Серпілер сәтің келді, Семей!
Серпілер сәтің келді, Семей!
375
оқылды
Семей облысын қайта қалпына келтіру жөнінде бұрынғы Президентке қанша мәрте хат жазған адамның бірімін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, соңғы жылдары Семейдің де, маңайындағы ауылдардың да азып-тозып кеткені рас. Қаладағы банктің бәрі филиалға айналды. Бір банк өз бетімен жұмыс істей алмай қалды. Тарыдай шашырап, бәрі жан-жаққа көшіп кетті. Семей өз алдына облыс болғанда 420 мың халық болған. Сол халық 270 мыңға дейін азайып, қазір Құдайға шүкір, қайтадан еңсе тіктеп, 320 мыңға жетті. Алаштың рухани астанасы Семей көркеюге, көктеуге тиіс. Тиіс емес, соған лайық. Өйткені Семей – ежелден мәдениет пен өнердің ошағы. Тұңғыш баспа, тұңғыш телефон, тұңғыш театр осында ашылған. Бүгінгі Семей – ең қараңғы, ең лас қала. Инфрақұрылым жоқтың қасы. Кеңес одағы кезінде салынған ескі ғимарат­тар. Жаңа ештеңе салынған жоқ. Тек бір ғана Қарағайлы ықшам ауданы бол­маса. Төрт универ­ситет жабы­лып, бір универ­ситетке айналды. Он алты кол­ледж болған, жар­тысы жабылды. Семей Алашорда кезеңінен Қазақ­стандағы білім­нің ордасы болды. Мұхтар Әуезов, Қаныш, Мар­ғұлан, Жүсіпбек, барлығы осында оқыған. Семейдің жеңіл өнеркәсібі Кеңес одағына мәлім еді. «Болшевичка» фабрикасы, жүн зауыты, тері зауыты шетел­дерге өнім шығаратын. Семейдің ет комбинаты Кеңес одағын етпен қамтамасыз етті. Облыс құрылса, ауыл шаруашылығы қайта гүлденуі керек. Бір ғана Абай ауданында миллионнан артық қой болған. Семейдің мүмкіндігі – ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп. Осы екі салаға мән берілсе, бұрынғы жабылған фабрикалар, зауыттар қайта қалпына келтірілсе, Семей өңірі көтеріліп кетеріне күмән жоқ. Несін жасырайық, Абай облысының құрылатынына ерекше қуанып жатырмыз. Жиырма бес жыл тағатсыздана күткен дүние еді ғой бұл. Абай елі Президенттің бұл шешіміне дән риза. Елдің көңілі серпіліп, еңсесі көтеріліп қалғандай бол­ды. Осындай қуаныш, мерейлі сәт үстінде көңіл түкпірінде жүрген бірер мәселені айтқым келеді. Көп дүние басшыға, оның маңында алқалап жүретін азаматтарға байланысты. Елді тоздыратын да, оздыратын да солар. Жақында ғана Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты екіге бөлінді. Абай облысының 16 депутатының есімін біліп, ес­тен тана жаздадық. Кіл директор. Бір ғалым, мәдениет, өнер қайраткері, заңгер, экономист жоқ. Батырып пікір айтатын­дардың барлығын шығарып тастаған, қол көтеріп, бас шұл­ғып отыратындар ғана қалған. Жаңа облыс болғаннан кейін, оған жаңа әкім тағайындалған соң облыстық, қалалық мәслихат депутаттары қайта сайланса дейміз. Өз пікірін батыл айта алатын, идеясы бар, халыққа жанашыр адамдар келсе деген жана­шыр ой ғой біздікі. Жер­гілікті зиялы қауымның осындай тілегі бар. Президенттің өзі үлгі көрсетіп, партия басшылығынан кетті. Бәрі жаңарады деп жатыр. Депутаттар да, әкімдер де жаңаруы керек. Кешегі өткен референдумның да түпкі мақ­саты сол емес пе? Мұхтар Әуезов айтқандай, Семей қазір жыл келгендей жаңалықты сезініп жатқан жайы бар. Бір кезде одаққа танымал болған «Елім-ай» футбол клубы қайта жаң­ғыра­ды деп естіп, қуанып жа­тырмыз. Біле-білсек, Семей қазақ футболының Отаны болған. Әуезовтің өзі құрамында болды. 100 жылдан астам тарихы бар «Ярыш» футбол командасын кім білмейді? Ұзын сөздің қысқасы, үміт көп, сенім мол. Ендеше, Семейдің серпілер сәті туды деп ойлаймыз. Қуаныш ұзағынан болсын!

Айтмұхамбет БЕЙСЕМБЕКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері