Шымкентте атаулы күнге ерекше ден қойылды
Шымкентте атаулы күнге ерекше ден қойылды
290
оқылды
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер екені белгілі. Сондықтан қазақстандықтардың рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Биыл мемлекеттік рәміздерге 30 жыл толды. Сондықтан елімізде елеулі мереке мемлекеттік рәміз­дердің мерейтойын жоғары деңгей­де атап өту үшін бірқатар іс-шара қолға алынған. Шымкент қаласында да атаулы күнге айрықша ден қойылды. 4 мау­сым – Рәміздер күнінде Мемле­кеттік рәміздерді ұлықтау мақ­сатында Ту ұстаған шерушілер үш топқа бөлініп, қала көшелеріне шеруге шықты. Олар қазақтың үш биінің, яғни Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерінен Туды желбірете ұстап шығып, осынау үш көшені біріктіретін Ордабасы алаңына жиналды. Әуелеген әнмен туды желбірет­кен 30 автокөлік шерушілері Төле би көшесінде жүріп өтсе, 30 вело­спортшы Қазыбек би көшесінен Ордабасы алаңына қарай бет алды. Сондай-ақ Ту көтеріп жаяу жүрген 30 ерікті Әйтеке би көшесінен шығып келе жатты. Осынау әдемі көрініс мерекеге жиналған көп­шіліктің отансүйгіштік рухын оятып, керемет сезімге бөледі. Шерушілер осылайша Мемлекеттік рәміздер еліміздің тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын әрі мемле­кетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақ­тастықтың айқын көрінісі екенін көпшілікке паш етті. Ордабасы алаңына жиналған көпшілік мерекелік шараны Тәуелсіздік саябағында жалғас­тырды. Ұлттық ұлан сарбаздары Мемлекеттік рәміздерді салтанат­пен тұғырға шығарды. Салтанатты жиынға келген­дердің барлығы да қолдарында көк Туымызды ұстап, рәміздерге құрмет көрсетіп жатты. Әсіресе жастар патриоттық ән шырқап, мерекенің көркін қыздырды. Жиынға келген Шымкент қала­сы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мемлекеттік рәміз­дерге қатысты іс-шаралар тек бүгін басталмағанын және бір күнмен шектелмейтінін айтты. «Мем­лекеттік рәміздеріміз күнделікті қоғамдық тіршілікте қолданылып, халықтың рухын оятып, ұлтжан­дылық сезімдеріне серпіліс беретін сондай үлкен құндылық», – деп атап өтті ол. Сонымен бірге мереке­лік іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық маслихат хатшысы Бахадыр На­рым­­бетов және депутаттар мен қо­ғам қайраткерлері, Ауған соғы­сы­ның ардагерлері, еріктілер, бел­сенді жастар қатысты. Тәуелсіздік саябағындағы шара әрмен қарай авто-вело және ту ұстаған салт аттылар шеруіне жал­ғасты. Көк байрақты желбіреткен шерушілер қала көшелерімен жүріп өтіп Бәйдібек би алаңына қарай бет алды. Айта кетейік, еліміздегі үшінші мегаполисте 1700 мемлекеттік мекеме мен заңды құрылымдардың ғимаратында рәміздер көрініс тапқан. Сонымен қатар атаулы күнге орай Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты барлық кітапханаларда оқырман­дармен бірігіп «Рәміздер күні», «Туым менің мақтанышым» атты іс-шаралар ұйымдастырылды. Сон­дай-ақ мегаполисте 30 жылдыққа орай «Үздік іс-шара», «Үздік ролик» және басқа да байқаулар өтті.

Шымкент қаласы