Отбасым – ең үлкен жанкүйерім – Алуа Балқыбекова
Отбасым – ең үлкен жанкүйерім – Алуа Балқыбекова
Жақында Түркияның Ыстанбұл қаласында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге Қазақстаннан 12 спортшы аттанып, әлемнің мықтылары сыналған шаршы алаңда ел намысын қорғады. Қуантарлығы, қыздарымыз құр қайтпады. Бес боксшымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, ел қоржынына 4 қола, 1 күміс медаль салды. Осылайша, жарыста жеңіп алған жүлделер саны бойынша екінші орынды иеленді. Қазақстан құрамасынан әлем чемпио­наты­ның финалында жалғыз боксшы жұды­рық­тасты. Ол – Алуа Балқыбекова. Ақтық сынға дейін шығып, ел абыройын асқақтатқан спортшымен сұхбаттасқан едік. – Алуа, жүлдеңіз құтты болсын! Бұған дейін де талай жарыстарға қатысып, топ жарып жүрсіз. Бұл жолғы әлем чемпионатынан қандай әсермен оралдыңыз? – Рақмет! Бұған дейін бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарында мұндай үлкен жүлдеге жетпеген едім. Екінші рет қа­тысып отырмын. Алғаш 2019 жылы қатысқан едім. Сол кезде бірінші жекпе-жекте өзбек боксшыдан жеңілдім. Содан кейін панде­мияға байланысты ешқандай әлем чем­пионаты болмады. Негізі, әлем чемпионат­тары екі жылда бір рет өтіп тұрады. Бірақ карантин кезінде Азия чемпионаты болды, 2021 жылы. Бұл чемпионат мен үшін маңызды еді, өйткені алдында жеңілген өзбек спортшысы да қатысты. Сол боксшыны жеңіп, мақсатыма жеттім. Ал бұл жолы бір-ақ қадам қалдым. – Финалда түрік боксшысы Айше Чагирир­мен кездестіңіз. Жекпе-жектің нәтижесіне көп көрерменнің көңілі толмады. «Алаң иелері алтынымызды алып қойды» деп наразылық білдірді. Тіпті, спорт басылымдары Қазақ­станның «алтынын ұрлап алғанын», екінші раундта соққы көрсеткіші бойынша сіз алда болғаныңызбен, жоғары ұпай қарсыласыңызға берілгенін ашық жазды. Бұған не айтар едіңіз? – Қарсыласым менен бір бас жоғары болды деп айта алмаймын. Жеңілдім деп ойламаған едім. Екеуміз бірдей жұмыс істедік. Екінші раунд аяқталып, бұрышыма келіп отырғанда, төрешілердің шешімін естіп, таңғалғанымды жасырмаймын. Күтпеген дүние болды. Ал үшінші раундта қарсыласым басым түсті. Бапкерлерім, жанкүйерлер «Сен жеңген едің» деді. Бұдан да жақсы жұмыс істеу керек пе еді деп ойлаймын. – Жарақат алған сияқтысыз. – Иә, шынтағымнан. Екінші айналымда Сербия елінен келген қыз қолымды қайырып жіберген болатын. Сол кезде жарысты тоқтатқызып қоя ма деп алаңдадым. Мұндай жағдайда спортшы өз қалпына келсін деп, төрешілер нокдаун санайды. Жекпе-жекті тоқтата алмайды, бірақ нокдаун ашуға міндетті. Дәрігер тексеріп, ары қарай жалғас­тырдық. Содан кейін жеңіске жеттім. – Бес боксшымен кездестіңіз. Мұндай жарыстарға ешкім осал спортшысын апармай­тыны белгілі. Дегенмен қарсыластарыңыздың ішінен қайсысын ерекше атап өтер едіңіз? – Үндістаннан келген қыз жастар арасында әлем чемпионы болған. Жарыстарда алдыңғы орынды бермей келе жатыр. Бойы да, қолының ұзындығы да менімен бірдей. Жарақат­ алғаным бар, моральдық, физикалық тұрғыдан аздап қиындық болды. Сол қызды жеңсем, жартылай финалға өтемін. Одан жеңілсем, жүлдесіз қаламын. Осыны ойлап, барымды салдым. Техникалық тұрғыда одан сәл басым түсіп, жеңіске жеттім. Алуа Балқыбекова – Қыздарға біраз сын айтылды. Негізі, қандай дайындықпен бардыңыздар? –Менің ойымша, ойдағыдай дайындал­дық. Бұл әлем чемпионаты қараша айында өтуі керек еді. Кейін қарашадан желтоқсанға, одан кейін наурызға ауысты. Содан ары қарай тағы да мамырға сырғыды. Біз осы уақыттарды тек дайындықпен өткіздік. Уақыт өзгере берді, ал біз қай кезде де дайын отырдық. Оқу-жаттығу жиындары барысында Бокс федерациясы және Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан қолдау болды. – Сізді боксқа баулыған кім? Жалпы, қыз­дарға бұл спорт не үшін керек? – Спорттағы қадамымды кикбоксингтен бастадым. Алғашқы бапкерім – Мейербек Ченгельбаев. Қазіргі жеке бапкерім – Долқун­жан Камеков. Бокстан Қазақстан чемпио­натына қатысып көргеннен кейін осы салаға түбегейлі ауысып кеттім. Қазір елімізде әйелдер боксы дамып келе жатыр. Әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері бар. Негізі, боксқа Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова апаларымыз сияқты намысшыл, батыр қыздар келеді. Арамызда тұрмыс құрып, балалы болған спортшылар да бар. Сондықтан еш қиындығы жоқ. Мысалы, Мадина Нұршайыва, Валентина Хальзова­лардың баласы бар. Валентина осы әлем чемпионатында қола медаль алды. Оның алдында 2016 жылы астанада алтын медаль алған болатын. Декреттен соң өз қалпына келіп, жетістікке жетіп жатыр.  – Жеке өміріңіз туралы білгісі келетін жанкүйерлеріңіз де бар. – Бізде жеке өмірге уақыт жоқ десем де болады (күліп). Үнемі оқу-жаттығу жиын­дарында жүреміз. Үйге 4-5 күнге ғана келеміз де, қайтадан басқа жиынға кетеміз. Жарыс­тарға барамыз. Үйге келгенде уақытымды отбасыма арнаймын. – Осы орайда отбасыңыз туралы айтып берсеңіз. Ата-анаңыз боксқа баруыңызға қарсы болмады ма? – Ата-анам қолдады. Отбасым – ең басты жанкүйерім. Анам үлкен жетістіктерімді көргісі келетін. Тараздағы М.Дулати атындағы университетте Экономика және бизнес факультетінің деканы болды. Өмірден өткеніне жақында бір жыл болады. Сол кезде анама әкем мен әпкем қарады, мен көбіне жаттығуда жүретінмін. 2021 жылдың аяғында анамның еміне байланысты Жамбыл облысынан Алматыға көштік. Осындай жағдайды бастан өткердім. – Айтулы додадан жүлдемен оралып, ел мерейін асырдыңыз. Сіздер қатысқан әлем чемпионаты еліміздегі телеарнадан көрсетіліп, отандық БАҚ жетістіктеріңіз туралы жарыса жазды. Оқырмандарымызға қандай тілек айтар едіңіз? – Отандастарымыз тілеуімізді тілеп отырды. Әлеуметтік желілерде, БАҚ бет­терін­де жазып, құттықтады. Жанкүйерлеріміздің қолдауын әрдайым сезіп отырамыз. Бізге сенім артып отырғанда, сол сенімді ақтағымыз келеді. Сондықтан оқырмандарға, жанкүйер­лерге алғысымды білдіремін. Баршаңызға шыдамдылық және шығармашылық табыс тілеймін. – Әңгімеңізге рақмет!