, шығармашылық интел­лигенция өкілдерімен, партия активімен кездесті.

«Үгіт-насихат кезеңі бастал­ғаннан бері БАҚ-та 70-тен астам кездесу жарияланды. Жалпы, теле­дидарда, интернет басылымдарда, газеттерде 118 материал шықты, соның ішінде теледидарда 52 сюжет, интернет-басылымдарда 28 жария­ланым, газеттерде 38 мақала. 700-ден астам репост орналас­ты­рылды. Партия филиалдары, штаб мүшелері әлеуметтік желілердегі ресми және жеке парақшаларында 1 700-ден астам пост жариялады. Үгіт-насихат жұмыстарына қа­тысқан штабтың барлық мүшеле­рі­не алғыс айтқым келеді. Жұмыс­бастылығына қара­мастан, олар тұрғындармен кездесу­лер­ге уақыт таба білді, енгізілгелі отыр­ған өз­герістерді түсіндірді, кеңес берді, сұрақтарға жауап берді», – деп атап өтті «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы Әсем Рах­­ме­това штаб жұмысын қорытын­ды­лаған жиында.

«Штаб жұмысына алғаш рет араласып отырмын. Маған сенім арт­қандарыңыз үшін алғыс ай­тамын. Бірақ жауапкершілік жүгі ауыр екенін сезіндім. Тұрғын­дар­мен кездесулер өте мазмұнды, әртүрлі мәселелер көтеріледі, қиын сұрақтар қойылады. Әртүрлі аудиторияның ығына жығылып, түрліше жауап беруге тура келді. Тұтастай алғанда, солтүстік­қа­зақ­стандықтар алдағы өзгерістерге дайын әрі сабақтастықты қолдай­тынын білдірді», – деді штаб мү­шесі Мұрат Жәкенов.

Референдум күні дауыс беру ашылған сәттен бастап нәтижелері анықталғанға дейін 638 учаскеде дауыстарды санау кезінде пар­тия­дан 1 900-ден астам өкіл қатысты.

104 жастағы әжей дауыс берді

Референдум жұмысына жұ­мы­ла кірісіп, осынау маңызды оқи­ғадан үлкен үміт күткен өңірлердің бірі Ақтөбе облысы болды. Мұнда 361 мүшесі бар өңірлік қоғамдық штаб бір айға жуық уақыттың ішінде 17 658 адамды қамтыған 586 іс-ша­раның өтуіне мұрындық болды.

Кейбір елді мекендерде жергі­лікті тұрғындар халықтың қамы үшін жасалып жатқан қарекетке көңілі толып, ақпараттық жұмыс тобының мүшелеріне ризашылық білдіріп жатты. Солардың бірі – Бай­ғанин ауданы Жаңажол ауыл­дық округі Оймауыт ауылында тұ­ратын 104 жастағы әжей Тұраш Құдайқұлова. Ол «Ел аман, жұрт тыныш, заман бейбіт болсын» деп ақ батасын беріп, референдумға да қатысып, азаматтық белсенділіктің әдемі үлгісін көрсетті.

Жалпы, Ақтөбе облысында іс-шаралар легі басталғалы рефе­рен­дум бойынша азаматтардан 910 ұсыныс пен өтініш келіп түскен. Ақтөбеліктер әсіресе Президент өкі­леттігі, жер және тіл мәселелері туралы көбірек пікір айтып, идея­лар ұсынған. Сондай-ақ облыс тұр­ғындары зейнет жасын төмен­дету мәселесін де жиі қозғаған. Мәселен, облыстық штаб мүше­ле­рінің ақтөбелік зиялы қауым өкіл­дерімен кездесуі барысында Ғ.Жұбанова атындағы Облыстық филармонияның директоры Елу­бай Кенжалиев бишілердің, өнер ұжымдарындағы үрмелі аспапта ойнайтын музыканттардың зейнет жасын қайта қарау керек екенін айтты.

«45 жастан кейін үрмелі аспап­та ойнау қиын. Музыкалық білім алу, кәсіби маман болу үшін 15 жыл бойы оқып, қысы-жазы демалыс, мереке демей, аз ғана айлықпен жұмыс істеген адамды «енді сен аспапта ойнай алмайсың» деп далаға тастауға бола ма? Олардың зейнеттік демалысқа шығатын жасын төмендету керек», – деді филармония директоры.

Тұрғындар мұндай мәселе­лер­дің алдағы уақытта міндетті түрде ескерілетініне сенеді. Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 517 сай­лау учаскесі жұмыс істеген, оның 162-сі облыс орталығында, 355-сі аудандарда орналасқан.

Табиғат жанашырлары қызу қолдау білдірді

Батыс Қазақстан облысында 325 адамнан тұратын өңірлік штаб жүйелі жұмыс істеп, тұрғындардың саяси оқиғадан тыс қалмауына барынша жағдай жасады. Облыста референдумды қоғамдық қол­дау­дың 14 өңірлік штабы құрылып, онда 325 адам жұмыс істеді.

Штаб мүшелері 70 мыңдай адамды қамтыған 600-ге жуық іс-шара ұйымдастырып, облыс тұр­ғындарына референдум жұмысын түсіндіруде жемісті еңбек атқарды. Насихат барысында ешқандай сала өкілдері тыс қалған жоқ: банктер, базарлар, сауда үйлері, басқа да бизнес нүктелері, квазимем­лекет­тік ұжымдар, кәсіпорындар, шаруа қожалықтары мен ұйымдардағы қызметкерлер, жұмысшылар – бәрі-бәрі референдум туралы ег­жей-тегжейлі мәлімет алып, өзде­рінің азаматтық ұстанымдарын білдірудің қаншалықты маңызды екенін түсінді. «AMANAT» партия­сының өкілдері облыстағы 156 ауыл­дық округтің 90 пайызынан ас­тамын аралап, ауыл тұрғында­ры­ның референдумға қатысты ой-пікірі мен ұсыныстарын тыңдады.

Референдум алдындағы бір ай ішінде азаматтардан 700-ге жуық ұсыныс түскен. Тұрғындар көбіне тілге, жерге, халықтың әл-ауқаты­на, зейнет жасына қатысты ой-пі­кірлерін білдірген. Сондай-ақ батысқазақстандықтар табиғатты қорғау мәселелеріне де ерекше на­зар аударатынын көрсетті. Мы­са­лы, референдумды қолдау жөнін­дегі өңірлік штаб өкілдері облыс­тық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, БҚО Балық инспекциясы, Эколо­гия департаменті, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалы, «Біздің Жа­йық – Наш Урал» қоғамдық ұйы­мы, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарымен өткізген кездесуінде Конститу­ция­ның 6-бабындағы «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануар дүниесі, басқа да та­биғи ресурстар мемлекет менші­гін­де болады» деген тұсы енді «мем­лекет меншігінде» емес, «ха­лыққа тиесілі, халық атынан мен­шік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп редакцияланатыны қызу қолдау тапты.

Облыста Конституциялық ре­ферендумға дауыс беру үшін 505 сайлау бөлімшесі қызмет көрсетті.

Жастар белсенділік танытты

Шығыс Қазақстан облысында референдумды қолдау бойынша құрылған 1 облыстық штаб пен 19 өңірлік штабта «AMANAT» пар­тия­сының 400-ден астам белсендісі жұмыс істеді.

Штаб құрамындағы қоғам бел­сенділері мен Кәсіпкерлер пала­тасы филиалдарының өкілдері өңір тұрғындарын 2022 жылғы 5 маусымдағы бүкілхалықтық ре­ферендумнан тыс қалмауға ша­қыр­ды. Семейде қалалық қоғам­дық штаб кәсіпкерлер, еңбек ұжым­дары және жастармен күн сайын кездесу өткізді.

инфо

Кездесуге қатысушылар жер қой­науына қатысты ұсынылған түзетулерге қызығушылық та­ныт­ты. Атап айтқанда, олар жердің халыққа тиесілі екенін тұрғындар қалай байқайтынын әрі бұл жұмыс қандай құралдардың көмегімен іске асырылатынын талдады. Сон­дай-ақ Семей азаматтары мемле­кеттік тілдің мәртебесін анықтауға қызығушылық танытып, зейнет жасын төмендету тақырыбын көтерді.

Мұнымен қоса, Семей қала­сының қоғамдық кеңесі, қаланың жастар активі, «Северный» сауда-логистикалық орталығының кә­сіп­керлері, Qazaq astyq group ЖШС, «СемАз» ЖШС, ASED ШҚ, «Роза» киіз басу комбинаты» ЖШС, «Ақ ұлпа аналары» ҚБ еңбек ұжымдары, Әлихан Бө­кейхан университетінің профес­сорлық-оқытушылық құрамы, №6 мектеп-гимназиясының еңбек ұжымы, Семей қаласының №18 мектебінің оқушылары, Шүлбі кенті және Новобаженов ауылдық округінің тұрғындарымен кезде­сулер өтті.

Зайсан ауданында да белсенді түсіндіру жұмыстары жүрді. Онда ШҚО Кәсіпкерлер палатасы фи­лиа­лының директоры Қанат Әбді­ғалиев аудан кәсіпкерлерімен, «Қаз­пошта» АҚ аудандық бөлім­ше­сі, Зайсан технологиялық кол­леджі, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебі, аудандық аурухана және орталық кітапхана ұжымда­рымен Конституцияға ұсынылған өзгерістердің жаңа редакциясын талқылады.

Зайсан ауданында 100 сайлау­шыға естелік сыйлық табыс етілді. Дауыс берушілердің арасында жастардың қарасы көп болды.

Шымкенттіктер несие пайызын төмендетуді ұсынды

Шымкентте «AMANAT» пар­тия­сының қалалық филиалы тара­пынан референдумды қолдау жө­ніндегі қоғамдық штаб құрамына қалалық мәслихаттың 24 депутаты, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен партия ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ, білім, спорт, мәдениет саласының қыз­мет­керлерінен тұратын 61 адам енді.

Олар референдумды насихаттау үшін 50 мыңға жуық адамды қам­тыған 352 іс-шара өткізді. Негізгі іс-шаралар елді мекендерде, өнді­ріс орындарында, азаматтар көп шо­ғыр­ланатын демалыс орында­рын­да ұйымдастырылды. Штаб мүшелері тіпті үйді-үйге дейін ара­лап, әрбір қала тұрғынына өзге­рістердің маңызы мен мақсатын түсіндірді.

Кездесу барысында қала тұр­ғындары тарапынан 1 704 ұсыныс пен талап-тілек түскен, бұл – рес­публика бойынша екінші орын­дағы көрсеткіш. Қала халқын, әсі­ресе әйелдердің зейнет жасын қысқарту мәселесі ерекше толған­дырады. Бұдан бөлек, жайылым жер тапшылығы, несие пайызын төмендету, өнеркәсіп орындарын ашу, субсидия алу, агробанк құру төңірегінде ұсыныстар айтылды.

Шымкентте референдум бо­йынша ақпараттық-түсіндіру то­бының жұмысы аясында жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілерде 5 207 жарияланым жарыққа шықты. Осылайша, шымқа­ла­лық­тар ре­ферендумның мән-маңызын бар­лық ақпарат көзі арқылы оқып-білуге мүмкіндік алды.

Айта кетейік, референдум күні Шымкентте барлығы 311 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Онда қала тұрғындарының 78,2 пайызы Конс­титуцияға енгізілетін өзге­рістерді қолдайтынын көрсетті.

Референдумды қолдау штабының ауқымды істері

Ел тарихындағы айшықты оқи­ғаға азаматтардың белсенді қа­тысуын қамтамасыз ету мақсатын­да құрылып, дайындық жұмыс­та­рына белсене атсалысқан тағы бір қоғамдық бастамадағы ұйым – «Қа­зақстан мәслихаттары депутат­тарының бірлестігі» РҚБ баста­ма­сымен құрылған референдумды қоғамдық қолдаудың Республи­ка­лық штабы (РҚШ). Конституция­лық реформалардың негізгі ере­желерін кеңінен түсіндіруге арнал­ған іс-шаралар шеңберінде дүниеге келген штабтың жетекшісі болып бірауыздан РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев сайланды.

Құрылған бергі уақыттан бері РҚШ тек ақпараттық-түсіндіру ғана емес, дөңгелек үстел, кездесу, пікірталас, съезд, кеңес сияқты фор­матта да түрлі жиындар ұйым­дастырды. Мәселен, осы уақыт аралығында референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штабтар рес­публикада 1 миллион 917 мыңнан астам адамды қамти отырып, 15 300-ден астам іс-шара өткізген екен. Соның бірі – 17 мамырда өт­кен «Ассамблея жастары» РҚБ жастарының бастамасымен өткен пікірталас алаңы. Жиынға «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ, облыстық және қалалық мәслихаттардың жас депутаттары, жастар ұйым­да­ры­ның көшбасшылары мен өкіл­дері және тағы басқалар шақыр­тыл­ды. Кез­десу барысында РҚБ төрағасы Ти­мур Жұмырбаев жаңа Қазақстанның идеясы қоғамның ұмтылыстарына жақын екенін, азаматтардың түрлі санаттары ұсын­ған заманауи сұ­ра­ныстарға жа­уап беретінін атап өтті. Бі­рін­шіден, бұл жаңа Қазақ­стан­ның әді­леттілік пен өзара құрмет қағи­даттарына байланысты. Тал­қы­лау аясында жастар көшбас­шы­лары референдум өткізу және консти­ту­циялық реформа жүргізу туралы өз пікірлерімен бөлісті. Жас қазақ­стан­дықтар азаматтық қоғам­ның белсенді бөлігі ретінде мем­ле­кеттің қоғамдық-саяси жүйесіндегі өзекті өзгерістерді және жаңа Қа­зақ­стан­ның идеяларын жүзеге асы­руға жол ашатын жастарға арналған мүмкіндіктерді талқылады.

қадам

Сондай-ақ 18 мамырда Респуб­ликалық қоғамдық қолдау штабы мүшелерінің конституциялық ре­формаларды түсіндіру мәселелері бойынша елордалық зиялы қауым өкілдерімен және мәдениет ұйым­дарының қызметкерлерімен кез­десуі өтті. Кездесуге қатысушылар Конституцияның ел дамуындағы рөлін, сондай-ақ «Жаңа Қазақ­стан­ды» құрудағы конституциялық реформаның маңызын талқылады. Спикерлер дауыс беру белсенділігі алдағы референдумды қалай қол­дай алатыны, сол арқылы елдің одан әрі даму бағытына қалай әсер ететіні туралы пікірлерін білдірді. Кездесуге ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі, «Бас ре­дак­торлар клубы» қоғамдық бір­лестігінің президенті Бибігүл Жек­сенбай төрағалық етті. Жиын­ға «Қазақстан мәслихаттары депу­таттарының бірлестігі» РҚБ, «П­а­расат жолы» республикалық ор­та­лығы, «Астана ақшамы» газеті өкіл­дері және тағы басқалар қа­тысып, заңға енгізілетін негізгі өз­герістер бойынша өз ойларымен бө­лісті. Олар ел тарихындағы ма­ңыз­ды оқиғаға белсенді қатысу-әрбір азаматтың басты борышы, бүгінде Қазақстанның ғана емес, болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт екенін атап өтті.

19 мамыр күні «Қазақстан ма­шина жасаушылар одағы» өңірлік өкілдерімен, машина жасау және металл өңдеу саласы кәсіп­орын­да­рының басшыларымен консти­туциялық реформалар мәселелері бойынша «Жаңа Қазақстан: конс­титуциялық реформалар және әлеу­меттік даму моделін транс­фор­­мациялау» тақырыбында кеңес өткізді. Іс-шараға машина жасау саласындағы 40-тан астам қазақ­стандық кәсіпорындардың басшы­лары шақыртылды. Өз кезегінде, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» Басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов Қазақстанның азаматтық қоғамды плюрализациялауға бағытталған реформалары елдің одан әрі да­муына сөзсіз ықпал ететінін атап өтті. «Қоғамды демократияландыру жолындағы басты міндет демо­кра­тиялық реформаларды одан әрі іл­герілету, елдің табысты экономи­калық, саяси және мәдени дамуы үшін Конституцияны жетілдіру бо­лып табылады», – деді ол. Сон­дай-ақ ҚМЖ басшылығы еңбек ұжымдары арасында Конститу­ция­ға өзгерістер енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және референдумға қатысуды ұсын­ды. Кәсіпорын өкілдері ре­ферендум өткізу идеясын қолдап, осы жаңашылдықтардың барлығы Қазақстан Конституциясына та­бысты енгізілетініне сенім білдірді.

20 мамырда «Ардагерлер ұйы­мы» РҚБ-тың кезектен тыс өткен ІХ съезіне бейнебайланыс арқылы республиканың барлық 17 өңірінен келген делегаттар, зиялы қауым өкіл­дері, ардагерлер мен шақы­рыл­ған қонақтар қатысты. Жиын­да Президент бастамасымен Ата Заңға ұсынылған түзетулерді енгізе отырып өткізілетін референдум шеңберінде бүкілхалықтық дауыс берудің маңызы айтылды. Елдің жиналған ардагерлері Қазақстан Республикасының әрбір азама­тының Конституцияға өзгерістер енгізу туралы өз пікірін айтуға құ­қығы бар екенін мәлімдеп, Қа­зақстан халқын бүкілхалықтық референдумды қолдауға және оған қатысуға шақырды.

Естеріңізде болса, аталған қо­ғамдық штаб құрамына 30-ға жуық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар, шығармашылық зиялы қауым бұ­қаралық ақпарат құралдары, қоғам қайраткерлері, мәслихат депу­тат­тары, мемлекеттік органдардың өкіл­дері, жоғары оқу орын­дары­ның, этномәдени бірлестіктердің және білім беру саласының өкіл­дері кіреді. Олар – «Қазақстанның Аза­маттық Альянсы», «Ардагерлер ұйы­мы», «ҚР Кәсіподақтар феде­ра­циясы», «Ассамблея жастары», «ҚР жоғары оқу орындарының қа­уымдастығы», «Қазақстанның іс­кер әйелдер қауымдастығы», «Тау-кен өндіруші және тау-кен метал­лургия кәсіпорындарының рес­публикалық қауымдастығы», «ҚР Фермерлер қауымдастығы», «Бас редакторлар клубы» және тағы да басқалар. Қоғамдық ұйым­дар­дың ел тарихындағы айшықты оқи­ға барысында белсенді аза­мат­тық позициясын жан-жақты көр­сет­кенін атай кеткен абзал. РҚШ өкіл­дері сондай-ақ өңірлерде де өз жұмысын жандандыра түсті. Өңір жұртшылығының, барлық дең­гей­дегі мәслихат депутаттарының, ре­фе­рендумды қолдау жөніндегі өңір­лік қоғамдық штаб мүше­лері­нің қатысуымен Түркістан, Қос­танай, Атырау, Өскемен қалала­рында өңір­аралық көшпелі оты­рыстар өтті.

Референдум тиісті заңнамаларға сай өтті

Осылайша Тәуелсіз Қазақстан тарихында араға 27 жыл салып ұйымдастырылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу бойынша кезекті референдум да нәтижелі түйінделді. Күні кеше Орталық референдум комиссиясы саяси мәні зор шараның алдын ала нәтижелерін жариялады.

Референдумда сайлаушылар­дың келу көрсеткіші 68,06 пайыз болды. Республикалық рефе­рен­дум туралы Конституциялық Заң­ның 31-бабына сәйкес дауыс беру құқығына ие азаматтардың жар­ты­сынан астамы қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі. Сол се­кілді өзгерістерді қолдап дауыс бер­гендердің саны заңнамада көр­сетілген межеден асып түсті.

«Референдумда қойылған мә­се­ленің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны барлық өңірде дауыс беруге қатысқан­дар­дың 77,18 пайызын немесе 6 мил­лион 163 863 адамды құрады. Осы­лайша, өңірлердің кемінде үштен екісінде қолдау қажеттігі туралы Конституциялық заң талабы сақ­тал­ды. Конституциялық түзету­лер­ге қарсы дауыс берген азамат­тар­дың жалпы саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы немесе 1 490 475 адам болды. Жа­рамсыз деп танылған белгіленбеген үлгідегі бюллетеньдер саны – 206 096. Жауаптардың екі нұсқасы да таңдап алынған, яғни жарамды деп танылған, алайда дауыстарды са­нау кезінде ескерілмейтін бюл­ле­теньдер саны 1,58 пайызы не­месе 125 859 бюллетеньді құ­ра­ды», – деді Орталық референдум комис­сия­сының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Осымен үшінші рет өткізілген жалпыхалықтық референдум ше­телдік байқаушылардың жіті на­зарында болды. Орталық рефе­рен­дум комиссиясында 10 халық­ара­лық ұйымнан, 13 шет мемлекеттің орталық референдум органда­ры­нан 272 байқаушы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тір­келген дипломатиялық корпустан 41 шетелдік байқаушы аккредит­тел­ген екен. Сонымен қатар 200-ден астам шетелдік БАҚ өкілі Қа­зақстандағы мәні зор саяси шара туралы хабар таратты. Дауыс беру күні республика аумағындағы референдум учаскелерінде болған шетелдік байқаушылар да ұйым­дастыру шараларын жоғары баға­лады. Солардың бірі Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымының Бас хат­шы­сы Чжан Мин біздегі рефе­рен­думның тиісті заңнамаларға сай өткенін хабарлады.

«Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы Қазақстан тарапы өзінің та­лаптарын толық орындады деп есеп­тейді. Конституцияға өзге­ріс­тер енгізу туралы референдум ха­лықаралық стандарттар мен Қа­зақ­станның сайлау заңнамасына сай өтті. Референдум барысында ешқандай заң бұзу анықталмады. Біздің миссия Қазақстандағы референдумды ашық әрі әділ, де­мократиялық түрде өтті деп есеп­тейді», – дейді ШЫҰ Бас хатшысы.

Ондағы дауыстардың саны және референдум қатысушы­ла­рының таңдауы жайындағы қоры­тынды мәліметтерді Орталық ре­ферендум комиссиясы алдағы уақытта жариялай жатар. Дегенмен мұнда комиссияның кеше таңер­тең шығарған алдын ала қоры­тын­дысынан анау айтарлықтай өзге­рістер бола аймас. Қазірдің өзінде халықтың талқысына түскен мәсе­лені қолдап, Конституцияға өзге­рістер мен толықтырулар енгізуді құп көретіндердің де саны заңна­мадағы межеден әлдеқайда көп. Демек, еліміздің Ата Заңына өзге­рістер мен толықтырулар енгізі­леді. Ал бұл өзгертулер мен толық­тырулар енгізуді халықтың өзі қызу қолдап отырғанын ескерсек, оның өміршеңдігі күмән туғыз­байды. Осылайша күні бүгінге дейін айтылып келгендей Ата Заң­ның 31 бабына өзгерту мен толық­тырулар енгізіліп, жаңа 2 бап пайда болмақ.

Дайындаған
Шынболат КҮЗЕКБАЙ,
Нұрлан ҚОСАЙ,
Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.